Діни білім беру – қоғамның рухани дамуына ықпал ететін, адамзаттың танымдық, адамгершілік, мәдени және дүниетанымдық өрісін кеңейтетін маңызды әлеуметтік институттардың бірі. Ол тек жеке тұлғаның діни дүниетанымын қалыптастырып қана қоймай, сонымен қатар қоғамдағы діни сананың дұрыс бағытта дамуына негіз болады. Діни білім беру жүйесі ғасырлар бойы дамып, түрлі тарихи, мәдени, саяси және әлеуметтік жағдайларға байланысты әртүрлі өзгерістерге ұшырап отырды. Бұл өзгерістердің негізінде дін мен қоғам арасындағы өзара ықпалдастық, мемлекеттің діни саясатқа деген көзқарасы, білім беру жүйесінің дамуы сияқты факторлар жатқанын байқауға болады.
Қазіргі таңда діни білім беру жүйесі – тек діни қызметкерлерді даярлаумен ғана шектелмейтін, кең ауқымды рухани тәрбие мен ғылыми ізденістерді қамтитын құрылымға айналып келеді. Жаһандану үдерісі мен ақпараттық технологиялардың дамуы, әлеуметтік желілер арқылы діни ақпараттың кеңінен таралуы, жастардың діни сенімге деген қызығушылығының артуы діни білімнің маңызын бұрынғыдан да арттырып отыр. Осы орайда діни білім берудің мазмұны мен сапасы, оқу бағдарламалары мен оқытушылардың біліктілігі, ресми діни құрылымдардың рөлі – барлығы қайта қаралуы тиіс мәселелер қатарында тұр.
Діни білім берудің негізгі мақсаты – діннің рухани-адамгершілік қағидаларын, оның тарихы мен мәдениетін, сенім мен амалдың негіздерін жүйелі түрде үйрету, тұлғаның діни сауатын арттыру. Бұл мақсат тек діни қызметкер дайындауға ғана емес, сонымен қатар қоғам мүшелерінің діни радикализм мен теріс ағымдардан қорғана білуіне де бағытталуы тиіс. Яғни, діни білім тек ішкі рухани дүниені байыту құралы ғана емес, сонымен бірге ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің де бір тетігі ретінде қарастырылуы қажет.
Қазақстандағы діни білім беру жүйесі бірнеше деңгейден тұрады. Бірінші деңгей – жалпы білім беретін мектептерде дінтану негіздерін оқыту. Бұл пән оқушыларға діндер туралы объективті, ғылыми әрі бейтарап түсінік беруге бағытталған. Мұндай білім адамда діни төзімділік, мәдениетаралық қарым-қатынас, өзгенің сеніміне құрметпен қарау сияқты қасиеттерді қалыптастырады. Дегенмен, бұл пәннің мазмұны мен оқытылу әдістерінде әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстар бар.
Екінші деңгей – арнаулы діни оқу орындары: медреселер мен ислам институттары. Бұл оқу орындары ислам дінінің негіздерін терең меңгеруге бағытталған. Мұнда болашақ имамдар, ұстаздар мен теологтар дайындалады. Қазақстанда осындай оқу орындарының дамуы 1990-жылдардан бастап қайта жанданды. Қазіргі таңда олар мемлекеттің дін саласындағы саясатына сай жұмыс істейді және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен тығыз байланыста.
Үшінші деңгей – жоғары діни білім беретін университеттер мен академиялар. Бұл мекемелерде дінтану, теология, исламтану бағыттары бойынша бакалавр, магистр, PhD докторларын дайындайды. Бұл деңгейдегі оқу орындарына мемлекет тарапынан ерекше назар аударылуы қажет. Себебі, мұнда тек діни білім ғана емес, ғылыми зерттеу дағдылары, әдіснамалық ойлау, академиялық сауаттылық қалыптасуы тиіс.
Діни білім беру жүйесінің тағы бір маңызды міндеті – дәстүрлі дін мен радикалды ағымдардың айырмашылығын түсіндіру. Қазіргі заманда деструктивті діни топтар, жалған уағызшылар мен өздерін «шынайы дін өкілі» ретінде көрсететін тұлғалар көбейіп кетті. Олар жастардың білімсіздігін пайдаланып, өз идеологиясын діннің атымен тықпалап жүр. Бұл жағдай діни білім берудің сапасын арттыру мен жүйесін күшейту қажеттілігін көрсетеді.
Діни білім беру жүйесінде имамдардың, ұстаздардың, дінтанушылардың рөлі орасан зор. Олар – діни ақпараттың негізгі жеткізушісі, діни сауаттылықтың қалыптасуына жауапты тұлғалар. Алайда қазіргі кезде кейбір имамдар діни уағызды тек қорқынышқа, тозақпен үркітуге, жазалау мотивіне негіздеп түсіндіреді. Бұл тәсіл жастардың бойында дінге деген үрей мен жатсыну тудыруы мүмкін. Дін – адам баласына рақым, мейірім, сабыр мен үміт әкелетін ілім. Оны тек қаталдық пен тыйымдар жүйесі ретінде ұсыну – исламның гуманистік табиғатын бұрмалау. Сондықтан діни қызметкерлер тек шариғи үкімдер мен ережелерді жаттатумен шектелмей, руханиятты, жүрек тәрбиесін, ізгілік пен парасаттылықты насихаттауға көңіл бөлуі тиіс.
Сонымен қатар, діни білім беру жүйесінің әлсіз тұстарының бірі – оның бірыңғай жүйеге түспеуі және оқу бағдарламаларының ала-құлалығы. Мешіттер мен медреселерде оқытылатын бағдарламалар мен оқулықтар көбінесе дәстүрлі мазмұннан алыстап, кейде шетелдік, жергілікті жағдайға бейімделмеген, шариғаттың қатал формаларын уағыздайтын мазмұндарға сүйеніп жатады. Бұл жағдай діни сауатты тұлға емес, тек жатталған ақпаратты қайталап отыратын, сыни ойлаудан ада, сұрақ қою мәдениетінен шет қалған «тыңдаушы» буынды қалыптастырады.
Мұндай білім беру тәсілі жастар арасында радикалдану қаупін арттырады. Өйткені шынайы діни ілім мен жалған идеологияны ажырата алмайтын адам көбінесе сыртқы көрініске – киімге, сақалға, сөйлеу мәнеріне қарап, біреудің діндар не дінсіз екенін анықтауға тырысады. Шын мәнінде, дін – ішкі тазалық, жүрекпен сену, парасатпен ұғыну. Егер білімнің өзегі рухани-адамгершілік мазмұннан алшақтаса, ол діннің шынайы мақсатынан адасып, жеке адамдардың, тіпті шет елдік ұйымдардың саяси құралына айналуы мүмкін.
Сонымен қатар, діни білімнің мазмұны бүгінгі заман талабына сай болуы тиіс. Қазіргі жастар – жаңа технологиямен өмір сүріп жатқан, ақпаратты тез қабылдайтын буын. Сондықтан дәстүрлі медреселік оқыту әдістерімен қатар, заманауи педагогикалық технологиялар, интерактивті әдістер, цифрлық білім беру ресурстары енгізілуі керек. Бұл – діни білімнің қолжетімділігін, тартымдылығын арттырып, жастарды дұрыс бағытқа салудың бір жолы.
Тағы бір маңызды мәселе – діни білім беретін кадрлардың сапасы мен кәсіби даярлығы. Имам, ұстаз, теолог – барлығы да тек діни біліммен шектелмей, психология, педагогика, коммуникация, құқық салаларын да меңгеруі тиіс. Себебі олар қоғаммен, жастармен, отбасылармен, түрлі әлеуметтік топтармен жұмыс істейді. Қазіргі заман имамы – тек мешіт ішінде ғана уағыз айтушы емес, ол – қоғамдағы тәрбиеші, ағартушы, дін мен дәстүрдің жалғастырушысы.
Ұ.Перден
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы
Діни білім беру жүйесі

Көп оқылғандар