Діни қызметкерлердің жастарға әсері
Діни қызметкерлердің жастарға әсері
06.02.2025
614
0

    Қазіргі қоғамда жастардың тәрбиесі маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Әрбір ұрпақтың болашағы мен ұстанымдары қоғамның рухани әрі моральдық деңгейін көрсетеді. Сол себепті жастарды тәрбиелеу жұмысы ұлттың болашағына тікелей әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, діни қызметкерлердің жастар тәрбиесіндегі рөлі ерекше. Олар тек діни білім берумен шектелмей, жастардың рухани, моральдық және әлеуметтік дамуына үлкен ықпал етеді.

    Діни қызметкерлер жастарға адамгершілік құндылықтарын, әділеттілік, адалдық, мейірімділік, шыдамдылық және басқаларға құрмет көрсету сияқты маңызды ұстанымдарды үйретеді. Алла мен пайғамбардың жолына бағынып, өмір сүрген адамдардың тәжірибесі мен мысалдары жастарға дұрыс жолды көрсетудің тиімді тәсілі болып табылады. Мұндай моральдық бағыт-бағдар беру жастардың дұрыс таңдаулар жасауына, келешекте жақсы азамат болып қалыптасуына көмектеседі.

    Діни қызметкерлердің жастар тәрбиесіндегі екінші маңызды рөлі - діни білім беру. Қазіргі заманда жастардың діни сауаттылығы қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі үшін аса маңызды болып табылады. Өйткені, дұрыс діни білім алу арқылы жастардың өмірлік ұстанымдары мен моральдық құндылықтары қалыптасады. Исламдағы негізгі қағидаттарды терең түсіну, діни білім мен ғылымның тереңдігіне бойлау - жастарды адасушылықтан және теріс идеологиялардан сақтайтын күш.

    Құран мен хадистерді дұрыс түсіну арқылы, жастар исламның шынайы рухын ұғынып, радикалды ағымдар мен экстремистік идеялардан қорғанады. Өкінішке орай, бүгінгі күні экстремизм мен радикализмді уағыздайтын топтар жас ұрпақтың санасын тұмшалап, теріс бағытқа тартуға тырысады. Осы орайда, діни қызметкерлер жастарға исламның бейбітшілік, сүйіспеншілік, төзімділік және әділеттілік ұстанымдарын түсіндіру арқылы, оларға шынайы исламды жеткізуде шешуші рөл атқарады.

   Сондай-ақ жастарға тек діни рәсімдер мен ғибадаттарды үйрету ғана емес, исламның рухани және адамгершілік құндылықтарын түсіндіру де маңызды. Олар жастарға діннің бейбітшілікке, өзара құрметке және қоғамдағы үйлесімділікке шақыратындығын ұғындырады. Бұл өз кезегінде экстремистік ойлар мен радикалды көзқарастардың таралуына тосқауыл болады. Қасиетті Құран Кәрімнің фатх сүресінің 28-ші аятында: «Егер сендер Алланың жолына дұрыстап ұстанатын болсаңдар, онда сендерге бейбітшілік пен тыныштықтың құшағын береді».Осылайша, жастарға тек дәстүрлі діни білім ғана емес, сонымен бірге діни экстремизм мен радикализмнің зиянды тұстарын түсіндіру қажет.

    Діни білім беру, ең алдымен, терең білім мен дұрыс түсінікке негізделген болуы тиіс. Бұл жерде маңыздысы жастардың дін туралы сауаттылығын арттырып, олардың дұрыс бағытта өсуіне, ішкі үйлесімділік пен сенімділікті қалыптастыруға ықпал ету. Діни қызметкерлер жастардың діни сауатын ашып, олардың теріс ағымдар мен экстремистік идеологиялардың құрығына түсіп кетпеуін қамтамасыз ету үшін үнемі жұмыс жасауы керек.

    Қазіргі қоғамда діни қызметкерлердің жастар тәрбиесіндегі рөлі өте маңызды және көпқырлы. Олар жастарға рухани бағыт-бағдар беру, діни сауаттылықты арттыру, әлеуметтік жауапкершілікті тәрбиелеу, жеке тұлғалық дамуына көмек көрсету, дәстүр мен мәдениетті ұстануға үйрету, сондай-ақ экстремизмнен сақтандыру бойынша үлкен жұмыс атқарады. Жастардың дұрыс тәрбиеленуі және моральдық құндылықтарды сақтауы қоғамның тұрақты дамуына және болашақта жақсы азаматтардың қалыптасуына негіз болады. Діни қызметкерлердің бұл жұмысы қоғамдағы рухани және әлеуметтік ахуалдың жақсаруына ықпал етед

 

Н.Әбухан

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы                                     

 

0 пікір