Адамзат тарихында болмыс пен рух ұғымдары әрдайым маңызды орын алып келген. Болмыс – адамның өмір сүруі мен тіршілігінің негізі, ал рух – оның ішкі жан дүниесінің көрінісі. Бұл екі ұғым ұрпақ тәрбиесінде ерекше мәнге ие.
Қазақ философиясында болмыс пен рух адам өмірінің ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады. Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектерінде рухани болмысқа ерекше көңіл бөлінеді. Абайдың «Қара сөздерінде» адам болмысының мәні, рухани ізденіс пен өзін-өзі тану арқылы ашылады. Шәкәрімнің шығармаларында да рух пен болмыс мәселелері терең талданады.
Абайдың «Толық адам» ілімі мен Шәкәрімнің ар-ұждан философиясы жастарға өз болмысын тану мен рухын тәрбиелеудің жолын көрсетеді. Осы идеялар қазіргі тәрбиелік жүйеге терең интеграциялануы қажет, өйткені рухсыз болмыс – түпсіз, ал болмыссыз рух – тамырсыз. Бұл қос алыптың мұрасы – тек әдеби немесе философиялық үлгі емес, тәрбиелік жүйенің іргетасы болуы тиіс. Абай айтып кеткен жүрек, ақыл мен қайраттың бірлігін жастар бойына сіңіру - рухани кемелденудің жолы. Шәкәрімнің ар мен ұждан туралы ойлары – адам ішіндегі әділдік пен жауапкершілікті оятатын қуатты құрал. Қазіргі таңда жастар өз болмысын іздеуде түрлі жолға бет бұруда, сол кезде осындай терең ұлттық ілімдер бағдаршам іспетті бола алады. Рухсыз болмыс – мағынасыз, ал болмыссыз рух–түпсіз. Сондықтан бұл қос ұғымды тәрбиеде қатар ұстап, үйлесімін табу – ұлт болашағын тәрбиелеудің негізі.
Ұрпақ тәрбиесінде болмыс пен рухтың маңызы зор. Болмыс – ұрпақтың өмір сүру ортасы мен жағдайын анықтайтын фактор болса, рух – олардың ішкі жан дүниесін, моральдық-этикалық құндылықтарын қалыптастырады. Рухани бай ұрпақ тәрбиелеу үшін ата – бабаларымыздың салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарын дәріптеу қажет. Рухани тәрбие – тұлғаның ішкі мәдениетін, адамгершілік қасиеттерін және дүниетанымын қалыптастырудың негізгі тетігі. Ата-бабамыз аманаттап кеткен асыл мұра – ұлттық сана мен болмыс, ұрпақ бойында табандылық, ар-ұят, инабаттылық секілді қасиеттерді қалыптастырады. Ұлттық рухсыз ел ертеңін айқындау мүмкін емес. Сондықтан қазіргі заманның талабына сай ұрпақ тәрбиесінде рухани құндылықтар мен ұлттық болмысты сабақтастыра отырып дамытқан жөн. Бұл – жарқын болашақтың кепілі.
Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды сақтау маңызды. Ақпараттық технологиялардың дамуы мен шетелдік мәдениеттің әсері жастардың рухани болмысына әсер етуде. Сондықтан ұлттық тәрбиені күшейту, рухани құндылықтарды насихаттау арқылы ұрпақтың болмысын сақтап қалу қажет. Бұл бағытта білім беру жүйесіне ерекше көңіл бөлу керек, себебі мектептер мен жоғары оқу орындары жастардың рухани дүниесін қалыптастыратын маңызды орын болып табылады. Ұлттық өнер, әдебиет және мәдениет арқылы жастардың санасын оятып, оларды өздерінің тарихи мұрасымен таныстыру маңызды. Сонымен қатар, қазіргі қоғамдағы жаһандық құндылықтардың ықпалына қарамастан, өзіміздің ұлттық ерекшеліктеріміз бен дәстүрлерімізді сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу – әрбір азаматтың парызы. Ұлттық болмысымыз бен рухани құндылықтарымыздың негізінде тәрбие алған ұрпақтың өз мемлекетіне деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімі күшейеді, ал бұл өз кезегінде еліміздің тұрақтылығы мен дамуына зор ықпал етеді.
Қорытындылай келе, болмыс пен рух – ұрпақтың тірегі. Оларды дұрыс түсініп, ұрпақ тәрбиесінде тиімді пайдалану арқылы ұлттық болмысымызды сақтап, рухани бай ұрпақ тәрбиелей аламыз. Ұлттық құндылықтарды насихаттау, халықтың тарихы мен мәдениетін түсіндіру, дәстүрлерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу біздің басты міндетіміз болуы тиіс. Сонда ғана біз қоғамымыздың рухани тұтастығын сақтап, ұрпақтың жан-жақты дамуына септігімізді тигізе аламыз. Болмыс пен рухты айқындауда ата-бабаларымыздың даналығы мен тәжірибесі әрдайым біздің жол көрсетушіміз болады. Біздің рухымыз бен болмысымыз ұлттық бірлікті, ынтымақты нығайтады, сонымен қатар әлемдік деңгейде өзіміздің орнымызды табуға мүмкіндік береді.
Д.Арынбек
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
көмекші маманы
Болмыс пен рух ұрпақтың тірегі
