Дәстүр – асыл мұрамыз
Дәстүр – асыл мұрамыз
28.06.2024
367
0

Бүгінгі таңда әлемде тарихтың тәлкегімен және озбыр саясаттың сергелдеңімен тарыдай шашылып кеткен қазақ халқы 44-ке жуық түрлі мемлекетте өмір сүріп жатыр. 40-тан астам елде өмір сүріп жатқан қазақтарды байланыстыратын ұғым – тарихи сана, тілі мен дәстүрі. Өкінішке орай, тарихи санамызды, тілімізді, дәстүрімізді ұмытқан қараңғы қазақтар жоқ та емес.

         Сан ғасырлар бойы өмірлік тәжірибемен сұрыпталып, сараланып, ой-сана сүзгісінен сүзіліп, сұрыпталған халықтық қасиетімізді, ар-ұятымызды, адамгершілік түсінігімізді, бауырластығымызды, сыйластығымызды, елдік пен егемендігімізді, әбден шыңдалған әдет-ғұрып, дәстүрімізді жоғалтып алған жастарымыз да арагідік кездесіп жатады.   

         Ұлтты басқа ұлттан ерекшелейтін – тілі мен дәстүрі. Қос қасиетімізді ұмыт қалдырсақ, тарих сахнасында қазақтай ұлттың жоғалып кетуі әбден мүмкін. Әдет-ғұрыптың жоғалуы – ұлттың жоғалуы. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген сөзді әдейі қазақты жік-жікке бөлу үшін ойлап табылғандай әсер қалдырады. Дәстүрдің жоғалуы – тілдің жоғалуының негізгі күре тамыры болып табылады. Ал тіл жоғалса тіршілік тұғырынан орнын босатты деген мағынаны білдіреді.

         Әр ұлттың өзіндік болмысымен, тарихымен үндескен ұлттық құндылықтары кездеседі. Ал қазақ халқы салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа бай халық. Әр заманның өзіне тән салты мен дәстүрі қалыптасқан. Біз ата-бабаның домбырасының үнімен, әсем әуендерімен, жыр дастандарымен, аңыз әпсаналырмен, мақал-мәтелдерімен жеткізген рухани мұраға бай халықпыз. Осындай рухани мұраның бірі және бірегейі – жеті ата түсінігі.

         Ұрпағына жеті атасын үйрету – атадан балаға жалғасып келе жатқан қазақтың тәрбиелік маңызы бар дәстүрі. Жастайынан балаға әкеден бастап ағайын-туысты, нағашы жұртын, алыс-жақынды таныстыру, ата-тегін, руын, ел жұртын білдіруге ерекше көңіл бөлінген. «Жеті атасын білмеген жетесіз» дегендей, әрбір азамат сөзге қалмас үшін өзінің жеті атасын білуге тиісті.

         «Жеті атасын білген ұл жеті жұрта жөн айтар» деген аталы сөзді арқау етіп, баласына ата тарихын жастайынан жаттатып, ел-жұрт тарихын білу – ер азаматты ерлікке, елдікке баулиды деп ұққан. Әкесі, атасы балаға тек жеті атасына дейінгі бабаларының атын жаттатып қана қоймай, олардың қандай адам болғанын, елі-жұрты үшін еткен ерлігі, өнегелі істері жайында әңгімелеп берген. Осы арқылы бала ата дәстүрін жалғастырса екен деген мақсат көзделген.

         Қазақ танымындағы ру – ұлттық кодымыз болып табылады. Ру – қазақтың шыққан тегiн танытатын тетiк. «Тегiн бiлмеген түгiн бiлмейдi» дейтiнiмiз сондықтан. Осы рудың арқасында қазақ әлемдегi ең қаны таза халықтың бiрi болып сақталып келедi. Бiр рудың адамдары жетi ата емес, жетпiс ата болса да қыз алысып, қыз берiспейдi. Қазақтың тектi, талантты болуының сыры осыдан бастау алады. Қазақ өз руын бiлгенмен, руға бөлiнушiлiктi құптамаған. «Бiрiңдi қазақ, бiрiң дос, көрмесең iстiң бәрi бос» деп Абай ақын осыны меңзеген. Терең тарихқа үңілсек ру халқымыздың «бірігушілік» фунциясын атқарып келген. Ел шетіне жау шапса, рулар өзара бірігіп, оларға қарсы шабуыл немесе қорғануды мәсе тұтқан. Соғыс аяқталғаннан кейін, рулар өз ауылдарына, мекендеріне қайтып өз тіршілігін жасай берген. Ел басына күн туған уақытта жұдырықтай жұмылып әрекет еткен. Бүгінгі күні рушылдыққа бөлініп жатқан адамдар да жоқ емес. Бұл іс-әрекет руға бөлінудің негізгі мақсат-мүддесімен жеті қайнаса да, сорпасы қосылмайды. Қазіргі жастар рудың маңызы мен мәнін түсінбей жатқан кездерді көзіміз көріп, құлағамыз естіп те жатыр.

         Қазақта жеті атасына дейін туыстық қатынасы болмаған. Үйленетін азамат қалыңдықты жеті таудан асып, жеті өзеннен өтіп тапса, ерлік саналып, бағаланған. Міне бұл – ұрпақ саулығын, қан тазалығын, тектілікті сақтаудың ең таза әрі ең сенімді жолы ретінде әлемде мойындалады.      

          Жеті атаға дейін қыз беріп, келін алу – ата-бабамыздан келе жатқан салт. Қазақтың ескі заңдар жинағында арнайы құқықтық заң-ереже болып қалыптасқан. Ұрпақтың қамын ертеден ойлаған дана ата-бабаларымыз әлеуметтік өмірдің осы бір тұсына үлкен ықыласпен, ыждаһаттылықпен қараған. Қан тазалығы қазақ халқының ұлттық идентификациясы. Дәуірінің данасы атанған Әз-Тәукенің атақты «Жеті жарғы» заңдар жинағының «неке» бөлімінде отау құратын жастар ең алдымен шариғат бойынша балиғат жасына толу керек және келесі бір қағида үйленетін екі жастың жеті атаға дейін туыстық қатынастың болмауы шарт деп атап көрсетілген.

         Елімізге танымал тарихшы, этнограф ғалым Байахмет Жұмабайдың жеті атадан асқан бір рудан шыққан екі жастың отау құру мәселесіне байланысты мынандай тақырыпты қозғайды: «Бұл жағдай екі жастың өзара махаббатынан туындайтыны белгілі. Мұндай кезде ауыл ақсақалдары мен билері ақылдасқан. Егер екі жастың туыстық байланысы жеті атаға толса, жеті рудан билер мен ақсақалдарды жинап, «Ақсарбас» айтып, мал сойып, батасын беретін болған. Сонымен бірге жаңа шыққан руға ру атын, ен-таңбасын, ұранын белгілеп берген. Міне осы баталасудан кейін бұл екі ру бір-бірінен қыз алысатын болыпты».     

         Жеті атасына жетпей қосылғандарға, қазақтың жазылмаған дала заңдарында кездесетін жазалар болған. Олар – теріс бата, тас ату, үстінен мал айдау, елден аластау, асаудың құйрығына тағу. Бұл жазалардың барлығы өте ауыр қылмыс санатына қолданатын қылмыстардың түріне қолданылған. Осы жазаларды көріп, жеті атаға дейін қыз алыспаудың қазақ танымында қандай ерекше мәнге ие болғандығын байқай аламыз.

         Жеті атаға жетпей қосылған жастардың тағдырын сол рудың беделді және атақты ақсақалдары бас қосып, шешіп отырған. Алдымен ескертулер жасайды, ескертулерге құлақ аспаса, әулиеттің үлкені немесе ата-анасы жастарға теріс бата беріп, қарсы дұғасын жасайтын болған. Қазақ тарихында елден аластатып, тіпті асау жылқының құйрығына байлап, сүйретіп жіберген жағдаяттар да кездескен.  

         Бүгінгі таңда 10-15 атадан асса да қыз алыспайтын рулар бар. Бұл іс әрекеттің барлығы келер ұрпақтың болшағы мен денсаулығы үшін жасалады. Кейбір ұлттар туыстық қарым-қатынасқа қарамай үйленіп жатады. Бұл өз кезегінде түрлі ауруларға шалдығуға себеп болады. Ру – генетика саласындағы маңызы өте жоғары. Яғни әр руда кездесетін гендік ақаулар отбасында мықты ұрпақтың дүниеге келуіне кедергі жасайды. Туабіткен ақаулар артынша түрлі ауруға шалдықтырады. Көрші Өзбекстан мемлекетінде отбасылардың 25%-ы тұқымқуалайтын ауруларға шалдыққан. Тәжікстан елінде туыстық жақын некелердің кесірінен мүгедек адамдардың саны тым көбейіп кеткен. Осыған байланысты үкімет арнаулы қаулы да қабылдап, туыстық, қандастық байланысы жақын болса некеленуге тыйым салатын ережені бекіткен. Арнайы үгіт-наисхат жұмыстарын да жүргізіп отырады. Қытай елі де некелену алдында қан тексертуді міндеттеген. Осы секілді мысалдардан қан тазалығының қаншалықты маңызға ие екендігін байқай аламыз.   

         Тосқан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі тұнып тұрған мәдениет пен өркениет. Ғабиден Мұстафиннің «Қазақ дәстүрі тек ата-ананы ғана емес, жалпы адамды сыйлауға баулиды» деген ата сөзінен-ақ дәстүрлеріміздің мәні мен маңызы адамгершілікте жатқандығын байқаймыз. Дәстүрімізді дәріптей, ғұрпымызды ұлықтай алсақ қана тарих сахнасында алтын әріптермен жазылатын ел болып қалуымызға мүмкіндігіміз жоғары. 

 

 А.Тағай

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

директор орынбасары                                                                  

0 пікір