Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың негізгі қағидаттары
Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың негізгі қағидаттары
09.07.2025
6
0

Қазіргі Қазақстан – көп ұлтты және көп конфессиялы зайырлы мемлекет. Елдегі діни ахуалдың тұрақтылығы, дінаралық, қоғамдық келісім ұлттық бірліктің көрсеткіші әрі шартының бірі. Осы орайда дін саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді жүргізу – елдің ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір тетігі ретінде қарастырылады. Мемлекет бұл салада белгілі бір қағидаттарға сүйене отырып, діни қатынастарды реттейді.

1. Зайырлылық қағидаты

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, еліміз зайырлы мемлекет болып табылады. Бұл – дін мен мемлекеттің бір-бірінен бөлек әрекет етуін білдіреді. Яғни, мемлекет дінге араласпайды, ал дін мемлекеттің ішкі саясатына әсер етпеуі керек. Бұл қағидат әр азаматтың ар-ождан бостандығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2. Діни сенім бостандығы және ар-ождан еркіндігі

Мемлекет әр азаматтың қандай да бір дінді ұстануға немесе ешбір дінді ұстанбауға құқығын құрметтейді. Бұл құқық Конституцияда және «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда нақты көрсетілген. Азаматтар діни көзқарасын еркін білдіруге, құлшылық жасауға, діни жоралғыларды орындауға құқылы.

3. Барлық діндер мен конфессияларға тең қарау

Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың маңызды қағидаты – діндердің теңдігі. Яғни, қандай да бір діни бірлестікке артықшылық берілмейді. Барлық діни ұйымдар заң алдында тең және өз қызметін бірдей шарттармен жүзеге асырады.

4. Экстремизм мен радикализмге қарсы тұру

Діни экстремизм мен терроризм – қазіргі замандағы ең өзекті қауіптердің бірі. Мемлекет бұл қауіптің алдын алу үшін арнайы бағдарламалар қабылдайды, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Радикалды ағымдардың идеологиясымен күрес жүргізіледі, жастарды теріс діни әсерден қорғау шаралары қабылданады.

5. Дінаралық келісім мен диалогты қолдау

Қазақстан өз тәуелсіздігін алған күннен бастап дінаралық татулық пен келісімді басты құндылық ретінде ұстанып келеді. Осы бағытта Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өткізіліп тұрады. Бұл – Қазақстанның халықаралық аренадағы бейбітшілік пен келісімді қолдаушы ел ретіндегі рөлін айқындайды.

6. Діни бірлестіктердің заң аясында қызмет етуі

Мемлекеттік саясаттың тағы бір маңызды қағидаты – діни бірлестіктердің тіркеуден өтіп, заң аясында жұмыс істеуі. Бұл олардың ашықтығы мен заңдылықты сақтауына кепіл болады. Тіркелмеген діни ұйымдардың қызметі шектеледі, заңсыз діни насихат пен шет елден келетін идеологиялардың таралуына тосқауыл қойылады.

Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясаты – зайырлылық, теңдік, еркіндік және қоғамдық тұрақтылық қағидаттарына негізделеді. Бұл саясат елдегі діни ахуалдың бейбіт әрі үйлесімді дамуына жол ашады. Ал дінаралық келісім мен толеранттылық – көп ұлтты және көп конфессиялы қоғамда бейбіт өмір сүрудің басты кепілі.

 

 С. Маханбетов

 

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

 бөлімінің маманы                                                                              

0 пікір