Қазіргі жаһандану дәуірінде ақпараттық технологиялар мен әлеуметтік желілердің дамуы адамдардың ой-санасына әртүрлі идеялар мен көзқарастардың тез таралуына жол ашты. Өкінішке қарай, осы мүмкіндікті өз пайдасына қолданатын, қоғамға қауіп төндіретін деструктивті діни ағымдар да көбейді. Бұл ағымдар сырттай діни сипатта көрінгенімен, шын мәнінде олардың мақсаты – халықтың бірлігін бұзу, дәстүрлі рухани құндылықтарды жою және өз идеологиясын күштеп таңу.
Деструктивті діни ағымдардың ең басты нысаналарының бірі – отбасы. Себебі отбасы – қоғамның ең кішкентай, бірақ ең маңызды ұясы. Отбасында қалыптасқан құндылықтар, әдет-ғұрыптар мен өзара сыйластық – біртұтас мемлекеттің тұрақтылығының кепілі. Алайда деструктивті ағымдар осы бірлікті бұзу үшін алдымен отбасының ішіне іріткі салады. Олар дәстүрлі салт-дәстүрді жоққа шығарып, ата-ана мен бала арасындағы сыйластықты әлсіретеді. Мысалы, «Ата-анаң намаз оқымаса кәпір», «Намаз оқымайтын ата- ананың асын ішуге болмайды» деген түсінікке шақыру, ата-ананың насихатын «дінге қайшы» деп қабылдату немесе туысқандық байланысты «маңызсыз» деп түсіндіру – олардың жиі қолданатын әдістері. Нәтижесінде, ата-анаға қарсы шыққан жастар, бауырмалдық қасиетін жоғалтқан ұрпақ пайда болады.
Деструктивті діни ағымдардың отабасыдағы тағы бір зияны бір-біріне деген сенімді жоғалтады – жанұядағы адамдардың бір-біріне деген сенімі. Бұл отбасылық үйлесімділікті сақтауда маңызды рөл атқаратын шайқалмайтын іргетас. Сенімділік отбасының әрбір мүшесі басқа мүшелердің қолдауымен оны ешқашан жолда тастамайтынына сене алатынын білдіреді. Сенім бар жерде, тыныштық, қауіпсіздік бар. Сенімнің арқасында отбасы мүшелері өз ойы мен сезімін ашық білдіре алады. Сонымен қатар сенім эмоционалды байланыстың дамуына ықпал етеді әрі кикілжіңдерді бейбіт түрде ақылға салып шешуге көмектеседі.
Қоғам үшін де мұндай ағымдардың зияны орасан. Біртұтас ұлтты алауыздыққа бөлетін, «өзіміз» және «өзгелер» деп жікке бөлетін түсінік қоғамда сенімсіздік тудырады. Бұл – әлеуметтік тұрақтылыққа және мемлекеттің қауіпсіздігіне тікелей қатер. Тіпті мұндай идеологияның соңында діни экстремизм мен терроризм сияқты аса қауіпті құбылыстар тұруы мүмкін. Деструктивті ағымдар мемлекеттің заңдары мен ережелерін мойындамай, өздерінің тар шеңберлі ережелерін алға тартады, бұл құқықтық тәртіпке де нұқсан келтіреді.
Дәстүрлі дін мен деструктивті ағымның айырмашылығы – мақсатында. Дәстүрлі дін адамдарды ізгілікке, сабырлылыққа, бір-біріне көмектесуге және бейбіт өмір сүруге шақырады. Ал деструктивті ағымдар керісінше, адамдардың бойында күдік, дұшпандық сезімін оятады және қоғамнан оқшаулануына ықпал етеді.
Осындай қауіптің алдын алу үшін бірнеше маңызды шаралар қажет:
1. Діни сауаттылықты арттыру – әр азамат өз діні туралы сенімді, дұрыс ақпаратты мешіттерден, діни басқармалардан, ресми діни әдебиеттерден алуы тиіс.
2. Отбасындағы тәрбиені күшейту – балаға жастайынан ата-баба салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарды және сыйластық қағидаттарын үйрету қажет.
3. Ақпараттық қауіпсіздік – интернет кеңістігінде радикалды контенттің таралуын шектеу, жалған діни үгіт-насихатқа қарсы түсіндіру жұмыстарын күшейту.
4. Қоғамдық бірлікті нығайту – түрлі ұлт пен дінді ұстанатын азаматтар арасындағы сыйластықты дәріптеу, ортақ мақсатқа жұмылдыру.
Қорытындылай келе, деструктивті діни ағымдар – отбасы мен қоғамның ең басты жауы. Олардың мақсаты – бірлікті бұзу, ал бірлігі жоқ елдің болашағы да бұлыңғыр. Сондықтан әр азамат бұл қауіпке бейжай қарамауы керек. Бірлігімізді, тұрақтылығымызды және рухани құндылықтарымызды сақтау – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.
Д.Зиябек
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы
Деструктивті діни ағымдар – отбасы мен қоғам бірлігінің жауы
