Діни білім – мемлекеттік оқу орындарындағы дін туралы білім немесе дін қызметкерлерін дайындауға бағытталған ілім және ол мемлекеттік білім беру жүйесінде бұрыннан келе жатқан маңызды фактор. Діни білім беру жүйесі әлемнің көптеген өркениетті мемлекеттеріндегі оқу орындарында бұрыннан жүргізіліп келеді.
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бұл ұғым дінді жоққа шығару емес, керісінше әр азаматтың діни сенім еркіндігін қамтамасыз ете отырып, мемлекеттің діни бейтараптығын сақтау деген сөз. Осы негізде, діни білім беруде ұлттық құндылықтармен, мәдениетпен, құқықтық нормалармен үндестік маңызды.
Кез келген мемлекеттің діни білім беру жүйесінің қалыптасуындағы басымдықтарды бірінші кезекте мемлекеттегі ұлттың діни қатыстылығы айқындайтыны белгілі. Қазақстандағы діни білім беру жүйесі соңғы жүзжылдықтарға дейін бірыңғай ислами арнада дамыды. ХХ ғасырға дейін елімізде дінтану мамандығы бойынша жүйелі оқыту моделі болған жоқ.
Соңғы жылдары мемлекетіміз өз елімізде діни мамандар дайындау бойынша бірқатар жұмыстар атқаруда. Осы бағытта, жастардың шетелдік күмәнді діни оқу орындарына түсіп, санасының улануның алдын-алу және діни экстремистік идеялардың таралуына тосқауыл қою мақсатында сапалы діни мамандар даярлайтын бірқатар отандық діни оқу орындары ашылды.
Қазақстан бойынша діни-зайырлы білім беретін жоғары оқу орындары бар. Қазіргі кезеңде Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Нұр Мубарак Египет ислам мәдениеті университеті Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, Қарағанды қаласындағы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша дінтанушы мамандар даярлайды. Діни зайырлы білім қалаған азаматтарына осы оқу орындары бар.
Сол себепті де діни білімді діни тұрғыда беретін медресе-колледждер, имамдарды даярлау орталықтары жұмыс істейді. Бұлардың барлығынан кейін жеке қызығушылық танытушылар рұқсат етілген діни сайттарға сұрақтар қою арқылы өз білімін жетілдіре алады.
XXI ғасыр – ақпарат ғасыры. Алайда діни тақырыптағы материалдардың көпшілігі бейресми сайттарда, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратылады. Мұндай ақпараттар авторларының діни біліктілігі күмәнді, ал мазмұны көбіне біржақты әрі радикалды сипатта болады. Осындай ақпараттар жастардың сана-сезімін улап, жат діни ағымдарға ертіп әкетуі мүмкін. Осы орайда, діни ақпараттың көзін ажырата білу мәдениетін қалыптастыру аса маңызды. Ғылыми сараптамалар көрсеткендей, радикалды діни топтарға қосылғандардың басым бөлігі – діни білімді интернет пен бейресми ортадан алған тұлғалар. Діни сауатсыздық – діни фанатизмнің басты көзі. Ал бұл өз кезегінде қоғамдық тұрақтылыққа, ұлттық қауіпсіздікке, тұлғаның болашағына қауіп төндіреді.
Қорытындылай келе, діни білімді ЖОО-мен қатар, ҚР аумағында тіркелген медресе-колледждерден, арнайы сараптамадан тексерілген кітаптардан, ресми сайттардан ала аламыз. Діни және дінтанулық білім базалық пәндері мен бағыттылығы жөнінен бір-бірінен ажыратылғанымен, түпкі мақсаты бір. Ол – дін туралы түсінікті дұрыс қалыптастыруға, шетін көзқарастардан сақ болуға, өзге діндер мен сенімдерге құрметпен қарауға, дәстүрлі рухани құндылықтарды қадірлеуге, имандылық ұғымын дұрыс түсінуге және бағалай білуге жетелеу. Болашағын дінтану мен теологиялық ілімдерді зерттеуге арнаған қазіргі жастарға өз Отанында кәсіби білім алудың барлық мүмкіндіктері жасалған. Сондықтан заман талабына сәйкес діни және дінтанулық білімнің өзара тиімді түрде игі мақсатқа қызмет етуінің жан-жақты мүмкіндіктерін жете қарастырған жөн.
Қ.Молдабек
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы