Бос уақыт жоқ, босқа кеткен уақыт бар
Бос уақыт жоқ, босқа кеткен уақыт бар
30.11.2020
3654
0

  Адамзат баласы уақыт пен мекенге мұқтаж болып, қамшының сабындай қысқа ғұмырын да  көп істі сапалы жасау мүмкіндігіміз аз. Уақыт бұл – біздің өтіп жатқан ғұмырымыз. Сол ғұмырымыздың мағыналы да мәнді өтуі үшін бірінші уақыттың қадіріне жетуіміз қажет. Қазақ ұғымында уақыттың қадір–қасиетін жете түсініп, «Уақыт – емші», «уақыт – төреші» және  «қас қағым сәт» деп,  осы тәрізді сөз тіркестері қалыптасқан.

  Қазақтың халық  жазушысы  Әбіш Кекілбаев: «Уақыттың өтетіні рас, көп нәрсенің ұмытылатыны рас. Бірақ өмір бір-ақ рет беріледі деген өзіміз білетін қағида бар. Ол қандай заманда, қандай жағдайда өтсе де бәрібір қымбат. Сондықтан, өз басым өткенге өкпе жүрмейді деп ойлаймын. Өткенге тек тәубе жүреді деп ойлаймын» – деп өткеннен сабақ алып, болашақтан үлкен үміт күте білуіміз керек.

 Уақыттың қадірі жөнінде ислам діні қайнар бұлағы қасиетті Құранның бірнеше жерінде  күн мен түннің, асыр мен таң уақыттарына серт еткен. Тәпсірші ғұламардың түсінігінде егер де, Алла бір нәрсеге серт еткен болса, оның ерекше маңыздылығы бар екендігін көрсетеді. Аср сүресінің алғашқы аятында Заманға серт етіп, уақыттың адам баласына берілген ең құнды қазына екенін  бейнелейді.

Пайғамбар (с.а.с.) уақыттың адам баласына берілген ерекше нығмет екендігі жайында Муаз ибн Жәбәлдан келген хадисте былай дейді:

«Қиямет күні Алланың әрбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша бір адам да орнынан тапжылмайды»[1]. Және  көрнекті ғалым Абдуль Фаттах Абу  Ғудда өзінің «Ғалымдар құзырындағы уақыттың құндылығы» атты еңбегінде, «Өткен уақытқа (нәрсеге) өкіну – қазіргі уақытты жоғалту», – дейді екен. Сол себепті қазіргі  сәтіміздің  құндылығын сақтау  арқылы  өткен  мен болашағымыздың мән – маңызына жетеміз. Уақытын қадірлемеген жан көптеген мүмкіндіктен айырылып қалады. Адам баласы уақытын ұтымды пайдалана білгенде ғана көздеген мақсатына жете алмақ. «Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: Қартаймай тұрып жастық шақтың қадірін біл, ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін біл, кедейліктен бұрын байлықтың қадірін біл, қысылтаяңнан бұрын бос уақытты қадірле және өлмей тұрып, тірілігіңді ғанибет біл»[2]– деген сөз содан қалса керек.

Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді,

                                          Өтпейтіндей көретін адамдарға!, - деп Мұқағали Мақатаев   жырлағандай  уақыттан қалып  немесе озып жүргеннің пайдасы да зияны да бар, кейде асығып бір жерге ұрынып қалуың мүмкін дегендей, одан да ол кезді өткізіп жіберсең қуанасың, бірақ оның қалай аяқталатынын білмеген соң, өкініш те пайда болады. Уақытты бағындыру мұмкін емес, сондықтан жаманды да, жақсыны да қатар ойлаған дұрыс.

Алланың берген үлкен нығметі – уақыттың бар екенін естен шығармай, ақыретте өкінбейтіндей амал жасауымыз керек. Күнделікті өз-өзімізден есеп ала отырып, күнімізбен түніміздің қалай өтіп жатқанын сараптай алуымыз қажет. Сараптап қана қоймай ертеңгі күннің жоспарын жасау арқылы әр сәтімізді тиімді пайдалануға машықталамыз.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадисінде: «Адамдардың көпшілігі қадір-қасиетін біле бермейтін екі үлкен нығмет – денсаулық пен бос уақыт»[3] - деп айтқан.

Ғұлама Ибн Масғуд «Мен үшін ең өкініштісі күн батып, өлімге бір табан жақындаған сәтімде Раббыма жақындататын амал жасай алмай өткен күнім», – деп бекер айтпаған. Ал, Хасан Басри болса: «Әр өткен күн адам баласына былай айтады екен: «Ей адам баласы, мен жаңа күнмін, сенің амаладарыңа куәлік етудемін, егер өтіп кете барсам мен қайтып оралмаймын»[4].

         Қазіргі мына қоғамда ғаламтор деген падиша шықты да, бәріміз соның басыбайлы құлына айналдық. Құлы болғанымыз сонша, әлеуметтік желілерге телміріп, пайдасыз дүниелердің қызығымен, тіршіліктегі ең жақын, ең жақсы көретін бауырымызбен сұқбаттасуға уақытымызды қимайтын болдық. Бұл туралы Абай Құнанбайұлының төртінші қара сөзінде: «..Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының кайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.» - деп уақыттың құнын біліп, қадірін түсіне білмесең, орны толмас өкінішке айналарын түсіндіріп кеткен. Осы жайлы тағы бір өлең жолдарында:

 

          «Сағаттың өзі ұры шықылдаған,
           Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.
           Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті,
           Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман» – деп, бұл

дүниенің мәңгі еместігін, бір қалыпта тұрмайтындығын, сағатың тілі тынымсыз айналып, кері қайтарылмайтын біздің құнды уақытымызды алып кетіп бара жатқанын  ескерті, қазіргі осы сәтіміз – біздің болашағымыздың өлшемі екенін ұмытпағанымыз жөн.

 

 

Теолог    Нұртіллә Бекарыс

0 пікір