Дәстүрлі құндылықтар – азаматтық қоғам кепілі
Дәстүрлі құндылықтар – азаматтық қоғам кепілі
02.09.2025
359
0

Әлемде ұлт болып ұйысып келе жатқан қаншама халық бар. Бүгінде адам баласы иновациялық, техникалық, экономикалық, материалдық құндылықтар өркендеген жаңашылдық дәуірде өмір сүруде. Олардың арасында жаңа дәуірге қадам басып, ата-бабадан кележатқан құндылықтарды артта қалдырса, ал кейбірі ұлтық болмыстың негізгі кепілі салт-сана, дәстүр екенін түсініп, тарихи мирасын жандандырып отыр. Заман жаңарған сайын, бірте-бірте ата-бабадан қалған дәстүрден алшақтау қаншалықты дұрыс? Әрине дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Олардың орнын заманауи құндылықтар толтыра алады ма?

Алаш заманында Алаш төрағасы Әлихан Бөкейханов: «Қазақтың діннен кейінгі ең күшті құралы – салт-дәстүрі. Ұлттық сана мен ақыл-парасатты әдеп-ғұрып, салт-дәстүрден табамыз», – деп айтқан. Ал қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым Ахмет Байтұрсынұлы болса: «Сөздің ең ұлысы – тарих. Елдің сақталуы үшін оның тілі, діні, ділі мен дәстүрі жоғалмауы керек», – деген.

Кеңес дәуірінде тегімізді, түбімізді жоғалтып алажаздаған халық ретінде  ата-бабадан қалған мирасты сақтап қалу аманат екенін түсінген әскери қайраткер, ержүрек қолбасшы, жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы: «Қазақ халқының дәстүрі – тәртіп пен сыйластыққа негізделген. Біз осы дәстүрімізді сақтауға тиіспіз» – десе, сол заманда отыз жылдан астам уақыт ел басқарған, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаев: «Халықтың ізгі дәстүрі – біздің асыл мұрамыз», – деген.  Ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы Әлекей Марғұлан: «Салт-дәстүр – халықтың ғасырлар бойы жинақталған өмір тәжірибесінің қазынасы» – деп анықтама берген. Қоғам қайраткері, қазақ ақыны, жазушы, лингвист-ғалым Олжас Сүлейменов: «Өткенін ұмытқан халықтың болашағы бұлынғыр. Дәстүр – тамыр, тамырсыз ағаш болмайды», – деп дәстүрлі құндылықтарды – азаматтық қоғамның қалыптасуының негізгі кепілі деп түсінген.

Ешбір жеке адам, халық және мемлекет мәдениеті ұлттық құндылықтарсыз өмір сүре алмайды. Дәстүр мен жаңашылдық арасындағы айырмашылық; өзімдікі мен өзгенікі арасындағы айқын үйлесімділік. Тарихи мирасты жандандыру деген тек өткенге оралу емес, ол өшкенді жандыру, діни қайта өрлеу, шашыраған құндылықтарды түгендеу жаппай батыстандыруды араластырмай, белсенді модернизация аймағында жүру дегенді білдіреді. Себебі халқымыздың өзіне тән қайталанбас тарихы, ешкімге ұқсамайтын мәдениеті мен өркениеті, асқақ рухты болмысы бар. Қазiр жаһандану дәуiрi басталды және онда қай ұлттың рухани мәдениетi күштi болса, сол ұлт өмiр сүруге бейiм болады да, рухани мәдениетi әлсiз елдер ассимиляцияға ұшырап, өз-өзiнен жойылып отырады.

Бұл адамзат қоғамының дамуындағы заңды құбылыс. Сондықтанда оған ешкiм қарсы тұра алмайды. Қазiргi кезеңде дүние жүзiнде «Мәдениеттер майданы» жүрiп жатыр деуге болады. Әр бір ұлт өз тілін, мәдениетін өзге ұлтқа тықпалауда. Біздің бүгінгі ұлттық идеологиямыз – негізгі құндылықтарымызды сақтай отырып, әлемдік өркениеттік үрдістер аясында саяси, әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан өз орнымызды иелену.

Түркі халықтарына ортақ ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт ата: «Ұлдың күні күн емес – атадан мал қалмаса, ата малы пұл емес – баста ақыл болмаса» – деген. Сөздің астарында «мал» дегені атадан қалған жер, салт-дәстүр, тіл, дін мен діл байлығымызды дұрыс жұмсай алмасақ, «баста ақыл болмаса» оның барлығы бекершілік, түбінде сол ұлт құрдымға кететіні сөзсіз.

Өркениетті ел болғандықтан республиканың дамуы баянды болуының бір кепілі – өзіміздің дәстүрлі, рухани-мәдени құндылықтырымыздың тарихи өткеніне қайта үңілу, оларды ой елегінен өткізу, тарих қатпарында қалған рухани дүниеміздің жанды тамырларын қайта қалыптастыру – азаматтық қоғам кепілі болып табылады.

 

  А.Дүйсен

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                                   

0 пікір