Дін мен қауіпсіздік: үндестік пен үйлесім жолында
Дін мен қауіпсіздік: үндестік пен үйлесім жолында
30.01.2026
458
0

Қазіргі жаһандану дәуірінде діни қауіпсіздік мәселесі кез келген мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік жүйесінде маңызды орын алады. Дін – адамзаттың рухани тірегі, адамгершілік құндылықтарды қалыптастыратын күш. Алайда діни сенімді теріс мақсатта пайдалану, радикалды және деструктивті ағымдардың ықпалы қоғамның тұтастығына, жастардың болашағына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан діни қауіпсіздік – тек мемлекетке ғана емес, әрбір отбасы мен азаматқа ортақ жауапкершілік.

Діни қауіпсіздік деген не?Діни қауіпсіздік – қоғамдағы діни ахуалдың тұрақтылығы, түрлі конфессия өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі және діннің саяси, экстремистік немесе зорлық-зомбылық мақсатта қолданылуына жол бермеу. Бұл ұғым ар-ождан бостандығын шектеу емес, керісінше, азаматтардың құқығын қорғай отырып, радикал идеологиялардың алдын алуды көздейді.

Діни қауіпсіздік сонымен қатар қоғамдағы өзара түсіністік пен төзімділікті сақтауға бағытталады. Ол әрбір азаматтың діни сеніміне құрметпен қарауды, бірақ заң мен қоғамдық тәртіпті бәрінен жоғары қоюды талап етеді. Діни қауіпсіздік сақталған ортада араздық пен өшпенділікке орын болмайды. Бұл әсіресе жастардың теріс ағымдардың ықпалына түспеуіне ықпал етеді. Мемлекет және қоғам бірлесе отырып, діни сауаттылықты арттыру арқылы радикалы көзқарастардың алдын алады. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының да жауапкершілігі жоғары болуы қажет. Себебі жалған діни ақпарат қоғамда түсінбеушілік туғызуы мүмкін. Осылайша, діни қауіпсіздік – ел бірлігі мен тұрақтылығының негізі болып табылады.

Бұл оқиға Қазақстанның шағын қалаларының бірінде болған. Кейіпкердің аты өзгертілген. Арман – қарапайым отбасынан шыққан, колледжде оқыған 19 жастағы жігіт. Мектепті бітіргеннен кейін өмірлік мақсатын нақты айқындай алмай, өзін жалғыз сезіне бастаған. Әлеуметтік желілерде ол «таза дін», «шын ақиқат» туралы бейнероликтерді жиі көретін болды. Бейнеролик авторлары өзін өте білімді, сенімді ұстап, қоғамдағы әділетсіздікті дін арқылы ғана жеңуге болады деп түсіндіретін.

Біртіндеп Арманның көзқарасы өзгере бастады. Ол бұрын араласқан достарынан алыстап, отбасымен жиі жанжалдасатын болды. Анасының: «Балама не болып жүр?» деген сұрағына нақты жауап табылмады. Арман өзін «ерекше жолға түстім» деп есептеді.

Бір күні оны интернеттегі жаңа таныстары жабық кездесуге шақырады. Ол жерде діни ұрандармен бірге мемлекетке, қоғамға қарсы ойлар айтылды. Заңды мойындамау, «біз» және «олар» деген бөліну ашық насихатталды. Арман алғашында күмәнданғанымен, топ қысымы мен жалған уәделер оны өзіне тарта түсті.

Жағдайды Арманның колледждегі ұстазы байқайды. Ол жігіттің мінез-құлқындағы күрт өзгерісті көріп, колледж психологымен және теолог-мамандармен байланысады. Арманмен бірнеше рет жеке әңгіме жүргізіліп, оған классикалық діни білім мен дәстүрлі құндылықтар түсіндіріледі. Уақыт өте келе Арман өз қателігін түсініп, радикалды топтан бас тартады.

Бүгінде Арман оқуын жалғастырып, жастармен кездесулерде өз басынан өткенін ашық айтып жүр. Ол: «Егер сол кезде маған бейжай қарамаған адамдар болмағанда, тағдырым мүлде басқа болар еді», – дейді.

Бұл оқиғадан шығатын сабақ.Бұл жағдай діни қауіпсіздіктің тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі екенін көрсетеді. Радикал ағымдар көбіне: өмірлік бағытын таппаған жастарды, психологиялық қолдауға мұқтаж адамдарды, діни білімі таяз, бірақ сенімі бар азаматтарды нысанаға алады.

Сондықтан отбасының рөлі, білім беру мекемелеріндегі тәрбие, сапалы діни ағарту жұмыстары ерекше маңызды.

Діни қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жолдары: Діни сауаттылықты арттыру – жастарға дәстүрлі діннің мәнін, тарихын дұрыс түсіндіру. Сын тұрғысынан ойлау қабілетін дамыту – ақпаратты сүзгіден өткізіп, жалған насихатты ажырата білу. Отбасы мен қоғамның бірлігі – жақындардың бір-біріне немқұрайлы қарамауы. Мамандармен жұмыс – теологтар, психологтар, дінтанушылардың жүйелі түсіндіруі.

Діни қауіпсіздік – қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаудың маңызды бөлігі. Ол азаматтарды радикалды және экстремистик діни ағымдардың ықпалынан қорғауға бағытталған. Діни қауіпсіздік адамдардың ар-ождан бостандығын сақтай отырып, заңға қайшы әрекеттердің алдын алуды көздейді. Қоғамда дестүрлі діни құндылықтарды насихаттау діни қауіпсіздікті нығайтады. Сонымен қатар, жастардың діни сауаттылығын арттыру радикалданудың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Мемлет пен қоғам бірлесе отырып, діни алауыздыққа жол бермеуі керек. Ақпараттық қауіпсіздік те діни қауіпсіздікпен тығыз байланысты.

Қорытындылай келсек,діни қауіпсіздік – қоғамның рухани иммунитеті. Оны сақтау үшін тыйым салу мен жазалаудан гөрі, түсіндіру, қолдау және алдын алу маңызды. Шынайы өмірде болған оқиғалар көрсеткендей, бір адамның тағдырына бейжай қарамау арқылы тұтас бір отбасы мен қоғамды үлкен қауіптен сақтап қалуға болады. Әрқайсымыз сергек болсақ, діни тұрақтылық пен бейбітшілік – ортақ жетістігімізге айналады.

                                 

Д.Арынбек

 

Түркістан  облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

маманы                                                                                                        

 

0 пікір