Діни экстремизмнің бастауы – діни сауатсыздық
Діни экстремизмнің бастауы – діни сауатсыздық
04.09.2025
201
0

Қазіргі замандағы адамдардың ең әлсіз тұсы - білімсіздік пен ғылым үйренуге деген құлшыныстың жоқтығы. Дін дегеніміз осы екен деп көсемдерінің сөзіне иланған жастардың ақ пен қарасын ажыратып жатпастан, соқыр сеніммен адасуларының бір ұшы осы білімсіздікте жатыр. «Өзің білме, білгеннің тілін алма»,- деген сөзді қазақ халқы қарғыстың ең ауыры деп те жатады. Сол бір сауатсыздықтың арқасында қазіргі таңда ғаламтор желісі арқылы да, өздерінің түйсігі қатаймаған жасөспірімдерді жат ағымның жолына оңай бұрмалап алуда.

Жалпы діни экстермизмнің еліміздің қай аймағында болмасын таралуына себеп болатын бірнеше алғышарттарын атап өтуге болады. Солардың ішінде ең алдымен бұл - діни сауатсыздық. Дінге толық таныммен келмеу діни сауатсыздықтың басты көрінісі болып отыр. Тұрғындардың арасында, әсіресе жастардың өзгелерге еліктеуі, белгілі бір топтың мүшесі болуға деген ынтасы соқыр сенімге негізделген діншілдікке алып келеді. Мұндай соқыр сенім діни фундаментализмнің, сәйкесінше діни фанатизмнің алғышарттарына айналады. Фундаменталисттік көңіл-күй экстремизмге апарар жол, өйткені экстремисттік пайымда өзінің ғана діни ұстанымы ең шынайы, ақиқат әрі таза деп ұғынылады. Сәйкесінше, өзге дін өкілдеріне төзімсіздік, қысым көрсету секілді көңіл-күй туындайды. Мұндай ұстаным өз сенімін, көзқарасын мейлінше кең тарату, қажет болса күштеп таңу әрекетіне саяды. Осы жағдайда, діни мотивтегі терроризм көрінісі мен оның өкінішіті салдары орын алады.

Алайда, діни экстремизммен күресте ең маңызды қадам бұл діни сауаттылық екендігі даусыз. Діни сауатты болу үшін белгілі-бір діни курсты бітіру шарт емес. Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез-келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрдің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратындығын байқау үшін де асқан сауаттылықтың қажеті жоқ.

Діни сауаттылық дін туралы білім ретінде жалпы сауаттылықтың құрамдас бөлігіне айналуы тиіс. Барлық әлемдік, дәстүрлі, жаңа пайда болған діни ағымдардың тарихын, ілімін, құндылықтар жүйесінен танып-білу мен жалған діндердің, экстремистік топтардың белгілерін ажырата алу дағдысы қалыптасқан адамда радикалды идеяларға қарсы «ақпараттық иммунитет» қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда жастар арасында діни сауаттылықты қалыптастырудың негізгі құралы ретінде «Дінтану» курсы өзекті бола түседі. Ортаңғы білім беру мектептерінде 2009 жылдан бастап оқытылып келе жатқан аталмыш пән қазіргі таңда жаңарту мен толықтыруды қажет етеді.

Өйткені, қазіргі таңдағы діни ахуал күрделене түсті. Сәйкесінше, «дінтану» пәнінің оқулығына әлемдік діндер мен дәстүрлі емес діни ағымдар туралы объективті мәліметтер берумен қоса діни экстремизм туралы түсінік, оның белгілері, ғаламтордағы көріністері секілді күрделі бөліммен толықтырылуы тиіс. Аталмыш пәннен сабақ беретін мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдар дайындалып, біліктілікті көтеру курстары ұйымдастырылуы қажет.

Мұндай курстарда арнаулы мамандар мұғалімдерге экстремизмнің табиғаты, алғышарттары туралы мағлұматтар беріп, экстремистік сайттарды анықтау, салыстыру жолдарын үйретеді. Бұл шара ұстаздардың оқушылармен жұмыс істеуге дайындығын арттырады.

Дін туралы білім мектеп қабырғасымен шектеліп қалмай, арнаулы және жоғарғы оқу орындарында жалғасын тапқаны жөн. Студент жастар арасында дінтану курсы қабылдауға ауыр, қажетсіз, әйтеуір баға үшін оқылатын курстар қатарында қалмауын қадағалау да маңызды.   Осы орайда, рухани-интелектуалды жастар тәрбиелеу үшін дінтану курсының қосымшасы ретінде дінтануға қызығушылар клубтарын құру қажет. Мұнда дін мәселесіне қызығушылық танытатын студент-жастар, дінаралық сұхбаттастықты нығайту, діни сауаттылықты көтеру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу секілді түйткілді мәселелерге өз көзқарастарын қалыптастырып, оларды шешу бағдарламарының жобасын дайындау секілді мәселелермен айналысады. Қазақстанда қалыптасқан дінаралық келісім татулықты сақтау мен келер ұрпаққа жеткізуге өз үлесін қосар болса, өз кезегінде еркін әрі қызығушылықпен жинақталған білім мен тәжірибе өмір соқпақтарында сүрінбеудің кепілі.

 

 І.Нағызхан

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                        

 

0 пікір