Дін және ұлтшылдық
Дін және ұлтшылдық
12.11.2024
359
0

Дін мен ұлтшылдық – кез келген қоғамның мәдени және рухани негіздерін құрайтын маңызды ұғымдар.

Дін – бұл адамдардың рухани құндылықтары мен сенімдерін, дүниетанымын қалыптастыратын, мәңгілік пен моральдық қағидаларды насихаттайтын институт. Діннің қоғамға тигізер ықпалы кең: ол жеке адамның құндылықтарын қалыптастырып қана қоймай, қоғамдық тәртіп пен моральдық нормалардың негізі ретінде қызмет етеді.

Ислам, христиан, буддизм сияқты әлемдік діндер мен олардың қағидалары ғасырлар бойы адамдарды ынтымаққа, кешірімділікке, өзара көмекке шақырып келеді. Әсіресе, қазақ халқы үшін ислам діні рухани байлықтың, мәдениет пен дәстүрдің маңызды бөлігін құрайды.

Ұлтшылдық – бұл жалпы кең қолданыста айтылып жүргендей саяси идеология емес, ол белгілі бір ұлттың ойлау жүйесі, ұлттық сана-сезімі. Бұл сана-сезімде ұлт, ұлттық бірегейлік, отан деген категориялар «табиғи», «туа біткен» құндылықтар ретінде қабылданады.

Ұлтшылдық ертеректе қабылданған, ішкі ұлтқа ғана бағытталған дүниетаным емес, бұл қазіргі таңда халықаралық деңгейде бекітілген және қолданыстағы идеология. Ұлттық мемлекеттер бәрі бір-бірін «біз» және «олар» деп бөліп қарастырады. Ұлттық мүдделерді бірге қорғауға, ортақ жауды бірге еңсеруге шақырады.

Дін де ұлтшылдық тәрізді адамдардың қоғамдық ортадағы әлеуметтік бірегейлігін қалыптастырады. Дін де ұлтшылдық та әлеуметтік және мәдени бірегейлену не сәйкестенудің негізгі формалары мен қайнар көздері болып табылады. Дін және ұлтшылдық әлеуметтік ұйымдасудың жолы ретінде азаматтардың қоғамдағы белгілі бір құндылықтар төңірегінде топтасуына негіз болып, олардың қоғамдағы қатынастарын реттеуге, жіктеуге себеп болады.Кез келген ұлтшылдық халықты біріктіретін мифтер мен символдарға жүгінеді олардың ұрпақтан ұрпаққа өтуінде және топтық бірегейлігін нығайтуда өте маңызды рөл атқарады.

Шынымен де, символдар, дәстүрлер және рәсімдердің құндылығы мен күшінің зор екендігі соншалықты олар ұлтшылдықтың, ұлттық бірегейліктің маңызды компоненттері болып табылады. Оларды елемеу, таптау ұлтқа қиянат жасау, ұлттық бірегейліктің жоғалуына қауіп төндіру ретінде қарастырылады. Бұл ұлттық символдар мен құндылықтар топтың мәдени шекарасын анықтап, басқа топтан оқшаулану немесе ішкі топты жұмылдыру және біріктіру қасиетіне ие.   

Дін де, ұлтшылдық та саясиланған жағдайда қоғамдық өмірді реттеуде діни заңдарға сәйкес немесе ұлттың атынан не ұлт үшін қабылданған заңдарға сәйкес қайта құруды талап етеді. Екеуі де экономикалық ресурстарды иеленуде, саяси басқаруда, символикалық және мәдени құндылықтарды өндіруде өкілеттілікке ұмтылады. Мәселен, бірқатар араб мұсылман елдерінде президент тек мұсылман азамат қана бола алады. Ал ұлттық мемлекеттерде президент тек титулды немесе негізгі басым ұлттың өкілі болуы тиіс.  

Ортағасырлық халифатты қайта қалыптастыру, ғаламдық мұсылмандық умманы құтқаруға, қорғауға  саяси үндеулер арқылы шақыру. Олар мұсылман жамағатының қоғамдық өмірі қорғалуы қажет, оларды мұсылман мемлекетінде мұсылман емес азаматтар билік басында болмауы қажет. Осы үлгідегі исламистік қозғалыстарға Таблиғи жамағат, Мұсылман бауырластығы, Аль-Каида, т.б. террористік ұйымдар мен діни-саяси ұйымдарды жатқызуға болады.

Ал, ұлтшылдық – бұл ұлттық мәдениет пен тілдің сақталуы, ұлттық мүддені қорғау, мемлекеттің тәуелсіздігі мен дербестігін қамтамасыз ету мақсатында пайда болатын қозғалыс немесе идеология. Әрбір ұлттың өзіндік мәдениеті, дәстүрі, тарихы мен тілі бар, және ұлтшылдық осы ерекшеліктерді сақтап, нығайтуға бағытталған. Ұлтшылдық халықты бірлікке, ортақ мақсатқа жетуге шақыра отырып, мемлекет ішіндегі тұрақтылық пен үйлесімділікке қол жеткізуді көздейді.

Дін мен ұлтшылдықтың байланысы – өте нәзік және күрделі тақырып. Көптеген ұлттардың мәдениеті мен дәстүрінде діннің орны ерекше болғандықтан, дін ұлтшылдықпен тығыз байланысты. Кейбір мемлекеттерде дін ұлттық бірегейлікті нығайтуда үлкен рөл атқарады. Мысалы, қазақ халқы үшін ислам діні мәдениеттің, дәстүрдің маңызды бөлігін құрап, ұлттық құндылықтарды сақтауға ықпал етеді. Сонымен қатар, дін адамдарды жалпы адамзаттық құндылықтармен ұштастырып, ұлтшылдықтың шектен шығуына жол бермейді.

Алайда дін мен ұлтшылдықтың арасында қайшылықтар да туындауы мүмкін. Мысалы, шектен шыққан ұлтшылдық өзге ұлттар мен діндерге төзбеушілікке әкелуі ықтимал. Сондай-ақ, дін мен ұлтшылдықтың бір-біріне қарсы келетін жағдайлары да бар. Бір жағынан, дін барлық адамзатқа бірдей және жалпыға ортақ қағидаларды насихаттайды, ал ұлтшылдық бір ұлттың мүддесін басқалардан жоғары қоюға бейімделеді. Осылайша, белгілі бір деңгейде ұлтшылдық діннің әмбебап қағидаларымен қайшылыққа түсуі мүмкін.

Қорыта келе, дін мен ұлтшылдық – әр қоғамда маңызы зор, өзара байланысы да, айырмашылығы да бар екі күш. Олар әрбір халықтың мәдениетін, дәстүрін, өмір салтын анықтай отырып, ұлттық және рухани сананы қалыптастырады. Сондықтан дін мен ұлтшылдықты үйлесімді ұстану, олардың бір-біріне деген құрметін арттыру – қоғам тұрақтылығының маңызды факторы болып табылады.

  Ж.Битанов

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің 

Сайрам ауданындағы теолог маманы                                         

 

0 пікір