Діни сауаттылық – радикалды ағымға қарсы тұрудың жолы
Діни сауаттылық – радикалды ағымға қарсы тұрудың жолы
04.03.2026
48
0

XXI ғасыр – ақпарат пен идеологиялар қақтығысқан дәуір. Ғылым мен технология дамыған сайын қоғамда рухани ізденіс те күшейе түсті. Осы ізденісті өз мүддесіне пайдаланатын радикалды және экстремистік діни ағымдар да белсенді әрекет етуде. Олар дінді бейбітшілік пен адамгершіліктің қайнар көзі ретінде емес, саяси, идеологиялық, тіпті зорлықшыл құрал ретінде қолдануға тырысады. Мұндай жағдайда қоғамды қорғаудың ең сенімді қалқаны – діни сауаттылық.

Діни сауаттылық – тек діндар адамдарға ғана қажет ұғым емес. Ол – зайырлы қоғамда өмір сүретін әрбір азамат үшін маңызды әлеуметтік әрі мәдени иммунитет. Себебі діни білімнің жоқтығы немесе үстірт болуы адамды радикалды идеяларға осал етеді

Діни сауаттылық дегеніміз – белгілі бір діннің негізгі сенім жүйесін, құндылықтарын, тарихи даму жолын, құқықтық және этикалық қағидаларын дұрыс әрі тұтас түсіну. Бұл тек ғибадат түрлерін білу емес, дінді контекстімен, мақсатымен, адамзатқа бағытталған гуманистік миссиясымен қабылдау.

Нағыз діни сауатты адам діни мәтінді өз бетінше жорамалдамайды керісінше ғалымдардың ижтиһадына, мазһабтық мектептерге сүйенеді және дінді эмоциямен емес, ақылмен түсінеді, дін мен саясатты, дін мен зорлықты шатастырмайды. Ал радикалды ағымдардың басты мақсаты – осы тұтастықты бұзу. Олар дінді фрагменттеп, бір-екі аят немесе хадиске сүйеніп, шынайы исламға мүлде жат тұжырымдар ұсынады.

Радикалды ағымдардың басты ерекшелігі – төзімсіздік пен бөлінушілік. Олар қоғамды «біз» және «олар» деп жіктеп, өздеріне қосылмағандарды кәпір, адасушы деп жариялайды. Мұндай ұстаным ислам дінінің негізгі принциптеріне – әділдікке, мейірімге, сабыр мен бейбітшілікке мүлде қайшы. Ислам тарихында білім мен ақылға, ғылым мен өркениетке ерекше мән берілген. Сондықтан діни сауаттылық – радикализмнің идеологиялық негізін әлсірететін басты құрал.

Бүгінгі таңда радикалды топтар интернет пен әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады. Әсіресе жастарды таргеттеп, олардың рухани ізденісін, әділетке ұмтылысын өз мақсаттарына бұрып әкетуге тырысады. Діни сауатты жас мұндай ақпаратты сыни тұрғыда қабылдай алады, дереккөзді тексереді, сенімді ғалымдар мен ресми діни институттардың пікіріне жүгінеді. Ал діни білімі жоқ адам эмоцияға беріліп, жалған «жиһад», «шәһидтік» ұғымдарының құрбаны болуы мүмкін.

Қазақстан секілді көпконфессиялы және көпұлтты қоғамда діни сауаттылықтың маңызы одан сайын арта түседі. Діннің мемлекеттен бөлінгенін, заң үстемдігін, қоғамдағы бейбіт қатар өмір сүру қағидаларын түсіну – тұрақтылықтың кепілі. Бұл тұрғыда мешіттердегі ағартушылық уағыздар, мектеп пен жоғары оқу орындарындағы дінтану сабақтары, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы берілетін сапалы діни контент шешуші рөл атқарады.

Сонымен қатар, дәстүрлі дін мен ұлттық құндылықтардың сабақтастығын көрсету де радикализмге қарсы тиімді тәсіл. Қазақ қоғамында ислам әрдайым салт-дәстүрмен, әдет-ғұрыппен үйлесім тапқан. Ал радикалды ағымдар осы үйлесімді жоққа шығарып, қоғамды түбегейлі өзгертуге ұмтылады. Діни сауаттылық осы айырмашылықты айқын көрсетіп береді.

Қорытындылай айтқанда, радикалды ағымдарға қарсы күрес тек күштік немесе тыйым салу шараларымен шектелмеуі тиіс. Ең бастысы – адамның санасына әсер ету, дұрыс діни білім беру. Діни сауаттылық – қоғамның иммунитеті. Ол адамдарды адасудан сақтап, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтады. Сондықтан діни ағарту – бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың да стратегиялық міндеті.

 

 Д.Зиябек     

           

Туркістан облысы дін істері баскармасы                                          

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                                              

 

0 пікір