Діндегі достың рөлі
Діндегі достың рөлі
23.02.2026
148
0

Достық – адамзатқа ортақ құндылық. Қай қоғамда, қай мәдениетте болмасын, дос адамның өміріне бағыт беретін, мінезі мен көзқарасына әсер ететін маңызды тұлға болып саналады. Ислам мен христиан діндері де достыққа тек әлеуметтік байланыс ретінде емес, рухани жауапкершілік пен адамгершілік тәрбиенің құралы ретінде қарайды. Екі дінде де дос адамның ішкі дүниесін қалыптастыратын, оны жақсылыққа жетелейтін серік ретінде сипатталады.

Исламда достың жақсы немесе жаман болуы адамның иманы мен мінезіне тікелей байланысты. Мұсылман дүниетанымында жақсы дос – адалдыққа, сабырлылыққа, жауапкершілікке шақыратын адам. Мыссалы Мұхаммед пайғамбар хадисінде: «Жақсы дос пен жаман достың мысалы әтір сатушы мен от үрлеушінің мысалындай. Әтір сатушыға келер болсақ, не ол саған сыйлық жасайды, не сен одан бір нәрсе сатып аласың, не одан шыққан кезде хош иісті сезесің. Ал от үрлеуші ұстаға келер болсақ, не ол сенің киіміңді күйдіреді, не одан шыққан кезде сасық иісті сезесің» деген. Ислам ілімінде адам өз ортасының ықпалына тез берілетін жаратылыс деп қарастырылады, сондықтан дос таңдауға ерекше мән беріледі. Дос тек көңіл көтеретін адам емес, қиын сәтте ақыл айтып, қателіктен сақтандыратын тұлға болуы тиіс. Бұл ұстаным Мұхаммед пайғамбар хадистерінде де көрініс тапқан: ол адамдарды бір-біріне мейірімді, шынайы және жауапты болуға үндеген.

Христиан дінінде де достықтың негізінде рухани сүйіспеншілік жатыр. Христиандық көзқарас бойынша дос – жанашырлық танытатын, кешіруге және қолдауға дайын адам. Бұл түсінік Иса Мәсіх ілімдерінде айқын байқалады. Ол адамдарды бір-бірін шынайы жақсы көруге, әлсізге көмектесуге, ренішті кешіруге шақырды. Христиандықта дос тек жеке өмірде емес, қоғамға қызмет етуде де маңызды рөл атқарады.

Екі дінде де дос – адамгершілікке тәрбиелеуші. Исламда да, христиандықта да шынайы дос қателікті жасырмайды, бірақ оны қаталдықпен емес, даналықпен жеткізеді. Мұндай достық адамды өз-өзіне сын көзбен қарауға, ар-ожданын сақтауға үйретеді. Бұл тұрғыда қасиетті мәтіндер – Құран мен Інжіл – адамдарды өзара түсіністікке, әділдікке және сабырға шақыратын ортақ идеяларды қамтиды.

Сонымен қатар, екі дінде де достықтың уақытша емес, мәнді болуы маңызды саналады. Пайдаға немесе жағдайға байланысты қарым-қатынас шынайы достық ретінде бағаланбайды. Керісінше, қиындықта сыналатын, жауапкершілікке негізделген достық жоғары қойылады. Мұндай қарым-қатынас адамның рухани дамуына ғана емес, қоғамдағы сенім мен тұрақтылыққа да ықпал етеді.

Қазақ халқы үшін достық – жай қарым-қатынас емес, өмірлік ұстаным мен адамдық қасиеттің өлшемі. Қазақы дүниетанымда дос адаммен тең дәрежеде ғана емес, кейде туыстан да жақын саналатын рухани серік ретінде қабылданған. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген мақалдың өзі достықтың терең жауапкершілікке негізделетінін көрсетеді

Қорытындылай келе, ислам мен христиан діндерінде достың рөлі ұқсас қағидаларға негізделген. Екі дәстүр де достықты адамды жақсылыққа жетелейтін, ар-ұятты сақтауға көмектесетін рухани байланыс ретінде қарастырады. Бұл ұстанымдар дінге қарамастан, бүгінгі қоғам үшін де маңызды: себебі шынайы достық – адамды кемелдендіретін, өмірге мағына беретін құндылық.

 

 Д.Зиябек  

 

Туркістан облысы дін істері баскармасының                                                             

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                                            

0 пікір