Қоғам тарихында адамзат өркениетінің қалыптасуы мен дамуында дәстүрлі құндылықтар ерекше орын алды. Әрбір ұлттың, ұлыстың, тіпті әрбір шағын этностың өзіндік құндылық жүйесі – оның рухани өзегі, мәдени коды болып есептеледі. Бұл құндылықтар ғасырлар бойы қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, қоғамда тұрақтылық пен сабақтастықты қамтамасыз етіп отырды. Қазақ халқы үшін де дәстүрлі құндылықтар – отбасы мен үлкенді сыйлау, имандылық, еңбекқорлық, намыс пен ар-ождан, елге адалдық сынды қағидалар арқылы көрініс тапқан. Алайда қазіргі жаһандану жағдайында осы құндылықтарға қауіп төндіретін бірқатар идеологиялық ағымдар пайда болды. Солардың ішінде ең алаңдатарлығы – радикалды идеологиялар.
Радикализм – қоғамдағы саяси, діни немесе әлеуметтік құрылымды түбегейлі өзгертуге бағытталған ұстаным. Ол көбінесе төзімсіздікпен, қарсы пікірлерді мойындамаумен және күш қолдану арқылы өз идеясын жүзеге асырумен сипатталады. Соңғы жылдары әлемде, әсіресе жастар арасында түрлі радикалды топтарға тартылу фактілері жиілеп барады. Бұл тек діни сипаттағы топтармен ғана шектелмей, саяси, этностық, тіпті экологиялық радикализмге де қатысты болып отыр. Мұндай идеологиялардың кең таралуына әлеуметтік желілер, интернет, экономикалық қиындықтар, жұмыссыздық, білім мен тәрбие жүйесіндегі кемшіліктер әсер етуде. Бірақ ең бастысы – адамның рухани иммунитетінің әлсіздігі, яғни дәстүрлі құндылықтарға сүйенбейтін ішкі тіректің жоқтығы.
Қазақ қоғамында дәстүрлі құндылықтар отбасынан басталады. Баланы кішкентайынан үлкенді сыйлауға, жаман мен жақсыны ажыратуға, тіл мен дінді құрметтеуге баулу – радикализмге қарсы күрестің ең тиімді жолы. Себебі өз ұлтының, тілінің, мәдениетінің, тарихының қадірін түсінетін адам бөгде, жат идеологияға оңай бой алдырмайды. Радикалды ағымдарға тартылған жастардың өмірбаянын зерттей келе олардың көпшілігі рухани тұрғыдан әлсіз, отбасы байланыстары әлсіреген, білім деңгейі төмен, қоғамнан өз орнын таппаған жандар екені анықталған. Бұл – дәстүрлі тәрбиенің үзілуінен туындайтын мәселе.
Интернет арқылы таралатын радикалды идеялар жастардың санасын улап, олардың өмірлік бағытын бұрмалап жатыр. Мәселен, соңғы жылдары Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстарға қатысқан қазақстандық азаматтар жайлы деректер бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көрініс тапты. Солардың көпшілігі радикалды діни ағымдарға еріп, өз елінен безіп, отбасынан бас тартып, соғыс аймағына аттанған. Бұл – дәстүрлі ұлттық-рухани иммунитеттің әлсіздігін көрсететін ауыр әлеуметтік трагедия.
Радикализмнің таралу себептерін тек сыртқы факторлармен байланыстыру жеткіліксіз. Ішкі себептер де маңызды. Атап айтқанда, білім беру саласында тәрбие компонентінің әлсіреуі, ұлттық идеологияның жеткілікті деңгейде жүргізілмеуі, жастармен жүйелі түрде жұмыстың болмауы – радикалды идеологияның өріс алуына себеп болып отыр. Білім беру мекемелері мен мешіттер, мәдени орталықтар мен отбасы институты бірігіп жұмыс істемейінше, бұл идеологиямен күресу қиын.
Дәстүрлі құндылықтар – бұл тек тарихи мұра емес, бұл – бүгінгі қоғамның тұтастығын қамтамасыз ететін тірек. Ұлттық салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, мәдени ерекшеліктерді сақтау арқылы ғана қоғам ішіндегі түрлі жат идеяларға тосқауыл қоюға болады. Мысалы, ислам дінінің қазақы түсінігінде төзімділік, сабырлылық, бейбіт өмір салты, үлкенді құрметтеу, білімге ұмтылу сияқты қасиеттер бірінші орында тұрады. Ал радикалды ағымдар осы құндылықтарды терістеп, дінді саяси құралға айналдыру арқылы жастарды адастырады. Осы жерде дәстүрлі дін мен радикалды түсініктің аражігін ажыратып беру – дінтанушылар мен имамдардың, сонымен қатар мемлекеттік идеологиялық құрылымдардың басты міндеті.
Қазақ халқы үшін ата-баба аманатын сақтау, ұлттың бірлігі мен тыныштығын қорғау – басты міндет. Бұл міндетті жүзеге асыруда ұлттық идеология шешуші рөл атқаруы тиіс. Ұлттық идеология дегеніміз – ұлттың тарихи тәжірибесіне, мәдени құндылықтарына, рухани мұрасына сүйенетін, қазіргі заман талаптарына сай бейімделген идеялар жүйесі. Бұл жүйе арқылы мемлекет азаматтарына өз болмысын танытады, елге деген сүйіспеншілікті оятады, Отан алдындағы жауапкершілікті сезіндіреді. Осылайша, азаматтық сана мен ұлттық рухы қалыптасқан тұлға радикалды идеологиялардың ықпалынан тыс қалады.
Мемлекеттің радикализмге қарсы күрестегі саясаты бірнеше бағытта жүзеге асырылуы тиіс. Біріншіден, құқық қорғау органдары арқылы заң бұзушыларға нақты шара қолдану. Екіншіден, алдын алу жұмыстары арқылы жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Үшіншіден, әлеуметтік қолдаулар, жұмыс орындарын ашу, жастар саясатын нығайту арқылы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету. Төртіншіден, ұлттық құндылықтарды насихаттау, салт-дәстүрлерді жаңғырту, тарихи сананы қалыптастыру. Бұл шаралардың барлығы бірігіп жүзеге асқанда ғана нәтижелі болады.
Соңғы жылдары Қазақстанда дәстүрлі исламды қолдау, ағартушылық жұмыстарды күшейту бағытында оң қадамдар жасалып жатыр. Медреселер мен мешіттерде теологиялық білім беру сапасы артты, радикалды идеологияның алдын алуға бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бірақ бұл жеткіліксіз. Ең бастысы –әрбір отбасы, әрбір мектеп, әрбір ауыл өз жастарына дұрыс тәрбие бере білуі керек. Әке мен ана өз баласының кіммен араласып жүргенін, неге қызығатынын, қандай ақпарат көздерін пайдаланатынын қадағалап отыруы тиіс. Мұғалім мен тәрбиеші баланың рухани әлеміне үңіліп, оны дұрыс бағытқа бейімдеу арқылы қоғам үшін пайдалы азамат етіп тәрбиелеуі тиіс.
Қорыта айтқанда, дәстүрлі құндылықтар мен радикалды идеология арасындағы күрес – бұл тек діни немесе саяси мәселе емес, бұл – рухани қауіпсіздік мәселесі. Қоғамның ішкі тұтастығы мен тұрақтылығы осы идеологиялық күрестің нәтижесіне тікелей байланысты. Егер біз ұлттық құндылықтарымызды сақтай алсақ, болашағымызды қауіптен арашалай аламыз. Ал егер осы құндылықтардан айырылсақ, онда ұлт ретінде әлсіреуіміз мүмкін. Сондықтан әрбір саналы азамат, әрбір отбасы, әрбір ұстаз бен дін қызметкері бұл мәселеде бейтарап қалмай, өз үлесін қосуы керек. Тек осылай ғана біз ұрпақты жат идеологиядан қорғай аламыз.
Ұ.Перден
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы