Қазақ баладан қариялыққа жеткенше жас буын, орта буын және аға буын деп өсу ерекшелігіне қарап топқа бөлген. Күн санап дамып, жетілетін балаларды – жас буынға жатқызса, өсу мөлшері шектелген, ақыл-ойы толысқан азаматтарды – орта буынға жатқызған. Кейінгі ұрпаққа жөн сілтеп, ақылшы, отағасы қарияны – аға буынға жатқызса керек.
Мемлекет цикліндегі буындар теориясына байланысты Еуропа ғалымдары Нейл Хоув пен Вильям Штраус мынадай ой түйеді: «Даму, тұрақтылық, дағдарыс үнемі кезектесіп тұрады. Қоғам дамиды, құндылықтар алмасады, сұраныс өзгереді. Алайда заңдылық бір. Мемлекеттің даму сатысындағы бұл өзгерістер әр буынның көзқарасына әсер етеді. Бір қарасаң экономикалық, саяси, әлеуметтік жағдай бір, рухани даму алғышарттары да ортақ. Алайда буын көзқарасы бірдей ме? Жоқ. Бірақ ортақ бір дүние бар». Бұл кісілердің даму кезеңі - аға буын, тұрақтылық кезеңі - орта буын, дағдарыс кезеңі - жас буын тобы болу керек. Ата, әке, бала заманындағы сұраныстар әр түрлі болғанымен отанға деген құндылықтар ортақ болатыны белгілі. Әр буын өзінше идеал мемлекет құруға атсалысады. Иә, Абайдан сөз қалған ба! Абай Құнанбайұлы «буын» деген сөзді «толқынға» теңеп:
Дүние - үлкен көл,
Заман - соққан жел,
Алдыңғы толқын ағалар,
Артқы толқын інілер,
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер.
Қазақ поэзиясының заңғары Мұқағали Мақатаевтың осынау жыр жолдарында:
Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады,
Толқынмен толқын жарысад...
Бүгінгі орта буынның өкілі көптеген әдеби, тарихи танымдық мақалалар мен жинақтардың авторы, филолог Асылбек Байтанұлының мақаласында: Мағжанның әйгілі «Толқын» өлеңін айтайын деген ойымыздың ыңғайына, дәстүр жалғастығына бағыттасақ, адуын айбары шалқар айдындағы алып кемені шайқалтқан алдыңғы толқынның ізін қуар жалғасының екпіні мен биіктігі қалай болмақ? Ендеше, алып теңіздің бетін айдындыра тулап, алып жартасқа екпіндей соққан ақжал толқынның бүгінгі жалғасы жарлауытқа жасқаншақтай жетіп шылп-шылп тие ме, әлде жағаға жетпей, жыбырлай бүлкілдеп, құмыға тынши ма? Бір кем дүние.
Жоғарыды аталған ақын, қаламгерлердің қатарына халық жазушысы, көрнекті қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза, отандық заңнаманың зергері Салық Зиманов, қара сөздің жампозы Әбіш Кекілбай, дана сөздің даңғылы Қадыр Мырза-Әлі, тура сөздің туындай Тұрсынбек Кәкішұлы, қаһарман батыр Қасым Қайсенов, Б.Момышұлы тағы басқалар... Арғы замандағыларды айтпағанда, өзіміз дидарын көріп, құлағымыз естіген бұл қариялардың көбі алдыңғы толқынның ізімен келместің кемесіне мініп пәниден бақиға аттанған аға буын өкілдері.
Қазіргі кезде жас буынға «Жастар – еліміздің болашағы» деген қанатты сөзді жиі айтамыз. Осы сәтте ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының жастарға айтқан өсиеті : Жастар - біздің болашағымыз, Отанымыздың ертеңгі тағдыры өзіміздің бүгінгі міндетімізді қалай атқарып жүргенімізге тікелей байланысты. Расында да, қоғамдағы қордаланған мәселені бізге сырттан біреу келіп шешіп бермейді. Қазақстан – өз жеріміз, өз Отанамыз. Не істесек те, шын ниетімізбен, ақ көңілімізбен, адал жасасақ, біздің қоғам дамиды, алға басады. Әрине, жастарды еңбекқор болуға шақырады. «Нанымызды адалынан жейік, табан ақы, маңдай терімізбен табайық»,- деді. Бұдан артық қандай өсиет болуы мүмін. Түсіне білген адамға мұнда үлкен философиялық ой, парасат-пайым жатқаны байқалады. Кейбір жастар жеңіл жолмен тез байығысы келеді. Оның соңы жақсылыққа апармайтыны анық. Сондықтан да, заңнан аттамай, құқықбұзушылыққа жол бермеңіздер. Оқыңыздар, білім алыңыздар, білгеніңізді тәжірибе жүзінде көрсетіңіз, адал еңбегіңізбен өсіңіздер, елге адал қызмет етіп, халықтың ыстық ықыласына бөленудің өзі үлкен бақыт емес пе? Сынау, мінеу әркімнің қолынан келеді, бірақ ел тағдыры жаңа буын жастар қолында!
Дүйсен Асхат Өмірұзақұлы
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің теолог-дінтанушы маманы
Буын деген кімдер және жастарға айтылған ой