Діннің ағартушылық қызметі
Діннің ағартушылық қызметі
13.03.2024
750
0

Діннің ағартушылық қызметі ғылым-білімді қолдауға, оған жол ашып отыруға саяды. Ислам дінінде ағартушылық мақсаттың негізгі рольге ие болғанын орта ғасырларда араб елдері мен ислам діні тараған басқа да аймақтарда философия, медицина, эстетика, математика, астрономия тәрізді көптеген ғылым салаларының қауырт дамығанынан аңғаруға болады. Көп ұзамай бұл құбылыс «Ислам Ренессансы» деген атауға ие болды. Омейяд халифаты тұсында «Ғылым үйі» жұмыс істеді, мұнда ғалымдар ежелгі грек ғылымының барлық жетістіктерін араб тіліне аударып, ғылымның ерекше түрі – «фәлсафа» қалыптасты, Еуропада бұл дәстүрді кейін схоластар дамыта бастады. Өскен, өркендеген қоғамға тән сипат – оның руханият дүниесінің бай болуы. Сол қоғамда өмір сүрген мемлекеттің рухани кемелдікке жету жолындағы саналы да сапалы іс-әрекеттері неғұрлым көп болған сайын оның бүгіні ғана емес, болашағы да соғұрлым жарқын бола бермек.

Академик Ғ.Есім діни-ағартушылық бағыттағы ой-сананың қазақ қоғамында төрт бағытта өрбігенін дәлелдейді. Олар:

  1. Діни-ағартушылық ой-сананың қазақ әдебиетінде: фольклорда, жыр-дастандарда яғни ауызша және жазба әдебиеттің барша жанрлары мен үлгілерінде және өнер туындыларында: мазарлар, кесенелер, мешіттер т.б. орын алуы.
  2. Діни-ағартушылық ой-сананың жалпы халыққа білім беру ісімен тікелей байланысты болуы.
  3. Діни-ағартушылық ой-сананың тәрбие ісімен тікелей байланыстылығы.
  4. Діни-ағартушылық ой-сананың құқық мәселесінде кеңінен көрініс табуы.

Діни-ағартушылық ой-сана қазақ қоғамының рухани жағын түгел қамти отырып, ұлттық сананың, идея мен идеологияның қалыптасуына тікелей әсер еткен. Осы діни-ағартушылық бағыттың негізінде қазақ елінде рационалды ойлау жүйесі қалыптасып, дамыған. Оның бастау бұлағы – әл-Фараби, арғы жағы Платон, Аристотель, бергі жағы Абай, Шәкәрімдермен аяқталады. Қазақ халқының көрнекті ақындары: Доспамбет, Қазтуған, Шал ақын, Махамбет, Тұрмағамбет, Жамбыл, Сүйінбай т.б. жыршы-жыраулар шығармашылығы мен дүниетанымы қазақ елінде қалыптасқан діни-ағартушылық ой-сананың табиғи жалғасы болатын.

Діни ағартушылық ағымның бүкіл Шығыста, Орта Азия елдерінде түгел орнағаны, оның терең тарихы қазақ халқының кешегі, бүгінгі өмірінде үлкен маңызға ие. Шынтуайтына келгенде, Қазан төңкерісіне дейін рулық-патриархалдық, феодалдық қоғамды басынан өткерген қазақ елінің алғашқы уақытта большевиктік жүйеге, Кеңестік саясатқа мойынсынбаушылығының бірден-бір себебі де қоғамда берік орнаған мұсылман дінінің қағидаттарының, осыған негізделген діни-ағартушылық ағымның әсер-ықпалында жатыр.

Діни-ағартушы бағытта шығармашылық мүмкіндіктері әртүрлі ақындар еңбек етті. Бірақ шығармасының мазмұны, түрі әрқилы, идеялық көзқарастары сан алуан, шеберлік деңгейі түрліше болғанымен, бұл бағыттағы ақындарға тән бірнеше басты белгілер бар. Бірінші белгісі – бұлар – діни мектептерде оқып мұсылманша білім алған ақын-жазушылар. Олардың орыс оқуымен, орыс жазушыларының шығармаларымен атүсті ғана таныстығы болды. Екіншіден, бұлар – шығыс әдебиетін, оның түрлі әдеби мектептерін жетік біліп, озық үлгілі дәстүрін, көркемдік тәсілдерін өз бойына үйір етіп, өз шығармаларын сол деңгейде жазуға талпынғандар. Үшіншіден, бұлардың көпшілігі ірі медреселерде білім алып, Ташкент,  Бұқара, Қазан, Стамбул сияқты діни орталықтарда болып, ислами әдебиеттің классикалық үлгілерімен танысып, діни ілімнің қыр-сырын меңгергендер.

Діни-ағартушылық бағыттағы ақындар ішінен Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығындағы дүниетаным ерекшелігі зерттеушілер назарын жиі аудартып келеді. Танылған әрбір құбылыстың танымда із қалдырары хақ десек, дінді дендеп білген, өз дәуірінің  озық ойлы рухани тұлғасы болған Шәкәрім  қажының әдеби мұрасынан иман-ислам  тақырыбының көрнекті орын алуы заңды  да. «Ойласам, көрген бейнет, тартқан қайғы болыпты не біреуден не өзімнен» деп, тірліктің мәнін тереңдей ұғынған ақын жырларына жазмышқа мойынсұну, әр істің ғибраты мен хикметін сезінгендіктен заманға шағынбау, таза ақылмен тапқан діннің тағылымынан  туған парасатты көнбістік, ғапылдықтың  салдарын терең ұғынып, уағыз-насихат  пен ақылгөйлік сарынға бейімделу  тән. Сарапшыл, сыншыл, зияткерлік деңгейдегі діндарлық дарыған Шәкәрім өлеңдерінде  Жаратқанға деген жалбарынуды Жарға деген махаббат алмастырған.

 

Қ.Салықбаев 

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру

бөлімінің басшысы

0 пікір