Адамзат тарихында дін әрдайым маңызды рөл атқарып келген. Ол – тек сенім емес, сонымен қатар адам болмысының, өмірлік ұстанымдарының, құндылықтарының, мәдениетінің ажырамас бір бөлігі. Дін арқылы адам өзіне де, өзгеге де жауапкершілікпен қарай бастайды. Адамның жүрегіндегі сенім – оның іс-әрекетінің, сөйлеу мәнерінің, өмірге деген көзқарасының негізгі қайнар көзіне айналады. Алайда кей жағдайда сенім атаулы өзінің шынайы табиғатынан ауытқып, фанатизм сияқты жағымсыз құбылысқа ұласуы мүмкін. Бұл екі ұғымның – шынайы сенім мен фанатизмнің – ара жігін ажырата білу бүгінгі заманда аса маңызды. Өйткені діни фанатизм – қоғам үшін де, діннің өзі үшін де үлкен қатер төндіретін, адамның еркіндігін, ақыл-санасын шектейтін, соқыр нанымға жетелейтін құбылыс.
Шынайы сенім дегеніміз – адамның Аллаға жүрекпен, ықыласпен сенуі, дінді терең түсінуі, діндегі рухани мәнді қабылдауы. Мұндай сенім иесі адам сабырлы, кешірімді, байсалды, сабақты ойлайтын, әрбір ісін парасатпен атқаратын тұлға болып қалыптасады. Ол басқа адамдармен қарым-қатынаста мейірімді, төзімді, әділетті болады. Мұндай адам өзінің дінімен ғана шектелмей, өзге дін өкілдеріне де құрметпен қарап, бейбітшілік пен өзара түсіністікті насихаттайды. Шынайы сенім иесі үнемі білім алуға, өзін жетілдіруге, жақсылық жасауға ұмтылады. Оның басты мақсаты – Жаратушыға жақындау, өзін-өзі тәрбиелеу, жүректі тазартып, нәпсіні тежеу. Ол діни амалдарды сыртқы форма ретінде ғана емес, терең мағынасымен орындайды. Құран мен хадиске сүйеніп, әрбір әрекетін саналы түрде орындайды. Ондай адам үшін дін – рухани өрлеудің жолы, ал жүрек – оның тұрақты мекені.
Ал діни фанатизм бұл сипаттарға мүлдем қарама-қарсы. Ол адамның дінді сырттай ғана ұстанып, оның рухани тереңдігін түсінбей, дінді тек догма, қатал ережелер жиынтығы ретінде қабылдауынан туындайды. Фанатизм иесі – өз сенімінен басқаның бәрін жоққа шығаратын, қарсы пікірді қабылдамайтын, өзгелерге үнемі сын көзбен қарайтын адам. Мұндай адам көбіне өзін ғана дұрыс жолда деп санайды, басқаларды кәпір, бидғатшы, адасқан деп айыптайды. Оның дінге деген көзқарасы – біржақты, шектелген, сезімге негізделген, ал ақыл мен парасат екінші орынға ығысып қалады. Фанатик адам көбіне эмоциямен шешім шығарады, ашушаң келеді, кешірімсіз болады. Ол үшін мейірім, төзім, кеңдік сияқты ұғымдар маңызды емес. Фанатизм – тек рухани емес, саяси сипатқа да ие. Жекелеген фанатиктер өз әрекеттерін дінмен ақтап, қоғамда бүлік шығарады, адамдарды қақтығысқа итермелейді, тіпті зорлық-зомбылық жасауға дейін барады.
Фанатизмнің түп-төркіні көбіне діни сауатсыздықтан бастау алады. Дінді үстірт түсіну, теріс уағызшылардың ықпалы, әлеуметтік әділетсіздік, психологиялық тұрақсыздық секілді факторлар адамның шынайы сенімге емес, фанаттық түсінікке еруіне себеп болады. Шынайы сенімге ие адам дінді жақсы көреді, оны өз өмірінің мәні ретінде қабылдайды, бірақ оны ешқашан күшпен немесе зорлықпен таратуға тырыспайды. Ол ешқашан дінді құрал ретінде пайдаланбайды, керісінше, дін арқылы адамгершілікті, бейбітшілікті, әділеттілікті орнатуға тырысады.
Шынайы сенім – ізгілікке бастайды, ал фанатизм – адасушылыққа әкеледі. Сенімі шынайы адам – көркем мінезді, өзгелерге үлгі бола алатын тұлға. Ол қиындықта сабыр етеді, қуанышта шүкіршілік етеді, адамдармен қарым-қатынаста жұмсақтық танытады. Ал фанатик болса, тек сыртқы амалдарға мән береді, рухани тереңдікке үңілмейді. Ол өзін ғана дұрыс деп есептеп, басқаларды үнемі сынап-мінеуге бейім болады. Мұндай адам қоғамда дау-дамайдың, алауыздықтың, тіпті қақтығыстың себебіне айналады.
Ислам тарихында да фанатизмнің зардабы байқалған. Ертеректе харижиттер деген ағым пайда болып, олар өздерінен басқаларды кәпір санап, дін атын жамылып, көптеген қайғылы оқиғаларға себепші болды. Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) үнемі сабырлы болуға, мейірімді болуға шақырды. Ол бір хадисінде: «Дінде шектен шығудан сақтаныңдар. Сендерден бұрынғылар дінде шектен шыққаны үшін қырылды» деген. Бұл сөздердің өзі-ақ фанатизмнің исламға жат екенін дәлелдейді. Нағыз сенім адамның ішкі дүниесін өзгертеді, ал фанатизм тек сыртқы мінез-құлықты бұзады. Сондықтан дінді тек амал ретінде емес, рухани терең мәнімен қабылдау қажет.
Қазіргі заманда діни фанатизм – жаһандық мәселе. Әлемнің түрлі елдерінде фанатизмге бой алдырған топтар түрлі қайғылы оқиғаларға себепші болып жатыр. Олар діннің бейбіт сипатын бұрмалап, өздерінің қатыгез әрекеттерін исламмен байланыстырып көрсеткісі келеді. Мұндай әрекеттер дінге ғана емес, бүкіл адамзатқа қарсы жасалған зұлымдық болып есептеледі. Сондықтан діни фанатизммен күресу – тек дін өкілдерінің ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Ең алдымен діни білім беруді жүйелі ету, жастарға дұрыс тәрбие беру, теріс ағымдарға тосқауыл қою – басты қажеттіліктердің бірі.
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Мұнда дін мен мемлекет өзара сыйластық пен әріптестік негізінде қызмет етеді. Біздегі діни тұрақтылықты сақтау – әрбір азаматтың, әсіресе жастардың санасына байланысты. Егер жастар шынайы сенімді бойына сіңіріп, дінді парасатпен түсінсе, қоғамымызда алауыздық, фанатизм, теріс көзқарастар болмайды. Ал егер біз жастарымызды жалған уағызшылардың жетегіне қалдырсақ, онда болашақта фанатизмнің көлеңкесі түсуі ықтимал.
Қорытындылай келе, шынайы сенім – Аллаға жүрекпен берілу, ал фанатизм – өз ойын дін деп түсіндіріп, оны өзгелерге күштеп таңуға тырысу. Шынайы сенім – адамға тыныштық сыйлайды, оны рухани кемелдікке жетелейді. Ал фанатизм – адастырушы, бөлінушілікке, қақтығысқа апаратын жол. Діннің шынайы мәнін түсініп, оны ізгілік пен бейбіт өмір сүруге қолдану – әрбір мұсылманның міндеті. Ақыл мен жүрек үндескенде ғана сенім шынайы болады. Сондықтан әр адам өз сенімін үнемі біліммен, сабырмен, мейіріммен толықтырып отыруы қажет. Тек сонда ғана діннің шынайы нұры жүректерді жарықтандырып, қоғамда тыныштық пен береке орнайды.
Ұ.Перден
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
бөлім маманы
Діни фанатизм мен шынайы сенімнің айыпмашылығы
