Діни сауаттылық – рухани имунитет
Діни сауаттылық – рухани имунитет
27.11.2025
569
0

Қазіргі заманда адам санасына ықпал ететін ақпарат кеңістігі орасан зор. Әсіресе, дінге қатысты түрлі көзқарастар, пікірлер мен идеялар интернет пен әлеуметтік желілер арқылы оңай таралып жатыр. Мұндай жағдайда халықтың, әсіресе жастардың діни сауаттылығы жоғары болуы – олардың рухани иммунитетінің қалыптасуына тікелей әсер етеді. Соның арқасында дұрыс әрі терең білімге ие болмаған адам оңай адасып, жат ағымдардың ықпалына түсуі мүмкін. Сондықтан әрбір адамның, әсіресе жас буынның діни түсінігін нығайту – еліміздің тұрақтылығы мен бірлігі үшін аса маңызды міндет. Діни сауаттылық рухани тұрақтылық пен сенімділік кепілі ретінде қоғамда қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Діни сауаттылық дегеніміз – адамның діни ілімді дұрыс түсініп, оны өмірде сауатты қолдана білуі. Бұл – адамның дінді терең түсініп, оның түп мақсатын ұғына білу қабілеті. Діни сауаты бар адам шынайы дін мен жалған ағымның айырмасын ажырата алады, теріс бағыттағы үгіт-насихатқа ермейді, жат идеологияның жетегіне түспейді.Діни сауаттылық - рухани иммунитеттің негізі. Ол адамды теріс ағымдардан, радикалды идеологиялардан, адасудан қорғайды. Сол себепті жастар мен барша азаматтар арасында діни сауаттылықты арттыру – қоғамның тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздіктің кепілі болып саналады.

Қазақстан – зайырлылық қағидатын ұстанатын мемлекет болғанымен, халқымыздың басым бөлігі ислам дінін ұстанады. Осыған байланысты исламды терең әрі дұрыс ұғыну – ұлттың рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі болып саналады. 

Соңғы жылдары түрлі діни радикалды көзқарастар мен деструктивті бағыттардың белсенділігі күрт артып, олар қоғам үшін үлкен қатер көзіне айналып отыр. Бұл топтар халықтың діни сауатының төмендігін пайдаланып, дәстүрлі емес идеологияларды тықпалауда. 

Мұндай идeологиялық қауіптен қорғанудың ең пәрменді жолы – рухани иммунитетті қалыптастыру, яғни діни біліммен және сыни ойлауға негізделген сананы орнықтыру.

Бұл бағыттағы жұмыс – тек дін қызметкерлерінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Имамдар мешіттерде дәстүрлі ислам құндылықтарын жүйелі түрде насихаттауы керек. Ұстаздар мектептер мен жоғары оқу орындарында имандылық, адамгершілік, сабыр, төзім мен төзімділік (толеранттылық) сынды ізгі қасиеттерді жастардың бойына сіңіруі қажет. 

Ата-аналар болса, баланы ең бірінші отбасында тәрбиелейтінін түсініп, оларға рухани бағыт-бағдар беруге бар күшін салуы тиіс. Ақпарат құралдары да бұл істен шет қалмай, діни ағарту бағытында сауатты әрі оңтайлы ақпарат таратуы – уақыт талабы.

Қорытындылай келе, діни сауаттылық – бұл тек қана білімнің жинағы емес, ол адамның рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ететін берік қорғаны болып табылады. Бұл – адасушылық пен теріс идеологиялардың қолтығынан сақтайтын шамшырақ, жүрегімізді жарыққа бөлейтін шам. Қазіргі таңда түрлі ақпарат пен пікірлердің ағыны арасында адасып қалмау үшін, әрбір азамат өзіне, өз отбасы мен бүкіл қоғамға деген жауапкершілікті түсініп, ең алдымен діни сауаттылықты арттыруға көңіл бөлуі тиіс. 

Діни білімді дұрыс меңгерген адам – өз наным-сенімін терең түсінетін, шынайы дін мен жалған ағымдарды айыра білетін, теріс пиғылды үгіт-насихатқа жол бермейтін кісіден кем емес. Мұндай адам өз рухани әлемін бекем ұстап, қоғамдағы тыныштық пен бірлікті нығайтуға өз үлесін қосады. Сондықтан, діни сауаттылықтың өсуі – бұл тек жеке тұлғаның ғана емес, жалпы елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығының кепілі. 

Әрбір азаматтың діни сауаттылығын арттыру арқылы біз қоғамдағы жат ағымдарға қарсы тұра аламыз, отбасы құндылықтарын сақтап, жастарды дұрыс жолға бағыттай аламыз. Себебі білімді және саналы адам – әрқашан қауіпсіз қоғамның тірегі әрі тұрақтылықтың негізі болып табылады. Осылайша, діни сауаттылық – ұлттық рухани иммунитетіміздің басты құрамдасы, елдің болашағын жарқын етуге бағытталған маңызды фактор.

 

Б.Абдрахман

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                                       

0 пікір