Білім алу – құндылығы өшпейтін, құны алтынға бергісіз өміршең қағида. Адамзат тарихына зер сала қарар болсақ, қашан да білімділердің аты осы күнге дейін өшпей өзіндік орнын тауып келеді. Осы күнгі озық технологиялардыңда қарыштап дамуына тек біліммен ғана қол жеткізіп отырғаны мәлім. Адамзат баласы білімді болудың арқасында аспан есіктерін тауып, адам аяғы тимеген айға табан тіреуде. Ақыл – тозбайтын тон, білім сарқылмайтын – қазына деген нақыл сөз осының айғағы іспетті. М.Әуезовтың тілімен айтқанда «Ел мен елді, адам мен адамды теңестірер нәрсе – білім».
Қазіргі таңда есітіп жатамыз «ғылыми яғни дүнияуи білімді алудың
керегі қанша? Бәрібірде ақыретте құлшылық, ғибадатымыздан сұраламыз» дегендей сөздерді. Ия рас, ақырет әлемінде әуелі құлшылығыңнан, сұралатындығың ақиқат. Бірақ, осылай екен деп дінді ғана оқып, құлшылықпен ғана айналысып ғылымды ысырып қоюға әсте болмаса керекті. Себебі Құран Кәрімде және хадис шәрифтерге ден қояр болсақ жоғарыда айтып өткендей дүниелік білімнің не керегі бар? деген жандардың сөзі жаңсақ пікірде жүргендігіне көз жеткіземіз. Құран кәрімнің алғашқы аяты Алақ сүресіде «Оқы!» «Сені жаратқан Раббыңның атымен Оқы!» деп білім алуға шақырумен басталады. Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) хадис шарифінде «Білім алу, тал бесіктен, жер бесікке дейін» - деп, оқуға, ғылым үйренуге жол нұсқайды. Осы жолды ұстанған алдыңғы дәуірлерде өмір сүрген мұсылмандар ислам дінін бүкіл әлемге білімнің, ғылымның діні ретінде танытты. Олай дейтініміз ислам келмей тұрып Еуропа қандай болды, ислам келгеннен кейінгі Еуропа қандай болды. Ғылымның өркен жаюымен Ренессанс дәуірі деген атақта алды. Тіпті ислам діні келмей тұрып жаһилият дәуірі деген жаман атты алған Араб түбегінде адамның құқықтары сақтала бастады. Әсіресе қоғамдағы әйел адамның құқығын алып берді. Яғни алғашқы заң жобасы қалыптаса бастады.
Зүмәр сүресінің 9 аятындағы «білетіндер мен білмейтіндер теңбе?» - деп келетін аят жолдарының өзі білім алу шақырып тұр. Ал қоғамда жаппай сауатсыздық жайласа оның арты түрлі қылмысқа, бейберекетсіздікке алып келетіні ақиқат. Себебі оқымаған, білім алмаған адам қылмысқа, кім не айтса соған иланғыш, сенгіш келеді. Құран Кәрім аяттарында ақылға салмайсыңдарма, ойланбайсыңдарма, деп бірнеше жерде ақылға салу туралы аяттар келеді.
Соңғы жылдары теріс діни бағытты ұстанушы азаматтардың жақын туыстары ауырып хәл үстінде жатқанда емделуден, алғашқы көмек алудан бас тартып «ауруды берген Алла, шипасында береді» деп қол қусырып, орны толмас өкінішке алып келіп жатқаны қазіргі қоғамда болып жатқан құбылыс. Бірақ дін осыған шақырама?! Жоқ, әсте ислам діні бұл нәрсеге шақырмаса керекті. Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) хадис шәрифінде былай дейді: «Алла Тағала ауруды да, оның дауасында берген. Әрбір ауруға бір дауа берген. Олай болса емделіңдер» - деп бұйырады. Еуропа оба мен шешектен қырылып жатқанда шығыста аты күллі әлемге мәшһүр болған Ибн Синаның мұндай ауруларды емдеп жатты. Тіпті «Шифа» атты іргелі шипагерлік кітабы Еуропа кітапханаларында 600 жылдай өзінің құндылығын жоғалтпай оқытылды. Яғни алма піс, аузыма түс деп отыру мұсылманға жараспас іс.
Қазіргі қоғамда ащы да болса болып жатқан оқиғаның бірі өздерін мұсылман санап қыз балаларын мектеп бітіре салысымен ЖОО оқуына қарсы болып тұрмысқа беріп жіберулері. Әрине өз баласы болған соң өзі білер. Бірақ, бұл дегеніміз бір адамның оқуына, өмірді жан-жақты танып білуіне кедергі жасауда. Ал осы турасында Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) хадисінде: «Білім алу әрбір мұсылман еркекке де, әйелгеде парыз» - деген екен. Дінді бір жақты түсініп алып тек меніңкі дұрыс деген ойдан аулақ болған жөн. Сириядағы қақтығыс аймақтарына жиһад ұранымен кейбір намазхан бауырлардың алданып кетуіне де осы білімсіздік кінәлі. Себебі «жиһад» дегенді тек кәпірлерге қарсы соғысу деп түсінген. Ал шындығында жиһад дегеніміз тек өз нәпсіңмен күресу ғана екендігін білмеген. Ал жиһад жариялау үшін ел басшысы және муфтидің пәтуәсімен ғана болатыны ойына да кіріп шықпаған.
Соңғы уақыттары дінде жүрген, өздерін мұсылманбыз деп жүрген көптеген бауырларымыздың сөзіне қарап тұрсаң «жер тегіс, жер күнді емес, күн жерді айналады» - деп ұстаздарымыз айтқан деген секілді сөздерді естіп жатамыз. Ал шындығында дін қалай дейді бұл туралы. Бұл мәселеде ислам келмей тұрып ежелгі грек философтары Пифагор, Аристотель сияқты ойшылдар жердің домалақ екендігін айтып кеткен болатын. Бертін келе астрономия ғылымына байланысты 45-жуық іргелі ғылыми еңбек жазған әл-Бируни математикалық жолмен есептеп жердің домалақ шар тәріздес екенін айтып кеткен болатын. Кейін келе 500 жыл өткен соң италиян ғалымы Г.Галилей арнайы аспаптың көмегімен жердің формасы домалақ деген шешімге келген. Осы тұста мұсылмандардың жолбасшы кітабы Құран Кәрімнің Назиғат сүресінің 30 аятында: «Одан соң жерді түйеқұстың жұмыртқасына сияқты етті» - дейді. Яғни жердің формасы домалақ шар тәріздес деген сөз. Бұл бір талқылауды, пікірталасуды қажет етпейтін мәселе еді. Бірақ та жер домалақ болатын болса, ақыры жер айналатын болса неге кеш батқан кезде біз аспаннан салбырап қалмаймыз деп жүргенде баршылық арамызда. Яғни бұл намазхан, мұсылман бауырларымыздың тек дінде ғана емес ғылымнан да мақұрым қалғандығының көрінісі.
Қорытындылай келе айтпақшы болғанымыз мұсылман адам дін мен ғылымды қатар алып жүруі қажет. Жоқ, маған дүниелік ғылымды үйреніп не керек, бәрібір де ақыретте пайдасы жоқ деген пікірден алыс жүрген абзал. Қазіргі ғылым саласында пәндік оқуларды (математика, география, биология, психология, социология) мұсылман ғалымдары алғаш болып ашып, зерттеп белгілі бір ғылым саласы ретінде дамытты. Бірақ, сол заманда қатар өмір сүрген дін ғұламалары оларды діннен шықтың, ширк, бидғат деп айыптамады. Тіпті Орта Азиядағы медреселерде де аты аталған пәндер шариғат заңымен қатар оқытылғандығы ақиқат. Қазіргі күнде атын ардақтап жүрген Алаш арыстары да сол медреселерде оқып, шариғат заңымен қоса дүниелік ғылымды да қатар меңгеріп шығып халыққа қызмет еткені, сол мектеп оқулықтарынан белгілі.
Қазіргі ғылымның әр-түрлі саласында қолданылып жүрген көптеген технологиялар Құран Кәрімде ишара түрінде айтылған. Мәселен доктилоскопия, аспанның жеті қабаттан тұратынын, болашақта адам баласының ғарышты бағындыратындығы жайында ишаралар білдірілген. Ең бастысы Құран «Оқы» деп басталды. Қазіргі таңда да оқу, білім, ғылым сөздері өзінің құндылығын жоймай келеді. Ғылымның әртүрлі салаларында адам игілігі үшін күн сайын жаңалықтар ашылуда. Алла Тағала Құран Кәрімнің аяттарында «ойланбайсыңдарма, ақыл иелері үшін жаратылыстарда ғибраттар бар» - деп адамзатты білім-ғылымға шақыруда. Ат үстінде жүріп, ұлан байтақ даланы қорғап, осы күнге мирас еткен бабаларымызда білімді бірінші орынға қоя білген. Кезінде Жиренше шешен Әз-Жәнібектің не өлмейді? деген сұрағына:
Ғалымның аты өлмейді,
Жазған хаты өлмейді деген екен.
Хакім Абай өзінің жиырма бесінші қара сөзінде «..... Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма!...» деп жалпы қазақты оқуға, білім алуға үндейді. Қазақтың ағартушы ұстазы Ы.Алтынсарин атамызда өзінің өлең жолдарын:
Бір Аллаға сыйынып,
Кел балалар оқылық деп – қазақ балаларына хрестоматия жазып, тек білім беруге, әріп танытуға ұмтылған. Яғни, тек мұхтасар ғылымхал немесе фикһ, хадис ілімін оқытпаған. Замана көшінен қалмай, алға ілгерілеу үшін – әуелі, білмек, танымақ керек. Білім қашан да болмасын ізгілік пен парасаттылықтың символы ретінде қала берері сөзсіз.
Қ.Қосмаханов
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін Мәселелерін Зерттеу Орталығы» КММ-нің
теолог маманы
Діни сауаттылық қоғам қауіпсіздігінің кепілі