Діни білім іздеп шетел асу
Діни білім іздеп шетел асу
11.09.2025
529
0
Адамзат баласы пайда болғаннан бүгінгі күнге дейін қаншама кезеңдер өтіп, заман жаңа өзгерістерге бет бұрып жатса да «білім» өзінің өзектілігін еш дәуірде жоғалтқан емес. Заманында қазақтың біртуар азаматы Абай Құнанбайұлы «Алладан қорық, адамнан ұял, балам бала болсын десең – оқыт, малды аяма», –деген екен. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген уақытта алға қойылған негізгі талаптардың бірі білікті де білімді кадрлар мен озық үлгідегі түрлі сала мамандарын даярлау мәселесі тұрды. Мұның ішінде дін саласындағы мамандар да қажет болды. Егемендіктің алғашқы жылдарында шетелдік діни оқу орындарына қызығушылық танытушылар саны аз болғанымен, бүгінгі таңда көптеген жастар мен жасөспірімдер діни білім алудың ең тиімді жолы ретінде шетелдік діни оқу орындарында білім алуды құптайды.
Тарихқа терең үңілсек қазақ халқы мың жылдан астам уақыт мұсылманшылықты өз күнделікті тұрмыс тіршілігінде басшылыққа алып отырған. Орта Азия өлкесі ғылым мен ілімнің алтын бесігіне айналды. Бұхара, Самарқанд, Отырар, Тараз, Түркістан, Сығанақ сынды қалалар Ислам дінінің ілім ордалары болып, мұнда діни ғана емес, философиялық, медициналық, астрономиялық бағыттағы білімдер де кеңінен оқытылған. Осылайша ата-бабаларымыз дінді ғылыммен ұштастыра отырып, рухани кемелденуге ұмтылды.
Болашағына үлкен сеніммен қарайтын жастар шетелдерде білім алуды, отанына, еліне қажетті мамандықтарды игеруді және басқа елдерден оң тәжірибе жинауға деген құштарлығын құптайды. Қазіргі күнде біздің елімізде жастарға «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында және сонымен қатар, әртүрлі гранттар мен жеке қаражаты есебінен шетелдерде білім алуына барлық жағдайлар жасалған.
Бүгінгі таңда Араб елдері мен Түркия, Пәкістан және т.б. мемлекеттерден жастарымыз діни білім алып келуде. Діни иммунитеті қалыптаспаған, ұлттық дүниетанымы мен дәстүрлі тәрбиесі берік болмаған жастардың жат ағымдардың ықпалына түсіп кету қаупі жоғары. Бұл – бүгінде қоғамымызда жиі кездесіп отырған өзекті мәселе. Сондықтан да жастардың діни білім алудағы бағыты мен ортасы мемлекет тарапынан жіті бақылауда болып, отандық рухани тәрбиемен үндесіп отырғаны абзал.
Бүгінде жастардың шетелге барып білім алуы – қалыпты үрдіске айналды. Дегенмен, оның қиындықсыз жағы жоқ. Бес немесе одан да көп жыл шетелде оқып, елге оралған жастарымыз Қазақстан қоғамына қайта бейімделуі, бәсекеге қабілетті жұмыс табуы және туған елінің игілігі үшін еңбек етуі қажет. Бұл ретте ата-ананың қолдауы мен бағыт-бағдары ерекше маңызды.
Шетелде оқитын жастардың алдында бірнеше қауіп-қатер туындауы мүмкін. Олардың ең бастысы – жат діни ағымдардың ықпалына түсу қаупі.
Біріншіден, беймәлім ұйымдар мен «бауырластық», «достық» атын жамылған түрлі діни қауымдастықтар жастарды өздеріне тартуы мүмкін. Әдетте, олар тегін шет тілдері курстары, қаржылай көмек, мемлекет бақылауынан тыс ғибадат орындары, не белгісіз дін лидерлерінің дәрістері арқылы әсер етуге тырысады.
Екіншіден, егер балаңыз шетелде діни білім алуды көздесе, ата-ана оның нақты қай оқу орнында оқып жатқанын жіті бақылағаны жөн. Баланың ресми медреселерде немесе жоғары оқу орындарында білім алып жатқанына көз жеткізу керек. Белгісіз «хұжыралар» мен «марказдарға» түсіп кетпеуін қадағалау да аса маңызды. Сондай-ақ, бос уақытын кіммен және қалай өткізетінін бақылап отырған абзал.
Үшіншіден, кейбір деструктивті ұйымдар өздерін зайырлы атаулармен жасырады. Мәселен, ағылшын немесе араб тілін оқыту, бизнес негіздері, өзін-өзі дамыту курстары сияқты көрінгенімен, астарында жастарды арбауға бағытталған әрекеттер жатуы мүмкін.
Осының бәрі деструктивті, соның ішінде радикалды діни идеялардың елімізге еніп, таралу қаупін арттырады. Сондықтан, өз елінде бастапқы діни білім алмаған жастардың шетелде ақ-қараны ажырата алмай, жат ағымға еріп кету ықтималдығы жоғары.
Осыған байланысты, шетелде діни білім алғысы келетін азаматтар алдымен отандық білім ордаларында діни танымын қалыптастыруы керек. Мемлекет тарапынан мақұлдаған оқу орындарында ғана білімін жалғастырғаны жөн. Ал шетелдік діни оқу орнында оқуды жоспарлаған азаматтар міндетті түрде Діни басқармадан жолдама немесе рұқсат алуы қажет. Қорыта айтқанда шет елдердің діни оқу орындарында Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы және мемлекетаралық келісім негізінде болса магистратура және доктарантура оқуға болады. Ал бастапқы білімді яғни, бакалаврлық базалық білімді шет елдердің діни білім орталықтарында алудың қажеттілігі жоқ. Өз елімізде білікті мамандар дайындалып жатыр. Ойымызды түйіндеп айтар болсақ, болашағын дінтану мен теологиялық ілімдерді зерттеуге ар¬¬наған қазіргі жастарға өз Отан¬ын¬да кәсіби білім алудың барлық мүмкіндіктері жасалған.
 
 
Қ.Молдабек
 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                     

0 пікір