Діннің жастардың санасы мен дүниетанымына әсері
Діннің жастардың санасы мен дүниетанымына әсері
14.09.2022
1606
0

Дін – адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік-мәдени сана. Ал жастар болса қоғамның негізгі қозғаушы күші. Жастардың дінге деген көзқарасы, түсінігі тәрбиеден басталады. Дінге деген көзқарас әр кезеңде әр қоғамда сан алуан болып келген. Ал діни ұстанымдар негізінде қалыптасқан сенім жастардың қоршаған ортамен, басқа адамдармен санасы мен дүниетанымы бойынша қалыптасады.               

Барлық тарихи кезеңдерде жастар қоғамның ең ұтқыр, оқуға, жаңалық енгізуге және реформаларға бейім бөлігі ретінде сипатталғанын бәріміз білеміз. Қазіргі таңда тек білімді, ой-санасы терең, ақыл-ойы дамыған және кәсіби дайындалған жастар ғана сапалық, серпінді және инновациялық дамудың маңызды шарты мен кепілі болатынын, еліміздің болашағын қамтамасыз ете алатынын ешкімге дәлелдеп жатудың қажеті жоқ.

Бүгінде Қазақстандағы 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың үлес салмағы 4,5 миллионнан астам адамды құрайды. Олардың 700 мыңнан астамы – студенттер.

Қазіргі заман жастарына басты қауіп қатер деструктивті діни ағымдар тарапынан болуда. Себебі, діни ағымдар өз қатарына адамдарды, әсіресе жастарды баулап алу үшін, жастардың психологиялық, психикалық жай күйін бақылап, талдау жасау арқылы  қолдарындағы бар мүмкіндікті пайдаланып, ғаламтор желісінде сапалы түрде ақпараттық материалдар жариялайды7

Қазір барлық адамзаттың ғаламтор желісін қолдануы заңдылық. Әсіресе, жастар үлкен буын өкілдеріне қарағанда ғаламтордың мүмкіндіктерін жетік меңгерген. Сондықтан, олардың осындай амалдар арқылы өзіне тартатын деструктивті ағымдардың әсеріне ұшырау қауіпі жоғары.

Сонымен қатар жастардың діни идентификацисының қалыптасуындағы маңызды факторлардың бірі – діни дүниетанымның, сананың қалыптасуы болып табылады.

Діни экстремизм мен терроризмнің кеңінен таралуы осы жағдайдан пайда болып жатады. Олар өмірде әлеуметтік тұрғыда қандай жағдайға ұмтылу керектігін, сол бағдарламаланған мақсаттарды қандай тиімді жолмен іске асыру қажеттілігін, неге қуанып неден қашу керектігін шешеді. Тәжірибесіз жас діни ойындар мен соғыстардың «ойыншысы мен орындаушысына» қалай айналып кеткенін өзі де түсінбей, сезінбей қалады.

Қазіргі таңда қоғамның тұрмыс-салты мен дүниетанымының жүйесі ретіндегі діннің рөлі айтарлықтай өсті. Діннің қоғамдық қатынастарға, қоғам санасының діни компонентін қалыптастыруға ықпал ету әсері күшейіп, кеңейе түсуде. Халықтың әртүрлі топтар өкілдерінің рухани, соның ішінде діни өмір салтына деген қызығушылығы артуда.

Экстремизм мен терроризм идеологтары дінді пайдаланып, діни риториканың ерекше әдістерін қолдана отырып, халықтың белгілі бір топтарының ой-санасына теріс ықпал ете білді. Көп жағдайда әлеуметтік белсенділігімен ерекшеленетін, идеологиялық ықпалға тез түсетін қоғамның ерекше тобы саналатын жастар теріс пиғылды діни насихаттық қызмет үшін ыңғайлы нысанаға айналды. Жас ерекшеліктеріне қарай ізденгіш және білуге құмар болып келетін жастар қылмыс әлемінің, соның ішінде шетелдік және халықаралық субъектілердің тарапынан айлакерлікпен жасалған идеологиялық тұзаққа жиі түсетін болды.

Имамдар, дін қызметкерлері және жалпы дін саласындағы беделді азаматтар жастарды рухани-адамгершілік тұрғысынан тәрбиелеуде елеулі рөл атқарады. Алайда қазіргі уақытта діни білім беру жүйесі бүгінгі күннің талаптарына және жастардың рухани сұраныстарына толық сәйкес келеді деп айта алмаймыз. Кейбір имамдардың ой-пікірлерінің тайыздығын, жастарға үлгі болатын мінез-құлықтарының жоқтығын көріп қынжыламыз. Зәру сұрақтарға жауапты діннен іздеген жастар оларды мешіттерден, дін қызметкерлерінен әрдайым таба бермейді. Кейде жастардың мешітке кіргенде діни қауымның кейбір өкілдерінің пайдакүнем, тәкаппар мінездерін көретіні жасырын емес. Сондай сәттерде, әрине, жастар діни экстремизм идеологтарының қолына оңай түсуі мүмкін, мұндай жағдайлар бұған дейін де орын алған.

Діни ұрандарды жамылып, қолынан кінәсіз жандардың қаны тамған лаңкестер шын мәнінде қаһарман емес. Бетперденің және «мужахид» имиджінің артында адамдарға билік жасау­ды көксеген, баюдың ең арсыз мүдделерін көздеген, махаббат пен имандылықтан жұрдай жүрексіз, кейде тіпті психикасы бұзылған субъект жасырынып тұрады.

Біздің қазақ мәдениеті басқа мәдениеттерден көп қырлылығымен және біртұтастығымен ерекшеленеді. Бұл дегеніміз, біздің ата-бабаларымыздың дін мәселелерінде ақ-қараны айыра білсе де, дінді арнайы салаға немесе өмірдің міндетті бөлігіне айналдырмағанын аңғартады.

Кез келген дін, соның ішінде ислам да адамның білім алуына шектеу қоймайды. Ислам діні ешқашан басқа сенімдерге немесе қоғамның құндылықтары мен дәстүрлеріне қарсы шыққан емес. Қазақтар дінді сыртқы атрибутика ережелері мен шартты жоралар жиынтығы ретінде емес, этникалық мәдениет пен халықтың философиясымен табиғи байланысы бар әмбебап діни ілім ретінде қабылдады.

Бүгінгі жас ұрпақ жастық шақ пен алтын уақытты дұрыс бағалап, білім алуға, кәсіптің белгілі бір саласын игеруге барынша күш жұмсауы қажет. Жастар заманауи техникалық байланыс құралдарының барлық түрін игеріп шығуы тиіс. Діни тұрғыдан алғанда әркімнің өз халқының дәстүрлерін біліп, сақтап, құрметтегені абзал.

 

Б.Өтеген 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ маманы                           

 

0 пікір