Дін мен дәстүр – ұлттық иммунитеттің негізі
Дін мен дәстүр – ұлттық иммунитеттің негізі
25.08.2025
294
0

Ғасырдан ғасырға ұласқан талай заманды басынан өткерген қазақ халқы өзіне ғана тән болған ұлттық бейнесін паш етер қазақы салты мен ислами дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа тапсырып келеді. Әлихан Бөкейхан: «Бұ заманның ғалымдары тарих ең оңды мұғалім деп түсінеді. Дүниеде өңге жұрттар қатарында кім қор болмаймын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін имани дәрежеде ұғып білуге тиіс болады... Бұл кеу­десінде көзі бар адам көп ой­л­а­нар­лық жұмыс», – деп мәні терең тұжырым айтыпты.

Халықтың рухани тірегі – діні мен дәстүрі. Осы қос қазықтан айырылған ұлт тамырынан үзіліп, тағдыры тұманға айналатыны анық. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық болмысында дін мен дәстүр бір-бірімен сабақтаса дамып, бірін-бірі толықтырып отырған. Бүгінгі күннің талабында осы тепе-теңдікті сақтап қалу – ұлттық иммунитетті нығайтудың басты жолы.

Ислам діні – қазақ халқының өмір сүру салтында терең сіңісіп кеткен рухани құндылықтар жиынтығы. Тәубе, шүкір, сабыр, ізет, қанағат сияқты қасиеттер – дініміздің негізінде жатыр. Сонымен қатар, ислам адами қатынастарды, әділдікті, еңбекті, білім алуды насихаттай отырып, қоғамда үйлесімділік пен бейбіт өмірді қалыптастыруға ықпал етеді.

Қазақ халқының салт-дәстүрі ұрпақ тәрбиесінің берік діңгегі. Төрге үлкен отырғызу, бата беру, құдалық, бесікке салу, тұсау кесу – барлығы адамды құрметтеуге, ынтымаққа, ізгілікке тәрбиелейді. Бұл дәстүрлердің қайнарында дінмен астасқан рухани тәрбие жатыр. Тарих – өткеннен үлгі, танымға тара­зы, тіршілігіңе бағдар беретін құндылық. Діни мерекелерді ұлттық нақыш­­пен үйлестіріп, айрықша атап өту­дің мәдениеті қалыптаса бас­­та­ды. Бүгінде имам-молда­лар тек дін­нің ғана емес, дәс­түр­дің де на­сихатшысына ай­нал­ды. Уа­ғыз­­дарда ақын-жырау­лары­­мыз­­дың тағылымды тұжы­рым­д­ары, өнегелі өлеңдері қоса ай­ты­­ла­тын болды.

Ұлттық иммунитет неге қажет?

Қазіргі жаһандану заманында ұлттың болмысына сырттан түрлі идеологиялар мен жалған құндылықтар әсер етуде. Осындай алаңдаушылық туғызатын кезеңде ұлттық иммунитет – яғни, ұлттың өзіндік санасы, рухани тұрақтылығы, тарихи жады мен дәстүрлі өмір сүру салты қорған болып табылады. Бұл иммунитет дін мен дәстүрдің үйлесімді үндестігімен ғана нығаяды.

Кейде қоғамда дінді дәстүрден бөлуге тырысатын керағар пікірлер кездесіп жатады. Алайда, шынайы діни білім алған адам дәстүрді жоққа шығармайды. Керісінше, ислам шариғаты мен қазақы әдепті тоғыстыра білсе, ұлттың рухани келбеті кемелдене түседі.

Қазақ халқының сан ғасырлық рухани тірегі – дін мен дәстүр. Бұл екі ұғым бір-бірімен тығыз байланысып, ұлттың ішкі болмысын, мінезін, өмір сүру салтын қалыптастырды. Дін – ар-ұяттың, әділдіктің, тазалықтың, мейірімділіктің дәні болса, дәстүр – сол дәннің топыраққа егіліп, халық санасында өнген жемісі іспетті. Ислам дінімен астасқан қазақы ғұрыптар ұрпақты үлкенді сыйлауға, ата-ананы құрметтеуге, кішіні аялауға, туыстық байланысты үзбеуге баулыды.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтардың тозып, рухани әлсіреу қаупі төніп тұр. Осындай кезеңде біз үшін ең маңызды міндет – ата-бабадан қалған асыл мұра – дін мен дәстүр сабақтастығын сақтап, оны жаңаша жолмен кейінгі ұрпаққа жеткізе білу. Ұлттық иммунитет – тек тілде емес, ойда, жүректе, әрекетте қалыптасуы қажет. Ал бұл иммунитеттің негізі – ата дәстүрі мен асыл дінімізде екенін ұмытпауымыз керек.

Сондықтан, дін мен дәстүр үйлесімділігін сақтап, соны насихаттау – ұлттың тіршілігі мен тәуелсіз рухының кепілі. Бұл – әрбір саналы азаматтың рухани парызы.

 

  Қ.Молдабек

 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                    

 

 

 

 

0 пікір