Дәстүрлі емес діни ағымдардың таралу жолдары
Дәстүрлі емес діни ағымдардың таралу жолдары
11.07.2025
5
0

 

Бүгінгі таңда ұлттық және әлемдік діндерден бөлек, дәстүрлі емес діни ағымдар да өз ортамыздан көрініс табуда. Бұл ағымдардың қауптілігіне байланысты адамдардың діни және рухани бөлінуі көрініс тауып, қоғам арасында түсініспеушіліктер орын алуда. Күнделікті өмір сүріп жатқан ортада дәстүрлі емес діни ағымның ықпалына түскен қарапайым қатардағы азаматтарды байқап жүрміз. Олардың бойындағы өзгерістерді бет-әлпетінен, киген киімі арқылы т.б. тануға болады. Әсіресе бұл өзгерістерді оның отбасы мүшелері, жақындары мен достары міндетті түрде байқайды және әсер алады.

Дәстүрлі емес діни ағым өкілдері ықпал ететін бірнеше факторлық таралу жолдары бар. Діни ағым ұйымдары басым көпшілігі сырттай қаржыландырылып, басқарылатынын білеміз. Әрбір дәстүрлі емес діни ағым ең алдымен империялық отаршылдықтан бөлініп, тәуелсіздікке енді қол жеткізген, саяси және экономикалық болашаққа жаңа бағдар құрып жатқан бытыраңқы, жікке бөлінген, сырттан басқаруға оңай жас мемлекеттерде өз ықпалын таратуға тырысады. Себебі, әлі де толықтай қалыптаспаған, тұрақсыз әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайларда өмір сүріп жатқан халықты радикалдық және экстремистік топ қатарына тарту мүмкіншілігі жоғары орта деп біледі.

Екіншіден, қоғамның теріс дінге бетбұруына ықпал ететін жолы. Көбінесе теріс діни ұйымдар әлеуметтік-психологиялық ортаға өз ықпалын жүргізеді.  Олар жұмыссыздар, өмірде өз орнын таппағандар, рухани ізденісте жүргендер, жеке басы және отбасындағы қиындықтарға төзе алмағандар, тарих пен дәстүрлі дінді терең білмейтіндер, әсіресе жастар ортасы жат ағымдардың таралу алаңына айналады.

Үшіншіден, интернет желісінің тұтынушылары. Көбінесе желі тұтынушылары арасында мәлімет алмасу ісі жүзеге асады. Экстремистік және террористік діни ұйымдар жеке веб-сайттарын құрумен қатар порталдардағы, әлеуметтік желілердегі парақшаларда да жұмыс жүргізіп діни ақпараттармен бөліседі. Жалпы ғаламтор діни білім алудың емес, байланыс құру, хабар алысу, амандасу құралына көбірек ұқсайды. Жалпы дәстүрлі емес жат ағымдар өз жақтастарын интернет жұйесінен табады және солар арқылы идеологиясын таратады.

Төртіншіден, халық арасында кең танымал әртүрлі ұстанымдағы ортаны іздейді. Саяси қайраткерлер, спортшылар, т.б. лидерлік қабілеті бар азаматтарды өз санаттарына қосу арқылы қоғамға әсіресе, жастарға сенімін таратады. Жастардың жеке басының әлі де толықтай қалыптаспағандығы, сол себепті ергіш және жас санаға оңай әрі тез әсер ете алу жағдайына байланысты танымал азаматтарды пайдалануға тырысады.

Міне осылайша қарапайым қатардағы адамдар жалған діни ағымдардың жетегіне түседі. Жалпы, қай елге болмасын дәстүрлі емес діни ағым ешқашан береке әкелген емес. Сондықтан да қоғамды, болашақ жастарымызды әртүрлі жат ағымдардың жетегінде  кетуден сақтандыру үшін оларды жастайынан өзінің асыл дінін, төл тарихын, ұлттық құндылықтарын бойына сіңіріп өсуіне баса мән беру өте маңызды. Осы тұрғыда дәстүрлі тәрбие мен рухани тәрбиені сабақтастыра отырып толық кемелді, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу үшін дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алу жұмыстары ұдайы атқарылуы керек.

Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті қоғам, ал бұл тікелей қазақстандықтардың білімі мен білік сапасына, ойлау санасына және олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп тұрған жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, халқымызды, жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Олай болса, жат ағымның бірлікке емес, бүлікке алып баратын жол екенін еш ұмытпаған жөн.

 

  А.Дүйсен

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ-нің

бөлім маманы                                                                                   

0 пікір