Дүниежүзінде 200 ден астам мемлекет бар. Соның ішінде, 113 мемлекет өзін зайырлы ел деп жариялаған. Зайырлы мемлекеттің ішінде Қазақстан еліде бар. Конституцияның 1-бабында ҚР өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде орнықтырады. Сонымен қатар, Ата заңымызда әрбір адамның діни сенім бостандығына кепілдік береді және конфессиялық, этникалық және басқа да белгілері бойынша кемсітушіліктің кез келген түріне тыйым салады. Дегенменде, дін мемлекеттен бейтарап саналғанымен, дін мемлекет тіректерінің бірі – рухани тірегі болып қала береді. Елімізде кейбір жат ағым өкілдері әлеуметтік желіде оңды-солды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатқандығы белгілі. Сондай-ақ, ата-бабамыздан мирас болып қалған дәстүрлі ислам дінінеде қарсы насихаттар жүргізілуде. Осы орайда, ұлтымыздың келешек болмысына, ата дініміздің бекіп өркендеуіне кері әсерін тигізіп жатқандығы ақиқат.
Жат ағымның жетегіне кетпес үшін не істеген дұрыс. Адам өзінің діни сауаттылығын арттыру арқылы қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптасып, кемелдену құбылысы жүзеге асады. Сондықтан діни сауаттылығы бар адам кез келген жат ағымның немесе дәстүрлі ислам дінінің қайшы көзқарасына алданбайтыны ақиқат.
Ендігі кезекте қандайда бір жат ағымның жетегіне кетпес үшін мына дүниелерге назар аударған жөн. Біріншіден жастардың діни сауаттылығын арттыру және отбасында бала тәрбиесіне көңіл бөлу қажет. Сонымен қатар, үлкен ақсақал мен әжелердің қазақ дәстүрлерін үнемі дәріптеп отса нұр үстіне нұр болары анық. Сол кезде, қандайда бір ағымның жетегіне немесе дәстүрлі ислам дініне қарсы насихат жүргізбесі анық.
Қазіргі уақытта проблемалар қатарында дін жолында жүрген адасушылар өз алдына бір топты құрап жатыр. Көпшілігі дінге жақсы жолмен келгенімен үйретуші адам дұрыс болмай, өзге ағымның жетегіне кетуі оңай болып жатыр. Елімізде сунниттік бағыттағы Ханафи мазхабы мен Матуруди ақидасын ұстанады. Бұл мазхаб ата-бабамыздан ұстанып келе жатқан мазхаб әрі қазақ халқының дәстүрімен сабақтасып жатыр. Қазақ жерінде дәстүрлі ислам ұлттық мәдениетіміздің қалыптасыуна зор үлес қосып, халықтың күнделікті салт-дәстүріне терең сіңіп кеткен.
Жоғарыда келтіргендей бірінші жастардың діни сауаттылығына баса назар аударғанымыз жөн. Осы орайда, жастардың діни білім алам деуші талапкерлерге біршама жағдайлар жасалған. Мәселен, Нұр-Мүбарак ислам мәдениеті жоғарғы оқу орны бар. Одан бөлек, еліміздің әр өңірінде 9 медресе колледжіде діни әрі зайырлы сипатта оқытып жатыр. Жоғарғы немесе арнаулы діни оқу орындарында оқуы мүмкін болмаса, жергілікті мешіттердің жанынан сауат ашу курстары жұмыс істеуде. Еліміздің кейбір жоғарғы оқу орындарында дінтану, исламтану мамандықтарына арнайы гранттар бөлінген. Сонымен қатар, бакалавр, магистратура, докторантура деңгейінде білім алуға жағдайлар жасалған. Отандық дін мамандары мен зерттеушілер де дін бағытында үздіксіз жұмыстар жасап, кітаптар жазып шығуда. Бұлардың барлығы дінге қызыққан жастардың толықтай білім алып, теріс ағымға қосылып кетпеуіне ыңғайлы жағдай жасау.
Шетелде болып жатқан түрлі келеңсіз оқиғаларда еліміздің діни ахуалына өз әсерін тигізері анық. Неше алуан ағымға бөлінуіне байланысты, біздің елімізде де ұқсас ағымдар пайда болары анық. Дінді таратуда шетелде дайындалған барлық жаңа әдістер еліміздеде көрініс табуы әбден мүмкін. Қазіргі жаһанданған ғаламтор заманында оның бәрін бақылап отыру үлкен күшті қажет етеді. Шетелде отырып салынған әртүрлі діни матералдар өз кезегінде діни білімі төмен адамдарға кері әсерін тигізбей қоймайды. Сол себепті, әлеуметтік желіде еліміздің дін мамандары әртүрлі діни ситуацияға байланысты белсенді түрде жұмыс атқаруы қажет.
Қорыта келе, діни сауаттылыққа баса назар аударып, теріс ағым өкілдерінің алдын алу үшін түрлі мақсатта жұмыстар атқару керек. Сонымен қатар, жоғарыда айтылғандай қазақ халқының дәстүрін әрдайым дәріптеп, отбасылық тәрбиеге көңіл бөлгеніміз жөн. Діни сауаттылыққа күш салып, дінге қызыққан жастарды еліміздегі діни оқу орындарында оқытқанымыз абзал. Еліміздегі барлық жастардың діни сауаттылығын арттырған кезде ғана ешқандай діни ағымның жетегіне кетпейтіні анық.
Н.Әмзеев
«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»
бөлімінің маманы
Діни сауаттылық
