Діннің интернет арқылы жастарға әсер етуі
Діннің интернет арқылы жастарға әсер етуі
15.04.2025
391
0

Ақпарат алу құралдары дамыған заманда күн сайын ғаламтор пайдаланушылар саны артып, тіпті интернет әр отбасның күнделiктi тұрмыс пен жұмыстың айнымас құралына айналды. Интернеттің қолжетімділігі соншалықты, тіпті кез келген азамат шалғай ауылда отырып-ақ, қай жерде не болып жатқаны туралы ғаламтор арқылы толық ақпараттар алады. Танымал әлеуметтік желілер қолжетімді қызмет түріне айналды.  Ең бастысы қолыңда мобильді құрал мен интернет желісі аумағында болсаң болды. Бұрынғыдай телевизордан жаңалық қарап, кітап, газет оқып мәлімет іздейтіндердің қарасы азайды. Әрине, қоғамның саяси, әлеуметтік, діни тағы басқа ақпараттарды ғаламтордан іздеуіне интернеттің  тәулік  бойы жұмыс істейтіндігі, мәліметтердің жылдам әрі оңай табылатындығы, артық уақыт пен қаржылай шығынды қажет етпейтіндігі себеп болуда.

«Таяқтың екі ұшы болады» демекші, жастар ғаламторға қатты сенім артып, барлық ақпараттарды интернет кеңістігінен таба алатынына күмән келтірмей, үлкен қатерлерге соқтығады. Расын айту керек, интернет – қоғамның ажырамас бөлігіне айналған сайын жастарымыздың басым көпшілігі теріс діни ағымның жетегіне кету қауіпі үстінде тұр. Бұл аса өзекті мәселе. Экстремистік және террористік ұйымдар ғаламторды өз мақсаттарында пайдалануды үйренген.  Деструктивті діни ағымдардың  жастарды арбау әрекеттері осы ғаламтор ресурстары арқылы, соның ішінде әлеуметтік желілерде жүзеге асырылуда. Олар әлеуметтік желі қолданушылардың әлі қалыптасып үлгермеген санасына тез ықпал ету үшін қолданады. Яғни, олардың негізгі нысанасы әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көзқарасы толық қалыптаспаған жастар екендігі айқын.

 Елімізде жүргізілген социологиялық статистикаға сүйенсек жастардың 70%-ға жуығы өздерінің алғашқы діни сауаттарын әлеуметтік желі арқылы алатыны анықталған.  Деструктивті діни ағымның жетегіне кететіндердің басым көпшілігіне осы әлеуметтік желі тікелей әсер етіп отыр. Яғни, заманауи электрондық бағдарламалық қосымшалар, жаһандық ақпараттық-коммуникациялық желілерін пайдалана отырып, ақпараттық-психологиялық әсер ету арқылы қоғам санасына әсер етуде.

Жат діни ағым өкілдерінің бұрынғыдай көшеде алдыңнан шығып, үй мен үй аралап парақшаларын тықпалайтын әдеттерін баяғыда қойған. Бүгінгі таңда жат діни ұйымдардың негізгі қызмет алаңы – интернет. Деструктивті ағымдар түрлі әдебиеттер мен ақпараттық материалдарды ғаламтор арқылы тарату үстінде. Экстремистік және террористік ұйымдар жеке веб-сайттарын құрумен қатар порталдардағы, әлеуметтік желілердегі парақшаларда  да жұмыс жүргізіп келеді. Жалпы ғаламтор діни білім алудың емес, байланыс құру, хабар алысу, амандасу құралына көбірек ұқсайды.

Мамандардың айтуынша, ДАИШ халықаралық террористік ұйымының жақтаушылары әлеуметтік желілерден 2 миллионға жуық вебсайт, аккаунт ашыпты. Бұл олардың өздеріне қолшоқпар болатын ізбасарларын қай жақтан іздеу керектігін анық білгендігінің белгісі. Бүгінгі Таяу Шығыста орын алып жатқан жағдайлар соның айқын айғағы. Біздің елімізде де жат діни ағымның жeтегінде кеткендердің 88 пайызына әлеуметтік желі мен интернет видеоресурстары әсер еткенін мамандар айтып келеді. Лаңкестік әрекеттeрімен танылған ДАИШ халықаралық террористік ұйымы әлeуметтік медиа және ғаламтордың тeхнологиялық қосымшаларын пайдалану арқылы өзге елдерден келген содырлармен қатарын көбейтті. Әлем бойынша оларға қосылушылардың 80%-дан астамы ғаламтор арқылы арбалғандар. Осындай нәзік мәселелерді жастарымыз әрдайым есте сақтаса деген ниет.

Қазақстан – көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет. Еліміздегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуде діннің алатын орны қашанда ерекше. Бүгінгідей алмағайып заманда экстремистік және террористік ұйымдардың халыққа ақпарат арқылы әсер етуді кеңінен қолдануы олардың қызметінің ажырамас бөлігіне айналды десекте болады. Кез келген деструктивті діни ағым өкілдері өздерінің идеологиясын белсенді түрде насихаттауға, жаңа мүшелерді өз қатарларына тартуға, өз жақтастарын теориялық және практикалық тұрғыдан оқытуға және де өздеріне қарсы шыққан желі қолданушыларына қарсы ақпараттық күрес жүргізуге бағытталады. Сондықтан әлеуметтік желілер арқылы таралып отырған кез-келген діни ақпарат көздеріне қырағалықпен қарау қажет.Кез келген ақпаратты тексермеген жағдайда оқыған ақпараты немесе тасымалдаған материалы  үлкен қасірет алып келуі мүмкін.Сондықтан да дінге қатысты ақпараттарды Қазақстанда тіркелген діни ұйымдардың мекемелерінен немесе олардың ресми сайттарынан алған дұрыс. Әлеуметтік желідегі шетелдік парақшаларға тіркелу, ондағы мәліметтерді өз достарына тарату заң алдында жауапкершілікке алып келу мүмкін. Сондықтан жасөспірімдер діннің сыртқы формасына ғана емес, ішкі мәніне, құрылысына сыни көзбен мән беруі керек.

 

 

 А.Дүйсен

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ-нің

бөлім маманы                                                                                    

 

0 пікір