Дәстүрлі құндылықтар мен радикалды көзқарастар арасындағы қарым-қатынас қазіргі қоғамда ерекше маңызға ие болып отыр. Әсіресе, жаһандану, мәдени алмасу, әлеуметтік өзгерістер мен жаңа ақпараттық технологиялардың дамуы салдарынан бұл мәселе өте өзекті. Дәстүрлі құндылықтар қоғамның тұрақтылығын сақтауға ықпал ететін, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалатын негізгі ұстанымдар болып табылады. Бұл құндылықтар көбінесе отбасы мен ата-ананың қадірі, құрмет пен тәртіп, ұлттық мәдениет пен тіл, рухани байлық пен адамгершілік қағидаларымен байланысты. Олар қоғамның бірлігін сақтап, оның әлеуметтік өмірінің негізін қалыптастырады.
Дәстүрлі құндылықтар мен радикалды көзқарастардың арасындағы қарама-қайшылықтар қоғамдағы әлеуметтік динамиканың негізін қалыптастырады. Радикализм қоғамды түбегейлі өзгертуге ұмтылатын көзқарастар мен әрекеттер ретінде сипатталады. Бұл идеялар көбінесе күшті идеологиялық немесе саяси қозғалыстардың негізінде пайда болады және әлеуметтік құрылымдардың тұрақтылығына нұқсан келтіруі мүмкін. Радикалды көзқарастар қоғамды бөлшектеп, түрлі әлеуметтік топтардың арасында түсініспеушілік пен шиеленістер туғызуы ықтимал.
Дәстүрлі құндылықтар қоғамның тарихи тәжірибесін, мәдениетін және әлеуметтік құрылымын сақтауға бағытталған болса, радикалды көзқарастар бұл жүйелерді өзгертуге тырысады. Әсіресе, қоғамдағы мәдени айырмашылықтар мен діни көзқарастарды түсінбеушілікке әкеліп, бейбітшілікті бұзуы мүмкін. Дәстүрлі құндылықтардың сақталуы қоғамның тұрақтылығы мен бірлігін нығайтуға көмектеседі, ал радикализм оның құрылымына қауіп төндіреді.
Қазақстандағы дәстүрлі құндылықтар мен радикалды көзқарастар арасындағы теңгерім мәселесі шынымен де өзекті болып отыр, өйткені еліміздегі көпұлтты және көпдінді қоғамда әртүрлі мәдениеттер мен діндер арасындағы үйлесімділік ерекше мәнге ие. Қазақстанның әлеуметтік құрылымы мен дамуы үшін дәстүрлі құндылықтарды сақтау өте маңызды. Бұл құндылықтар әртүрлі этникалық және мәдени топтардың арасында сенім мен құрметке негізделген бейбіт өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары, әсіресе жастар арасында, радикалды көзқарастардың таралуы қауіпті үрдіске айналды. Әлеуметтік желілер мен интернет алаңдарында радикалды идеологиялардың кеңінен таралуы жастардың ойлау жүйесіне теріс әсерін тигізіп, дәстүрлі құндылықтарды жоққа шығаруға, қоғамдағы тұрақтылықты бұзуға әкелуі мүмкін. Өкінішке орай, интернетте жарнамаланатын экстремистік идеялар мен радикалды пікірлер тез арада жасөспірімдер мен жастар арасында таралып, олардың діни немесе саяси ұстанымдарын радикалдандыруы мүмкін. Мұндай өзгерістер қоғамның ішіндегі шиеленістерді күшейтіп, түрлі топтар арасында түсініспеушілік пен қақтығыстарды тудыруы ықтимал.
Радикализмнің бұл түрі жас ұрпақты дәстүрлі мәдениетке, ұлттық құндылықтарға, тарихи мұраға қарсы қоюға тырысады. Көп жағдайда радикалды идеологиялардың әлеуметтік желілер мен интернет алаңдарында кеңінен таралуы жастардың ой-санасына әсер етіп, өздерінің этникалық және діни сәйкестігін қайта қарауға мәжбүр етеді. Бұндай жағдайда жас адамдар ұлттық және мәдени өзара сыйластықты жоғалтып, қоғамның бірлігін бұзу қаупі артады. Бұл Қазақстан үшін өте маңызды проблема болып табылады, себебі елімізде ұлттар мен діндер арасындағы бейбітшілікті сақтау -мемлекетіміздің тұрақтылығы мен болашағы үшін негізгі факторлардың бірі.
Осылайша, радикалды көзқарастарды таратуға қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының немесе үкіметтің міндеті ғана емес, сонымен қатар әрбір азаматтың жауапкершілігі болуы тиіс. Бұл үшін жастарды білім беру жүйесі арқылы дәстүрлі құндылықтарға негізделген дұрыс тәрбие беру, радикалды идеяларға қарсы ақпараттық компаниялар жүргізу, сондай-ақ мәдени және діни төзімділік пен өзара құрметті дамыту маңызды. Тек осындай біріккен әрекет арқылы ғана біз қоғамдағы тұрақтылықты сақтап, болашақ ұрпақты радикализмнен қорғауға мүмкіндігіміз болады.
Радикалды көзқарастардың қоғамдағы әсерін төмендету үшін бірнеше шаралар қажет. Біріншіден, жастарға ұлттық мәдениет пен дәстүрді насихаттау, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға бағытталған білім беру жүйесін нығайту маңызды. Екіншіден, интернет пен әлеуметтік желілердегі радикалды идеологиялардың таралуына қарсы тұру үшін ақпараттық компаниялар жүргізу қажет. Үшіншіден, құқықтық шаралар мен заңнамалық тұрғыдан радикализмнің алдын алу керек. Діни төзімділік пен әртүрлі діни қауымдардың арасындағы диалогты күшейту, қоғамда мәдени алмасуды қолдау да маңызды.
Қазақстан үшін дәстүрлі құндылықтарды сақтай отырып, радикализмге қарсы тиімді күрес жүргізу маңызды. Бұл қоғамның бірлігін нығайтуға, әлеуметтік шиеленістерді азайтуға және елімізде тұрақты, бейбіт өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізеді.
Д.Арынбек
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
көмекші маманы
Дәстүрлі құндылық және радикалды көзқарас
