Қазақстан өз алдына тәуелсіздігін жариялап, сенім бостандығына ерік берген тұста, сырттан ағылған жат діни ағымдар ағыны ұлғая түсті. Халықаралық құқықтық нормаларды бекітіп, конвенцияларға қосылу сырттан келетін діни ағымдардың да ықпалын күшейтуге жол ашты. Деструктивті ағымдар елдің әлеуметтік осал тұстарын пайдаланып, өздерінің мақсат-мүддесін жүзеге асыруға белсене кірісті.
Жалпы дін деген дүние адамзат тарихының қай кезеңінде болсын адам өмірінің маңызды қажеттіліктерінің бірі болып табылады. Ал қазіргі таңда діннің төңірегінде орын алып жатқан жағдаяттар бүгінгі қоғамда діннің өзектілігін одан әрі арттырып отыр. Өкінішке орай, күннен-күнге діннің маңыздылығына қарағанда, оның кері ықпалын көрсетуге бағытталған пікірлер қалыптасып жатыр. Нәтижесінде діни экстремизм, діни терроризм секілді терминдер ислам атауымен қатар қолданылып, дінді қауіпті, зиянды дүние ретінде көрсетіп тұр. Жаһандану процессіне жұтыла бастаған қазіргі әлемде соңғы жарты ғасырдан бері исламдану қарқынды жүріп жатыр. Мұны әрине жақсы үрдіс деуге болады. Бірақ әттеген-ай дейтін тұстары да баршылық. Себебі кейбір келеңсіз жайттарға байланысты исламды «құбыжық дін» деп танып жатқандар да бар. Жалпы қазіргі таңда қоғам арасында дәстүрлі емес діни жат ағымдардың қатарына адам тарту тәсілі бүгінгі күні өзгерген. Нақтырақ айтқанда заманға сай өзгерген, қоғамның сұранысына қарай бейімделген. Ал жат ағым иелері жастардың санасын қалай улайды? Не себепті жастар тез дәстүрлі емес діни бағыттағы ағым жетегіне еріп кете барады? Оған негіз – білімсіздік. Алла Тағала Құранда «Бақара» сүресінің 30-34 аяттарында былай дейді: «Кезінде раббың періштелерге: «Мен жер бетінде (үкім жүргізетін) халифа жаратамын, дегенде, періштелер (таңырқап): «Сонда жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасайтын және нақақтан-нақақ қан төгілетін біреуді жаратпақсың ба?! Біз бір өзіңе үздіксіз мадақ һәм шүкіршілік айтып, мінсіз, кемшілік атаулыдан ада, пәк һәм ұлы екеніңді жар салып, сені ұлықтаудамызғой»,- деді. Сонда Алла оларға «Расында, мен сендер білмейтін қаншама жайттың қыр-сыры мен хикметін білемін» деді. Адамды періштеден үстем еткен – білім деген сөз осы тұста тура айтылғандай.
Ал бүгінде өзге ағым ұстанушылар дәстүрлі бағыттағы ілімді жоққа шығарып, бидғат деген ұстанымды құп көреді. Осылайша жастардың санасын улап, жат діни иммунитетті бойына сіңіріп, қалыптастырады. Ал бұл келешек ұрпақ үшін дәстүрлі діни бағыттағы исламды мойындамауға, басшылыққа қарсы шығу яки бойсұнбауға әкеп соқтырады.
Бүгінде теріс пиғылды түрлі діни ағымдар мен секталар пайдаланудың қас шеберіне айналды. Олардың басты ерекшелігі адамның психологиялық болмысын жақсы меңгергендігінде. Осы білімдерін теріс максатта пайдаланып, өз жақтаушылар қатарына қосуға үгіттейді. Керағар сенімге кіргізудің сан түрлі тәсілдерін қолданады. Қоғамға, әсіресе жастарға мақсатты түрде ықпал ету үшін әлеуметтік желілер, экстремистік және террористік идеяларды белсенді насихаттайтын бейнероликтерді, әдебиеттерді заңсыз түрде насихаттау арқылы жүргізіледі.
Кімді арбайды?
– Арбаушының құрбаны кез келген адам болуы мүмкін. Тәуекел тобына отбасынан бөлінген немесе бақытсыз махаббатпен ауыратын, күрделі қарым-қатынастардағы адамдар;
– Арбаушы көбінесе қиыншылыққа төзімсіз, өмірілік тәжірибесі аз, білімі таяз жандарды тартуға тырысады;
– Арбаушылар көбіне өз мақсатына ер адамдарды емес, балалар мен жалғызбасты әйелдерді таңдайды. Олар әлеуметтік желілерде, форумдарда белсенділік танытып, ер адамдарға қарағанда түрлі құндылықтарды қолдануға бейім.
– Депрессияға ұшыраған адамдар;
– Өз ақылымен шешім қабылдай алмайтындар;
– Психикалық ауытқуы бар адамдар.
Адамды радикализмге дайындау үшін ақиқат деп таныған жолын жою керек. Ақиқат жолынан айырылған адам өмірлік бағдарын жоғалтады. Адамның ақиқат танымы бұзылған жағдайда оның қорғану механизмі жұмысын тоқтатады. Адамды физиологиялық тұрғыда өзгеріске салса, онда оның тұлғалығы бұзылады.
М.Құрманбек
Теолог маман
Деструктивті ағымдар «Шәкірттерді» қалай шырмайды?