Дін мен дәстүрдің қандай қоғамда болмасын орны ерекше. Бұл секілді тақырыптардың күн тәртібіне келуіне ең алдымен дәстүрді мойындамайтын, ата-бабалардан жеткен діннің дәстүрлі формасына үзілді-кесілді қарсы шығатындар әсер етті. Діннің де, дәстүрдің де қоғамдағы атқарар функциялары мен міндеттері бір болғандықтан, дін болған жерде дәстүрдің болуы, дәстүрдің сақталған жерінде діннің болуы табиғи құбылыс. Екеуі де адамдарды бірлікке, ынтымаққа, бейбітшілікке шақырары хақ.
Ислам дінінің Орта Азия аумағында ғасырлар бойы сақталып насихатталуының арқасында ұстанып жүрген дәстүрлеріміздің барлығында Исламдық элементтер кездеседі. Бұл дәстүр мен діннің біте қайнасуына, сабақтасуына алып келген. Іс жүзінде атқарып жатқан дәстүрдің әлдеқандайын зерделейтін болсақ, түбінде Құранның аятын немесе Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) сүннетін табамыз. Діннен хабары болмаған қарапайым халық олардың діндегі сүннет, уәжіп немесе мустахап амал екенін білмеуі мүмкін. Алайда ол діндегі негізгі құндылықтар болып табылады.
Дәстүр уақыт өткен сайын өзіндік заманауи формаларын иемденіп қоғамға бейімделеді. Ал дін болса түпкі негізі өзгеріссіз қалып, сыртқы формасы мәдениет пен географияға қарай өзгеріп отырады. Дәстүр мәселесіне қарсы шығу және оны мойындамау тек сол ұлттың тарихына ғана балта шабу емес, сонымен қатар дінді бұзушылық болып есептеледі. Өйткені Ислам дінінде баяндалатын шайтан малғұн (Ібліс) топырақтан жаралған адамға сәжде жасап, басын июіне әмір етілгенде, менменшілдік пен көкіректік, өзінен басқа жаратылыстарға жоғарыдан қарап менсінбеушілік танытқаны үшін жәннаттан қуылған.
Халқымыздың ұлттық сана сезімі мен дәстүрлері Ислам дінімен тығыз байланысты болғанын жоғарыда атап өттік. Әдет-ғұрпымызда мейірімділік пен қамқорлықты кеңінен насихаттау бар. Бұл қасиетті мінез-құлыққа Ислам діні де шақырады.
Қазіргі таңда халық арасында «дәстүрлі Ислам» сөз тіркесі көптеп насихатталуда. Енді осы дәстүрлі Исламға тоқталатын болсақ. Дәстүрлі Ислам деп Ислам дінінің таралған аймақтарының дәстүрлерімен қоса синтезделуін айтамыз. Қазақ халқына жеткен Ислам діні бабалардың көрсеткен, дала заңдылығына ыңғайлы болған дәстүрлерімен діннің мәйегі болған Таухид принципіне теріс келмейтіндей жағдайда араласқан түрі болып есептеледі. Дәстүрімізге теріс көзқараспен қарау, оны жоққа шығару дінді мойындамаумен пара-пар. Жас ұрпаққа алдымен дінді емес дәстүр мен салттарды үйреткен абзал. Өйткені өскелең ұрпақ өз дәстүрін, төл мәдениетін жетік білгенде ғана қоғамның ішіндегі жаңадан пайда болып жатқан діни ағымдар мен ұйымдардың, дәстүрлі және дәстүрлі емес діни ағымдардың аражігін ажырата алатын болады.
Сонымен қатар дәстүр дегеніміз – ол өз ұлтын сүю. Адам баласы өз ұлтын сүйген жағдайда ғана ата-бабаларының белгілеп берген, өз ұлтына тән дәстүр мен ділін сүйе бастайды. Осы арқылы біздің дәстүрімізге, сонымен қоса дінімізге жат болған түрлі ойлар мен әрекеттерден аулақ боларымыз хақ. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз әлеуметтік, этностық және діни шиеленістер мен қақтығыстарды еңсерудің жаңа сенімді механизмдерін жасауымыз керек. Дәстүрлі емес секталар мен күмәнді жалған діни ағымдардың іс әрекетін қатаң түрде тыйып отыру қажет. Қоғамда, әсіресе жастар арасында діни экстремизм профилактикасын күшейтуіміз керек», – деп атап өткен болатын.
Бұл және өзге де тақырыптардың өзекті мәселеге айналуына деструктивті діни ағым жақтаушыларының көбеюі бірден бір себеп болды. Олардың діндегі ұстанып жүрген дәстүрлі мазһабымызды, дәстүрімізді мойындамауы олардың діни тақырыптарда ілім-білімдерінің таяз екенінің дәлелі. Дәстүріміздің осы секілді ағымдардың ортасында беделін көтеруіміз үшін қала, облыс, республика деңгейінде ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерімізді насихаттау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуы қажет. Сонымен қатар республика деңгейінде мектеп пен ЖОО-нда дәстүрді насихаттайтын, дәріптейтін сабақтар енгізіліп өскелең ұрпақтың көкірегін ұлттық сана-сезім, ұлттық код, ұлттық құндылықтармен толтыру қажет. Сонда ғана қоғамның арасында жүргенде кезіккен жат ағым мүшелеріне бұл пиғылдарының дұрыс болмағанын айтып, оларды қайтарып отыратыны сөзсіз.
Қорыта айтқанда, дін және дәстүр ағаш пен жеміс сияқты біртұтас құбылыс. Екі ұғымды бөліп қарастыруға болмайды. Өйткені қазақ даласындағы әрбір дәстүрдің түрі шариғаттан алынған. Бабаларымыз сонау исламның келуімен-ақ ақты ақ қараны қара деп айрып кеткені сөзсіз ақиқат. Қазіргі уақытта шариғатқа қарсы келетін дәстүрлер жоқ десекте болады. Ал шариғатқа қарсы келетін ырымдарды дәстүрге жатқыза алмаймыз. Дәстүр мен ырымды шатастырмау қажет. Салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына бекем болған – дініне де бекем болары ақиқат.
«Қоғамдағы дін қатынастарын зерттеу»
бөлімінің маманы Н. Әмзеев
Дін және дәстүр сабақтастығы