Қазақстан – бейбітшілік пен келісімнің мекені. Еліміздің тұтастығы мен тыныштығын сақтау, әрбір Қазақстан азаматының басты парыздарының бірі. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі баршамыздың басымызға қонған бақ. Осы тәуелсіз мемлекетте, ашық аспан астында, тату-тәтті тыныштықта өмір сүру, әрбіріміздің көңілімізді жайландыратыны анық. Ал діни алауыздық тудырудың жеке адамға, қоғамға тигізетін салдары өте ауыр. Мұндай әрекеттер адамды құқықтық, әлеуметтік және психологиялық тұрғыда қиын жағдайларға душар етеді.
Діни алауыздық – бұл адамдардың діндері мен сенімдеріне негізделген қарсы тұрушылық және түсініспеушіліктердің туындауы. Ол әлеуметтік, саяси және мәдени тұрғыда қауіпті болуы мүмкін. Өйткені адамдардың бір-біріне деген сенімсіздігі, қарсы тұрушылығы көбінесе қақтығыстарға және зорлық-зомбылыққа әкеліп соғады. Қазақстанда діни алауыздықты қоздыру қатаң жазаланады. Мұндай қылмысқа қатысты жазалар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде және басқа заңнамалық актілерде қарастырылған. Діни алауыздықты қоздыру, экстремистік әрекеттерді насихаттау немесе басқа діни топтарды қорлау – қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзатын әрекеттер болып саналады. Сондықтан айыпталушылар ауыр қылмыскер ретінде жазаланады.
1. Қылмыстық кодекстің «Діни алауыздықты қоздыру» бойынша 174-бабына сәйкес: Бұл бап бойынша діни алауыздықты немесе діни дұшпандықты қоздыру, сондай-ақ діни сенімдерді теріс пайдалану қылмысы қарастырылады. Мысалы, бір топ адамдардың арасында діни негіздегі араздықты туындату немесе басқа діни топтарға қарсы насихат жүргізу.
Жаза:
• Айыппұл
• Қоғамдық жұмыстарға тарту
• 2-7 жылға дейін бас бостандығынан айыру
2. Қылмыстық кодекстің «Терроризмді насихаттау немесе терроризмге шақыру» бойынша 256-бабына сәйкес: Бұл бап терроризмге байланысты әрекеттерді қамтиды.
Жаза:
• 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру
3. Әкімшілік кодекске сәйкес жазалар. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте діни алауыздықты қоздыру мен діни сенімдерге қатысты бұзушылықтар үшін жеңілірек жазалар қарастырылған. Бұл заң бұзушылықтар үшін айыппұл немесе ескерту берілуі мүмкін.
Діни алауыздықты қоздырушы материалдарды тарату: Қазақстанда діни алауыздықты қоздыратын немесе экстремистік көзқарастарды насихаттайтын кітаптар, бейнемазмұндар немесе интернет-ресурстар таратылса, мұндай әрекеттерге де жаза қолданылады. Бұл үшін айыппұлдан бастап, бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.
Қазақстанда діни алауыздықты қоздыруға қарсы заңдар қатаң, және олар қоғамның діни бірлігі мен тыныштығын сақтау мақсатында қабылданған. Діни төзімділік пен бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін діни алауыздықты тудырушы немесе экстремистік әрекеттерді насихаттаушы тұлғаларға қарсы тиісті қылмыстық жаза қолданылады. Діни алауыздықтың зардабына тап болмас үшін әлеуметтік желіде ақпараттардың дәлелді және дұрыс екеніне көз жеткізбей, оны «WhatsApp, Facebook, Twitter, Vk, Instagram» сынды т.б адамдармен байланысу платформаларында таратудан сақ болайық!
Діни алауыздықты болдырмау үшін қоғамдағы әрбір адам, соның ішінде дін өкілдері, мемлекет және қарапайым азаматтар белсенді түрде жұмыс жасауы қажет. Бейбітшілік пен түсіністік – кез келген қоғамның тұрақтылығының негізі.
М.Серікұлы
Теолог маман
Діни алауыздықтың зардабы