Дәстүрдің бұрмалануы – қоғамдағы сенімге қауіп
Дәстүрдің бұрмалануы – қоғамдағы сенімге қауіп
15.12.2025
704
0

Қоғамның мәдени-рухани тұрақтылығы ең алдымен оның тарихи тәжірибесі мен қалыптасқан дәстүрлерінің сақталуына байланысты. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүрлер тек әдет-ғұрыптық жүйе ретінде ғана емес, халықтың дүниетанымын, рухани бағдарын, ішкі бірлігін айқындайтын маңызды әлеуметтік институт ретінде қызмет етіп келеді. Дәстүрлі нормалар бұзылған сайын қоғамның ішкі тұтастығы әлсіреп, адамдар арасындағы сенім деңгейі төмендейді. Қазіргі кезеңде ең өзекті мәселелердің бірі – дәстүрдің бұрмалануы және соның нәтижесінде қалыптасқан сенім дағдарысы. Әсіресе әлеуметтік желілердің әсері, діни сауатсыздық, сырттан келген ағымдардың ықпалы, ұлттық тәрбиенің әлсіреуі сияқты факторлар дәстүрдің мәнін көмескілендіріп, қоғамда қосарланған түсінік қалыптастырып отыр.

Салт-дәстүрдің бұрмалануы көбінесе оны үстірт қабылдаудан басталады. Тарихи контексті, шариғаттағы орны, қоғамдағы қызметі зерттелмей, белгілі бір әдетке субъективті баға беріледі. Көрінген әдетті «дінге қарсы» немесе «ширк» деп бағалау, керісінше кейбір тыйым салынған әрекеттерді «дәстүр» деп ақтап алу – шынайы мәдениеттің әлсіреуіне алып келеді. Мысалы, кей өңірлерде соңғы жылдары байқалатын «дәстүрді жаңғырту» деген желеумен күмәнді ғұрыптарды енгізу немесе шектен тыс ысырапшыл салттарды қалыптастыру халық арасында түсініспеушілік тудырып, дәстүрдің шынайы мәнін бұлыңғыр етеді.

Бұл құбылыстарға қоса, қоғамда дінді дұрыс түсінбеген топтардың дәстүрге қарсы пікірлері белсенді тарала бастады. Псевдодін өкілдері ғасырлар бойы мұсылмандықпен бірге жүрген қазақтың салт-санасын жоққа шығарып, ұлттық болмысты «дінге қайшы» ретінде көрсетуге тырысады. Олар үшін ата-бабаға дұға бағыштау, ас беру, қырқынан шығару, беташар, тіпті құрмет пен үлкенге ізет секілді қарапайым әдеттердің өзі «адасу» болып саналады. Осындай пайымдар қоғамда бөлінушілікке, сенім дағдарысына, ұрпақтың тарихи жадының үзілуіне алып келеді. Дәстүрді мойындамау – тек әдетті жоққа шығару емес, ол ұлттың мәдени жадын, әлеуметтік байланыстарын, рухани тамырын қиып тастауға тең.

Соңғы онжылдықта басқа ағым өкілдерінің ұлттық дәстүрлерге қарсы әрекеттері жиілегені байқалады. Арнайы дайындықсыз, шала сауатты уағызшылар әлеуметтік желілерде ұлттық құндылықтарды жоққа шығарып, халықты дәстүрден алыстататын радикал көзқарастарды таратады. Олар өздерінің тар шеңберлі түсінігін «таза дін» ретінде көрсетіп, ғасырлар бойы отандық діни білім арқылы қалыптасқан теңгерімді, орта жолды, мазһабтық жүйені жоққа шығарады. Мұндай бағыттың ең қауіпті тұсы – ұлттық және діни бірегейліктің бөлінуі. Егер дәстүрлі ислам мен ұлттық салт ажыраса, қоғамда мәдени-рухани вакуум пайда болады, ал мұндай вакуум әртүрлі радикалды идеологиялармен тез толтырылады.

Басқа ағымдардың дәстүрді ұстанбауы тек символикалық деңгейде емес, нақты әлеуметтік қатынастарға да зиян келтіреді. Мысалы, отбасының ішкі мәдениетіне тән «жеті ата», «құда-жекжат» ұғымдары әлсіреп, туысаралық байланыс үзіледі. Мұндай ағым өкілдері ата-анамен қарым-қатынасты да діни тұрғыдан қате түсіндіріп, өздерінің бөлектенген «қауымдарын» басым қояды. Нәтижесінде жанұя ішінде қайшылық пайда болып, ағайын арасындағы шынайы сенім жоғалады. Көптеген әлеуметтік оқиғаларда радикал көзқарасты ұстанған азаматтардың өз отбасынан шеттеп, қоғамнан бөлініп, оқшауланғаны белгілі.

Дәстүрдің бұрмалануы халықтың діни сауаты төмен болған кезде тез таралады. Себебі, дәстүрдің шариғатпен үйлесетін тұстары ғылыми негізде түсіндірілмесе, оларды теріс бағыттағы топтар өз пайдасына бұрып әкетеді. Мәселен, шариғатта жоқ кейбір ырымдар халық арасында «діни парыз» ретінде қалыптасып кетуі мүмкін. Ал жат ағымдар осы мысалды пайдаланып, «міне, дәстүр – адасу» деген тұжырыммен бүкіл ұлттық мұраны жоққа шығаруға дейін барады. Осылайша, дәстүрдің бұрмалануы мен кез келген ырымның дінге телінуі де, керісінше, ұлттық құндылықты жоққа шығару да қоғамда сенім дағдарысын үдетеді.

Қазіргі қоғамдағы ақпараттық ағынның тым жылдамдығы да дәстүрдің бұрмалануына ықпал етеді. Әлеуметтік желілерде түрлі блогерлердің, дінге қатысы жоқ контент жасаушылардың дәстүрге қатысты үстірт пікірлері халық арасында тез тарайды. Мұндай ақпараттарда ғылыми дәлел, діни негіз, этнографиялық дерек жоқ болғандықтан, қоғамды екі түрлі қарама-қарсы пікірге бөледі. Бірі – дәстүрді шектен тыс мадақтап, оның мәнін көркемдеп жібереді; екіншісі – дәстүрді толық жоққа шығарып, ұлттың өзіндік кодын жоюға бейім тұрады. Екі көзқарастың да салдары – ортақ сенімнің әлсіреуі.

Сенім дағдарысы ең алдымен жастар арасында байқалады. Қазіргі жас буын үшін дәстүр тек ресми рәсім сияқты қабылданып, оның мән-мағынасы толық ашылмайды. Ал діни сауатсыздық фонында кейбір жастар дәстүр мен дінді екі бөлек дүние ретінде түсінеді. Осыдан келіп, ұлттық бірегейліктің әлсіреуі, тарихи жалғастықтың үзілуі, тамырға деген қызығушылықтың төмендеуі секілді қауіптер туындайды. Жат ағымдардың дәстүрге қарсы үгіт-насихаты жасөспірімдер мен студент жастар арасында ерекше тез сіңеді. Себебі олар үшін әлеуметтік орта, қызығушылық, өзіндік «қауымға» қосылу сезімі маңызды. Ал радикал топтар осы әлсіздікті пайдаланып, жастарға «біз – таза дінді ұстанамыз» деген жалған идеологияны ұсынады.

Отандық діни білім жүйесінде дәстүр мен діни негіздің үйлесімі бар екені анық. Қазақ даласына ислам діні келгеннен бастап, ғұламалар мен ағартушылар дәстүрді шариғат қағидаларымен үйлестіріп, ұлттық болмысты сақтап қалудың тиімді жолдарын ұсынған. Мазһабтық қағидалар, әсіресе Әбу Ханифа мектебінің құқықтық икемділігі қазақтың әдет-ғұрыптық нормаларымен өзара қабысып, ғасырлар бойы тепе-теңдікті қамтамасыз етіп келді. Демек, қазіргі кезеңде дәстүрді жоққа шығару – тарихты жоққа шығару, ал Шығыс өркениетіне тән ғылыми-діни сабақтастықты бұзу – қоғам үшін қауіпті үрдіс.

Қоғамдағы сенім дағдарысы тек діни емес, жалпы әлеуметтік қатынастарға әсер етеді. Дәстүрлі құндылықтар әлсіреген сайын адамдар арасындағы өзара сыйластық, жауапкершілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет, тектілік туралы түсінік көмескіленеді. Сенімсіздік қоғамның әр саласына тарайды: отбасындағы қарым-қатынастан бастап, қоғамның ішкі тұтастығына дейін. Осы тұрғыдан алғанда, дәстүрдің бұрмалануы мен жат ағымдардың ықпалы – ұлттық қауіпсіздікке әсер ететін факторлардың бірі.

Осы жағдайды болдырмаудың негізгі жолдарының бірі – отандық діни білімді күшейту, имамдардың, теологтардың, дінтанушылардың үздіксіз кәсіби даярлығын арттыру. Халыққа ақпарат жеткізуде дәлелді, ғылыми, тарихи және шариғи негіздерді түсіндіру маңызды. Дәстүрдің исламдағы орны, оның анайы ырымдардан айырмашылығы, ұлттық болмысқа әсері сауатты түрде түсіндірілсе, қоғамда сенім де, бірлік те күшейеді. Бұдан бөлек, ұлттық құндылықтарды насихаттауда этнографтар, тарихшылар, педагогтар және мәдениет саласының мамандары бірге жұмыс істеуі керек.

Ұлттық дәстүрді қалпына келтіру деген – өткенді сол күйінде қайталау емес, оның мәнін, тәрбиелік маңызын сақтап, қазіргі қоғам жағдайына бейімдеу. Дәстүрдің түпкі миссиясы – қоғамды біріктіру, адамгершілік нормаларын орнықтыру, ұрпақ тәрбиесін жүйелеу. Егер осы құндылықтар бұрмаланбай, шынайы мазмұнда сақталса, қоғамдағы сенім деңгейі де жоғары болады. Мұндай қоғамда сырттан келген жат иделогияларға орын жоқ.

Қорытындылай келе, дәстүрдің бұрмалануы – тек мәдени мәселе емес, қоғамның рухани қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін фактор. Ұлттық дәстүрге немқұрайлық таныту, оны дұрыс түсінбеу немесе толық жоққа шығару қоғамдық сенімді әлсіретеді, түрлі ағымдардың күшеюіне жол ашады. Сондықтан дәстүрді ғылыми, тарихи және діни тұрғыдан дұрыс түсіндіру, оны шынайы мазмұнымен ұрпақ санасына сіңіру – қазіргі заманның ең маңызды міндеттерінің бірі. Ұрпақтың рухани иммунитетін қалыптастыру, ұлттық ерекшелікті сақтау және қоғамдағы өзара сенім мәдениетін қайта жаңғырту үшін дәстүрді бұрмаламай, оның нағыз тәрбиелік және бірлік тудырушы мәнін қорғау қажет.

 

 Ұ.Перден

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының                       

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің      

теолог маманы                                                                                                                 

0 пікір