Дін – адамзат баласын ізгілікке, мейірім мен әділетке бастайтын ұлы құндылық. Мысалы Ислам діні бейбітшілік пен сабырлылықты насихаттайды. Алайда соңғы жылдары діннің атын жамылып, өздерінің теріс мақсаттарын жүзеге асырғысы келетін топтар көбейді. «Дін – адамгершіліктің айнасы, ал жалған дін – айнаға күйе жаққандай.» деген сөз дәл осы жағдайға сай келеді. Мұндай жалған уағыздар мен теріс әрекеттер жастардың санасын улап, елдің тыныштығына қауіп төндіреді. Олар қасиетті ұғымдарды бұрмалап, қоғам санасын улауға әрекет етуде. Бұл – елдің тыныштығы мен болашағына төнген үлкен қауіп.
Дін атын жамылған радикалды ағымдар жастарды арбайды. Олар әлеуметтік желілер мен түрлі жасырын топтар арқылы жалған уағыз таратып, дінді саясатпен араластырып, қоғамға қарсы көзқарас қалыптастыруға тырысады. Діни сауаты төмен, өмірлік тәжірибесі аз жасөспірімдер мұндай ықпалға тез еріп кетуі мүмкін.
Мұндай әрекеттердің салдары ауыр:
- Отбасы берекесі бұзылады;
- Жастар білім мен еңбектен алшақтайды;
- Қоғамда алауыздық пайда болады;
- Мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келеді.
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Яғни, мемлекет дінге құрметпен қарай отырып, оның саясатқа айналуына жол бермейді. Елімізде түрлі дін өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Сондықтан діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес – ұлттық қауіпсіздіктің басты бағыты. Қоғамға қауіптің басты себептеріне тоқталар болсақ.
Біріншіден, діни сауатсыздық. Кейбір жастар дінді терең түсінбей, интернеттегі кез-келген ақпаратқа сене береді.
Екіншіден, әлеуметтік мәселелер. Жұмыссыздық, тұрмыстық қиындықтар кейбір адамдарды жеңіл жол іздеуге итермелеуі мүмкін.
Үшіншіден, отбасы тәрбиесінің әлсіреуі. Ата-ана бақылауы мен мейірімі азайған жерде бала сыртқы ықпалға тез беріледі.
Төртіншіден, ғаламтордағы бақылаусыз ақпарат ағыны. Радикалды топтар әлеуметтік желіні шебер пайдаланады.
Қоғамға төнген қауіптің шешу жолдарына тоқталар болсақ.
- Діни білімді ресми, сенімді орындардан алу.
- Мектептер мен жоғары оқу орындарында діни сауаттылықты арттыру.
- Отбасы құндылықтарын нығайту.
- Жастарды білімге, спортқа, еңбекке баулу.
- Ақпараттық қауіпсіздікті күшейту және түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Әр адам діннің мәнін дұрыс түсініп, оның шынайы мақсаты – бейбітшілік пен ізгілік екенін ұғынуы керек.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні дін – бірлік пен руханияттың тірегі. Ал дін атын жамылған теріс ағымдар – қоғамның жарасы. Қоғамның қауіпсіздігі – әр азаматтың адалдығы мен саналы әрекетіне байланысты. Біз әрқашан діннің мәнін түсініп, оның шынайы мақсаты – бейбітшілік пен ізгілік екенін ұмытпауымыз керек. «Қоғам қауіпсіздігі – әр адамның адалдығымен сақталады» және «Санасыздыққа салынған әр қадам – халыққа зиян» деген сөздерді есте сақтаған жөн. Олар елдің ынтымағын бұзып, жастардың болашағын тұмандатады. Сондықтан әр азамат сергек болуы тиіс. Тек білімді, саналы, бірлігі бекем қоғам ғана мұндай қауіпке төтеп бере алады.
Ел тыныштығы – ең қымбат қазына. Оны сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Қ.Салықбаев
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын
ұйымдастыру бөлімінің басшысы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru