Дәстүрлі дін – рухани тұрақтылықтың негізі
Дәстүрлі дін – рухани тұрақтылықтың негізі
17.11.2025
408
0

Қазақ халқы тарих қойнауынан бері діни сенімге ерекше мән беріп, рухани құндылықтарды өмірінің өзегі етіп келген. Сан ғасырлық тарихымыз бен мәдениетіміз, әдет-ғұрпымыз Ислам дінімен тығыз байланысып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырды. Әсіресе дәстүрлі Ислам – адамгершілік, ізгілік, сабыр мен имандылыққа негізделген, елдің рухани тұтастығын сақтауда үлкен рөл атқарады.

Дәстүрлі дін – бұл халықтың ғасырлар бойы ұстанып келген, өмір салтымен, мәдениетімен, тілімен біте қайнасқан сенім жүйесі. Қазақ халқына тән дәстүрлі дін – ханафи мазхабындағы Ислам діні. Бұл – ата-бабамыздың мұра етіп қалдырған асыл жолы. Халықтың діни сенімі ешқашан қоғамға іріткі салған емес, керісінше адамдарды сабыр мен ізгілікке шақырып, бірлікке үндеген.

Қазақтың ұлттық болмысын Ислам дінінсіз елестету қиын. Бала туғанда азан шақырып ат қою, сүндетке отырғызу, ауызашар беру, құран оқыту, марқұмға жетісін, қырқы мен жылын беру – мұның бәрі салтпен бірге дінге негізделген. Дәстүрлі дініміз – салт-дәстүрімізбен үндесе отырып, адамдар арасындағы сыйластықты, үлкенге құрмет, кішіге ізетті тәрбиелейтін құрал.

Рухани тұрақтылық дегеніміз – қоғамда тыныштық пен татулықтың орнауы, адамдар арасындағы сенім мен түсіністік. Дәстүрлі дін – міне, осы құндылықтардың тірегі. Өйткені ол адамды әділетке, кешірімге, төзімге, шүкіршілікке баулиды. Мұндай қоғамда жамандық азаяды, әділетсіздікке орын жоқ, әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қарайды.

Отбасында да діни тәрбие маңызды. Имандылықпен өскен бала ата-анасын сыйлайды, өтірік айтпайды, қиянат жасамайды. Ал мұндай тәрбие алған ұрпақ – елдің болашағы.

Қазіргі таңда дәстүрлі діннің атын жамылып, халықтың сенімін теріс мақсатта пайдаланғысы келетін теріс ағымдар көбейді. Олар ұлттық мүддеге қарсы шығып, қоғамда бүлік туғызуды көздейді. Осындай жат пиғылды ұйымдардың жетегінде кетпес үшін халық діни сауатты болуы қажет.

Дәстүрлі Ислам – әрқашан тыныштық пен бірлікті ту етеді. Ал деструктивті ағымдар керісінше, бүлік пен бөлінуді насихаттайды. Сондықтан жастардың діни сауаттылығын арттыру – бүгінгі күннің ең маңызды мәселелерінің бірі.

Қоғамда рухани тұрақтылықты сақтау үшін әр азаматтың діни білімге ден қойғаны жөн. Мешіттерде, медреселерде және ресми діни мекемелерде дұрыс бағыттағы діни ақпараттар беріледі. Рухани құндылықтармен қаруланған адам – өзін де, отбасын да, қоғамды да дұрыс жолға бастайды.

Мектептер мен жоғары оқу орындарында дінтану пәндерін сапалы әрі мазмұнды оқыту арқылы жастарды дәстүрлі дінге баулу – маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе ата-аналар балаларының кімнен, қандай бағытта діни білім алып жүргенін қадағалап отыруы керек.

Дәстүрлі дін – халқымыздың рухани қалқаны, мәдени тірегі. Ол – ел тыныштығының, отбасы берекесінің, ұлт болашағының кепілі. Осы жолдан таймай, ұлттық құндылықтармен үндескен Ислам дінінің шынайы болмысын ұрпаққа жеткізу – әрқайсымыздың борышымыз. Ата дінімізді ардақтап, салт-дәстүрімізді сақтап, бірлік пен имандылықты ту етіп жүрсек, болашағымыз жарқын болмақ.

 

Қ.Молдабек 

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

 теолог маманы                                                                             

0 пікір