Деструктивті діни ағымдардан қалай сақтанамыз?
Деструктивті діни ағымдардан қалай сақтанамыз?
29.09.2022
1397
0

Бүгінгі күнде түрлі жат ағымдар мен миссионерлік топтар өздерінің теріс пиғылдарын жүзеге асырып бағуда. Әлі тұлға ретінде қалыптаспаған, ақ пен қараны, оң мен солды ажырата алмаған жастарымыздың, сонымен қатар ес тоқтатқан азаматтардың да санасын улап, жат ағымның жетегіне кетуге мәжбүрлеуде. Тіпті, теріс діни ағым қоғам дертіне айналып бара жатқаны өкінішті?!

Адамзат баласының ортақ құндылықтарының бірі - дін. Дін дегеніміз – нәзік құбылыс, тұлғаның рухани дүниетанымын қалыптастыратын қасиет. Ондағы кейбір термин заманға сай атауын өзгерткенімен, ішкі мағынасын жоғалтқан емес. Солардың бірі – деструктивті діни ағым. Қоғамда дәстүрлі дінге қайшы ағымдарды «деструктивті немесе кереғар діни ағымдар» деп атаймыз. «Деструктивті» деген сөз латын тілінен «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді.

Қазіргі таңда, өзекті мәселенің бірі - дін екені  баршамызға мәлім. Шынайы дініміздің құндылықтары, қағидалары, шарттары мен бағыттары адам баласын жақсылыққа, ізгілікке шақыратыны айқын. Ал діннің атын жамылған кереғар діни  ағымдардың іс-әрекеттері адамды кері кетіруге, адасушылықтарға жетелейтіні анық.

Деструктивті діни топтардың ықпалына түскен адамдардың бойында мынадай типтік белгілер кездеседі:

  • діни тақырыптарға шамадан  тыс көп әуестенуі;
  • ата-анасына, жақын туған-туыстарына бағынбау;
  • араласып жүрген адамдарына, отбасына, достарына, кәсібіне қарым-қатынасының өзгеруі;
  • өзінен-өзі тұйықталу;
  • еш себепсіз үйінен жиі кетіп қалу;
  • отаншылдық сезімге, өз елінің төл мәдениетіне, салт-дәстүріне, ата-бабасына мысқылдап қарау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуден қалу.

Жат ағымды насихаттаушылар өз мүшелеріне заттай қарағандарымен қоймай, оларға бейэтикалық тәсіл қолданып өздерінің ырықтарына бағындырғысы келеді. Мысалы; психологиялық қысым көрсету, бопсалау, қорқыту, ұрып-соғу және т.б. НЛБ (нейро лингвистикалық бақылау) яғни сананы бақылауға алу арқылы жат ағым насихаттаушылары жергілікті халық көп шоғырланған елдімекендерде тұрып, қызметтерін табысты атқару үшін сол халықтың тілін, әдет-ғұрпын, мінез-құлықтарын жеткілікті деңгейде зерттеп, үйренеді. А.Котляровтың пікіріне сүйенетін болсақ, беймаза және күмәншіл адамдар, перфекционизмге бейім тұлғалар мен өзінің ішкі әлеміне терең қарайтындар,  инфантильді  адамдар (жасы егде тартқан кей адамдардың ой-өрісі мен іс-әрекеті балаға ұқсап, өздерін бала сияқты сезінетін жандар), рухани күйзелісте жүргендер, өмірлік ұстанымдары қалыптаспаған адамдар теріс діни ағымның ықпалына тез түседі. 

Психологтар жүргізген зерттеу нәтижесіне тоқтала кетер болсақ, 14-25 жас аралығындағы жастар аутоагрессивті әрекеттерге сезімтал екені анықталған. Жасөспірімдердің санасы енді бүршік атып келе жатқан ағаш іспетті, жаңа қалыптасып келе жатқандықтан, кез келген нәрсені өзіне жақын қабылдауға дайын тұрады. Бұл кезеңде оғаш мінез-құлық белгілерінің көрінуіне әсер етуші бірден бір фактор – оның ата-анасы және отбасындағы жалпы психологиялық ахуал. Егер әрбір ата-ана осы шақта баласына дұрыс көңіл бөліп, баласымен жақсы қарым-қатынас орнатып, сонымен қатар материалдық және рухани құндылықтармен қамтамасыз ететін болса, жасөспірімде болатын ауытқу ахуалдарының алдын алуға мүмкіндігі болады. Жасөспірімнің психологиясы енді қалыптасып жатқан тұста санасына дұрыс қасиеттерді сіңіру қажет. Тәрбие арқылы, баланың бойындағы жаман әдет пен теріс қылықтан арылтуға болады. Сондай-ақ, жасөспірімнің жаны таза, көңілі ақ, рухани сезімге бай тұлға етіп қалыптастырған абзал.

 Бүгінгі күні статистикалық мәліметтер бойынша, дінге қызығушылық білдірген азаматтардың 73% қажетті мағлұматтарды ғаламтор желісінен іздейді екен. Бұл көрсеткіш еліміздегі жастардың басым бөлігі діни сауатын ең алдымен интернет арқылы ашатынын көрсетеді. Яғни, шырпы жақсаң тұтануға шақ тұрған қазіргі қоғамда ғаламтор сайттары, видеохостингтер, әлеуметтік парақшалар («ВКонтакте», «Facebook», «Instagram», «Telegram», «Tik-tok», «Одноклассники», «Twitter», «Мой Мир»), блогплатформалар және басқа да байланыстырушы масс-медиа құралдары әлемде заманауи мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптердің туындауына септігін тигізуде. 

Сол қауіпті сейілтудің бірнеше жолдары:

  • Әр саланы өз маманынан біліп, үйренгеніміз жөн. Егерде сізді қандай да бір діни сауалдар мазаласа, өзіңздің тұрғылықты жеріңіздегі ҚМДБ филиалдарына яғни мешіттерге барып, имамдардан өз жауабыңызды ала аласыз.
  • Егерде діни сауатыңызды ашқыңыз келсе, ең алдымен ғаламтор беттерін парақтамай, мешіт имамдарынан, медресе ұстаздарынан дәріс алған жөн.
  • Егерде сізге белгісіз адам діни материалдарды (фото, бейне-аудио жазба) жіберсе, не себепті жібергенін сұрап, іштей сараптама жүргізгеніңіз абзал.
  • Қазақта: «Отыз екі тістен шыққан сөз, отыз екі елге тарайды»- деген дана сөз бар. Бейтаныс адамдарға сырыңызды айтудан, жан-тәніңізбен ашылудан  сақтаныңыз. Теріс діни ағым өкілдері   сіз туралы мәліметтерді өзіңізге қарсы қолданудан тайсалмайтыны хақ.
  • Хәкім Абай: «Сен де бір кірпішдүниеге, Кетігін тап та, бар қалан!»- демекші, өмірден өз орныңызды тауып, алға қойған арман-мақсаттарыңызды нақтылағаныңыз өзіңізге жақсы. Сонда ғана жат діни ағымның жетегіне еріп кетуден аулақ боласыз.
  • Абайша айтқанда «Өзіңе сенөзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап!»- дегендей, тек қана өзіңіздің күшіңізге, өзіңіздің ақылыңызға арқа сүйеңіз.

Қорытындылай келе қауіптің алдын алу үшін жастардың құқықтық және діни сауатын арттыру мақсатында жүйелі ақпараттық түсіндіру шараларын өткізіп, діни ағартушылық бағдарламалар ұсыну қажет. Тағы да атап өтер жайт, ғаламтор кеңістігінде орналастырылған діни мақалалардың дұрыстығына көз жеткізіп, тек қана ресми сайттардан ғана оқу маңызды.

 

А.Борибекова

Теолог маман                                                                                

0 пікір