Деструктивті діни ағымдардың арбау белгілері
Деструктивті діни ағымдардың арбау белгілері
25.11.2024
184
0

 

Діни экстремизм мен терроризм қазіргі таңда бүкіл адамзатқа төнген ең үлкен қауіп-қатерлердің біріне айналып отыр. Ал бұған алып келетін жолдардың бірі – деструктивті діни ағымдар.

Деструктивті діни ағымдар – адамдардың құқықтары мен бостандықтарына қауіп төндіретін, қалыптасқан мемлекеттік құрылымды, қоғамдық тәртіпті бұзуға, қоғамның рухани, тарихи, мәдени құндылықтары мен дәстүрлеріне нұқсан келтіретін, өз қатарына қосылған адамдардың ой-санасы мен еркіне толық бақылау орнатуға тырысатын қауіпті діни көзқарастардың, ойлар мен идеялардың, сондай-ақ ілімдердің жиынтығы.

Деструктивті діни ағымдар қоғамдық қауіпсіздікке, неке және отбасы институтына, адам денсаулығына қатер төндіреді. Мұндай ағымдардың негізгі белгеілеріне:

Қазақстанда тұратын барлық этностардың ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрлерін (Наурыз мейрамын тойлауды, қазақ халқының «бет ашар», «сәлем салу» салттарын, өмірден озған жандарға Құран бағыштауды және т.б.) жоққа шығарады;

Зайырлы мемлекеттерге және зайырлы өмір сүру салтына қарсылық танытады;

Мемлекеттік рәміздерді және мемлекеттік мерекелерді құрметтемейді;

Мазхабтарды, оның ішінде Қазақстанның көпшілік мұсылмандары ұстанатын ханафи мазхабын жоққа шығарады;

Дәстүрлі исламды ұстанатын мұсылмандарды күпірлік жасайды да айыптайды, өзге діндердің өкілдері мен дінді ұстанбайтын адамдарға төзімсіздік танытады;

Заманауи мәдениет және өнер түрлеріне (музыка, балет, бейнелеу өнері және т.б.) өшпенділік танытады;

Конституцияда белгіленген міндеттерді (әскерде қызмет ету, міндетті орта білім алу және т.б.) орындаудан бас тартады;

Медициналық рәсімдердің кейбір түрлерінен (қан құю, вакцинация, ағза мүшелерін трансплантациялау және т.б.) бас тартады;

Ұлттық құндылықтарды, барлық ұлттар мен этностардың дәстүрі мен салтын, дәстүрлі діни танымын (наурыз, беташар, сәлем салу, зиярат, рух-әруақ түсінігін, жеті шелпек тарату, қабірге құран бағыштау, әулиелерге және т.б.) жоққа шығарады;

Мемлекеттік саясатқа, оның жүйесіне, құқықтық-конституциялық негіздеріне, зайырлылық ұстанымына, азаматтық өмір салтына төзімсіздігі агрессиялық сипатқа ие;

Ұлттық және мемлекеттік мерекелерге, марапаттар мен символдарға, таңбалар мен әнұранға қарсы;

Қазақ болмысының мәні – Матуриди діни танымына, ханафи фикх ерекшеліктеріне, жалпы мазхаб ұстанымына қарсы, мұсылмандық негіздерге бидғат, ширк, куфр деп қарайды;

Басқа дін өкілдеріне, еш дінге қатысы жоқтарға өшпенділікпен қарайды;

Мәдениет, өнер, ғылым мен философиялық танымға, музыкаға, балет, сурет салуға қарсы агрессиялық психологияны ұстанып, білім беру мекемелеріндегі жекелеген пәндерге (биология, дене шынықтыру және т.б.) қатыспауға шақырады.

Жат ағым насихаттаушылары негізінен адамдармен тікелей қарым қатынас жасайтын көпшілік ортада кәсіп ететін, әсіресе сауда орындарында қызмет ететін жастарды таңдайды. Жат ағымда жүрген жастардың позициясы бөлек. Олардың түсінігінде айлық алуға болмайды, банкпен жұмыс істеу харам. Сол себептен де тек базар, сауда орындарында жұмыс жасауға тырысады.  

Кең таралған теріс ағымдардың ұстанған қағидасы адамды алдап арбау, физикалық, психикалық және рухани еркіндігіне тұсау салу болып табылады. Деструктивті діни ұйым мүшелерінде діни соқыр сенімнің шынайылығына сену, ата-аналарға деген өшпенділіктің пайда болуы, оқудан, жұмысынан, дәрігерге қаралудан, телеарна, газет-журнал ақпаратын тұтынудан бас тарту, кемінде 3-5 сағат қана көз ілу, ақуызы бар тағамдарды тұтынбау, тұйықтану, достармен араласпау, әлемде орын алған сыртқы өзгерістерге агрессивті көзқараста болу, ұлттық құндылықтарды жоққа шығару, билікке қырын қарау, салт дәстүр мен әдет ғұрыптардың кейбірін Аллаға серік қосу деп санау, ұлттық мейрамдарды тойлауға қарсылық, зайырлы, заманауи білім алудан бас тарту, дәстүрлі заманауи медицинаны мойындамау, дәстүрлі дін қызметкерлеріне иланбау сияқты белгілер анық байқалады.

Жат ағым өкілдері ең алғаш қатарларына қосылған азаматпен жақын қарым-қатынас құрып, өзіне жақын тарту үшін құшақтап, жылы сөздер айтып, қамқор болады. Көзден мүлдем таса қылмай, оны қоғамнан оқшаулауға тырысады. Қоғамнан оқшауланған адам әрбір ақпараттың шынайылығын тексеруден қалады.

Жат ағымның жетегіне кетудің салдары қауіпті. Өкінішке орай, ата анасынан, елінен, ұлтынан, мемлекетінен безініп, қарсы шығып, дін атын жамылып, лаңкестікке барып, бүлік жасап, билікке қарсы шығып жатқандар осы санасы уланған жастарымыз болып отыр.

Әрине олардың ондай топтарға қосылуының әр түрлі өзіндік себептері бар. Біреу рухани кеңістігін толтырып, рухани кемелденуді ойласа, біреу тұрмыстың қиындығынан жағдайын жасау үшін, енді біреу діни сауаты болмағаны себебінен жат ағым жетегіне ерді.

Деструктивті діни ағымдар билікке және оның өкілдеріне, мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасайтын азаматтарға жеккөрушілік пен жақтырмаушылықты қалыптастырады.

Зайырлы мемлекетті, зайырлы заңдар мен салт дәстүрлерге қарсы пікір туындатып, өз көзқарастарын баяндайтын кітаптар, бейнелер, интернет сілтемелер, әлеуметтік желілер мен шейхтардың уағыз-насихаттарын  ұсынады. Дәстүрлі дін өкілдеріне, мүфтият пен оның имамдарының сеніміне, қызметіне нұқсан келтіретін жалған және арандатушылық материалдарды насихаттап таратады. Ата-аналасымен, отбасы мүшелерімен, туған-туыстармен қатынасты үзуге итермелейді. Олардың жейтін тамағын харамға санап, айналасындағы адамдар кәпір деген түсінік қалыптастырады.

Дін – ұлттың негізін құрайтын ең басты факторлардың бірі. Сондықтан, діни тұрақтылық ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі барлық азаматтардың ортақ ауызбіршілігі, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – мемлекеттің басты ұстанымы, сол себептен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстаған жөн.

 

 

 Б.Өтеген

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы                         

0 пікір