Қазақстандағы дәстүрлі дін аясында білім беру жүйесі ерте орта ғасырлардан бастау алады және мың жылдан аса тарихы мен тәжірибесі бар. Мұсылмандықты қабылдаған түркі халықтары үшін ислам дінінің негіздерін үйрену, шариғат заңдылықтарын түсіну, зерттеу, тарату талпынысын араб тіліндегі Құран Кәрімді, Мұхаммед пайғамбар хадистерін, исламдық мәтіндерді игеру арқылы ғана жүзеге асыру мүмкін болып табылатын. Мұсылманның парызы саналатын іс-әрекеттер де белгілі бір дәрежеде араб тілді мәтіндермен байланысты болды. Сондықтан, ислам дінін игеру бірінші кезекте күрделі де көп салалы араб тілін жүйелеп, егжей-тегжейлі үйренуді талап етті. Осыған орай араб тілінің фонетикасын, морфологиясы мен синтаксисін арнайы пәндер арқылы игеру қажеттілігі туындады. Тіл игеруден кейінгі қиындық діни мәтіндер мен ілімдерді барлық қосымша пәндерімен қоса оқып-үйренумен байланысты болды. Бұл Құран ілімдері мен шариғат ғылымдарының екі үлкен сала ретінде қалыптасып, дербес оқытылуына негіз қалады. Осының барлығы араб тілі мен ислам дінінің негіздерін толығымен қамтып, жүйелендірген білім ордасы – медреселердің қалыптасуына алып келді. Атап айту керек, шариғат ілімдерін терең игертуге бағытталған дәстүрлі медреселер жүйесі орта ғасырларда қазақ жерінде кеңінен тарады.
Медреселер мешіт жанында салынып, білім берудің негізгі мекемесі болды. Орта ғасырлық тарихи жазбаларда Баласағұнның өзінде 40 мешіт пен 20 медресе болғандығы айтылады. Діни білім берудің ислами жүйесі Ханафи мазхабына негізделді. Жалпы алғанда оқу үдерісі 12-13 жылды құрады. Түлектер діни білімді меңгеріп қана коймай, түрлі ғылымдарды да оқыды. Тарихи деректер мен шежірелерден қазақ халқы ежелгі уақыттан бері ғылым мен білім беруге, ұрпақ тәрбиелеуге ерекше мән берілгені байқалады. Сол себепті тарихи-әлеуметтік кезеңдерді ескере отырып діни білім беру тәжірибесі мен жүйесі қазақ хандығы құрылған дәуірден бастап қана емес, көне заманнан бастау алғандығы айқындалады. Осы орайда қазіргі Қазақстан территориясының оңтүстік аймағы айрықша маңызды болды. Оның ішіндеТүркістан (бұрынғы Яссы) және Отырар (бұрынғы Фараб) шаһарлары жоғары өркениетті ғылыми ордалары еді. Аты танымал «Отырар кітапханасы» сол кезде Мысыр жеріндегі Александриядан кейін кітап қоры тұрғысынан ең ауқымды сақтау орны болғаны тарихи жазбалардан белгілі. Дегенмен, бертін келе кеңестік билік тұсында қазақ жерінде діни білім жандана қойған жоқ. 1971 жылы Өзбекстан астанасында Имам Бұхари атындағы Ислам институты құрылды. Кеңес одағы көлеміндегі бірден бір исламдық оқу орны саналатын осы институттан қазақ халқының бірқатар тұлғалары білім алды. Қазақ дін зиялыларының кеңестік кезең тұсындағы қызметі ғұрыптық рәсімдерді атқару, діни мерекелерді өткізу секілді шаралармен шектелді. Кеңестік кезең саясаты Қазақстандағы барлық діндердің қызметіне шектеу қойды. ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін де діни ғибадат ғимараттарының салынуы барынша шектелді. 1960-1980 жылдар аралығында 28 мұсылман мешіті ғана жұмыс істеді. Тек тәуелсіздік қарсаңында ғана олардың саны 68-ге жетті.Қазақстандағы ислами білім беру жүйесі кеңестік кезеңде өзінің дәстүрлі арнасынан қол үзіп қалғаны белгілі. Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде бұл сала қайта жанданды.1991 жылдан басталған жаңғыру үдерістерінің нәтижесінде ел аумағында көптеген діни білім беру ұйымдары ашыла бастады. Бұған 1992 жылдың 15 қаңтарында қабылданған ҚР «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңы тікелей әсер етті.Исламдық білім беру жүйесінің жолға қойылуында ҚМДБ шешуші роль атқарды. Қазір еліміздегі ислами білім беру жүйесі бес деңгейде қызмет жасайды: Діни сауат ашу курсы, қарилар дайындау орталықтары, медреселер, білім жетілдіру институты және университет. Сауат ашу курстарының саны 300-ден астам болса, қарилар дайындау орталығы – 2. Медреселер саны – 9.
ҚМДБ құрамындағы Арнаулы орта және кәсіптік білім беретін мекемелер санатындағы 9 медресе Астана, Павлодар, Орал, Ақтөбе, Шымкент, Сарыағаш, Алматы, Шамалған, Тараз өңірлерінде 2007 жылдан бастап ашылған. Барлық медреселердің діни білім беретін оқу бағдарламалары бойынша қызмет жүргізуге құқық беретін мемлекеттік лицензиялары бар. Медреселер ҚР Әділет министрлігінде тіркелген. Медреселердің Жарғылары, статистикалық карточкалары, т.б. құжаттары толық. Білім беру қызметін ұйымдастыруы Қазақстан Республикасының білім саласындағы заңнамасы талаптарына сәйкес жүргізіледі.Барлық медреселер «Діни қызметкерлер үшін білім беру бағдарламасына қойылатын талаптар» мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес қызмет атқарады. 0105000 «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік білім берудің эксперименттік оқу жоспарлары бекітілген. Мәдени шаралар мен тәрбие ісінің жоспарлары барлық оқу орындарында жасалған.
ҚМДБ жанындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институты (ИБЖИИ) ҚМДБ бастамасымен және Ислам даму банкінің қаржылық қолдауымен 2002 жылы ашылған. Институттың негізгі мақсаты имамдардың білімін жетілдіру болып табылады.
2001 жылы Египет Араб Республикасы мен Қазақстан Республикасының үкіметтері арасындағы келісіміне сай «Нұр-Мүбарак» университеті құрылды. Университетке жалпы басшылық ететін және оның қызметін екі тараптан үйлестіретін Қамқорлар кеңесінің құзіретіне қаржы, мәдени, білім беру саясатын қалыптастыру кіреді. Университеттің білім беру қызметін жүргізуге құқық беретін мемлекеттік лицензиясы бар. Университетте берілетін мамандықтар ҚР жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарттарымен қамтамасыз етілген.
Қорытындылай келе, әрбір саналы адамды мазалайтын және жауабын табуға итермелейтін, өмір тіршілігіне бағыт-бағдар беретін бірнеше негізгі сұрақтар болады. Діни білім осындай сұрақтарға жауап береді. Дүниелік және діни білімді мейлінше меңгеріп, екеуін де қатар алып жүре алған адамның өзіне, отбасына ғана емес, еліне де берері көп болады. Ондай адам бұл дүниеде де толыққанды, өнегелі өмір сүруге мүмкіндік алып, ақыретте де қайғырмайтын болады. Бұл оның дүниеде де, ақыретте де жақсылықта болып, екі дүниенің бақытына кенелуіне өз септігін тигізеді.
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Жетісай ауданындағы маманы Б.Шаймерден
Дәстүр аясындағы діни білім беру феномені