Бөлінгенді бөрі жейді
Бөлінгенді бөрі жейді
22.09.2025
365
0

Халықтың амандығы мен елдің тыныштығы әрқашан ауызбіршілікпен тығыз байланысты. Қандай қоғам болмасын, оның іргесінің берік болуы – ондағы адамдардың бірлігіне, бір мақсатқа жұмылуына тәуелді. Өзара түсініспей, бөліне бастаған жерде әлсіздік пайда болады. Әлсіз қоғам – сыртқы күшке де, ішкі дүрбелеңге де төтеп бере алмайтын осал құрылымға айналады.

Жан-жаққа тартқан көзқарастар, ортақ тіл табыспай, әркім өз мүддесін жоғары қою – бұл қоғам ішінде іріткі тудыратын үлкен қатер. Адамдардың бір-біріне сенбеуі, топтарға бөлініп кетуі – түптің түбінде үлкен қақтығыстар мен дағдарыстарға алып келеді. Ондай жағдайда кез келген сыртқы әсерге жол ашылады. Бақылап отырған дұшпан үшін іштен ыдыраған ел – жеңіл олжа.

Кез келген мемлекет, ұйым, отбасы немесе қарапайым адамдардың өзара қарым-қатынасы бірлікке негізделуі тиіс. Адам баласы – жалғыз өмір сүре алмайтын тіршілік иесі. Сол себепті өзара сыйластық, түсіністік пен кешірімділік – тұрақты дамудың негізгі тетіктері.

Адамдар арасында сенім болмаса, татулық та болмайды. Ал сенімнің жоқтығы – араздықтың, келіспеушіліктің, тіпті жаулықтың басы. Сондықтан, бір қоғамда өмір сүріп жатқан әр азамат өзінің әрекеті мен сөзіне жауапкершілікпен қарап, қоғамдық тұтастыққа сызат түсіретін кез келген пікірден бойын аулақ ұстауы қажет.

Кейде ұсақ-түйек көрінетін қарапайым келіспеушіліктер де уақыт өте терең жікке айналуы мүмкін. Әсіресе, әлеуметтік желілер мен қоғамдық пікірлер алаңында шектен тыс сын айту, бір-бірін ғайбаттау – көптің арасына от салады. Бұл – жау іздемей-ақ, өз ішімізден өзімізге қауіп төндіру.

Күш біріктірген жерде нәтиже де болады. Қандай қиындық келсе де, жұдырықтай жұмылған жұрт оны жеңіп шыға алады. Ал кімде-кім өзара араздасып, бір-бірінің кемшілігін іздеумен айналысса, ол қоғам өз болашағын қатерге тігеді. Іштегі татулық пен ұйымшылдық – сыртқы жаудан да күшті қорған.

Бірлік дегеніміз – бір ғана ұғым емес. Ол – әрекет. Ол – сабыр. Ол – басқаға түсіністікпен қарау, кішіпейілділік таныту, жеке бастың емес, ортақ мүддені жоғары қою. Мұндай қасиеттер кез келген елдің өркендеуіне жол ашады.

Сондықтан әр адам өзінің үлесін осы тұтастыққа қоса білсе, бөлінудің емес, бірігудің жолын таңдаса – береке де, бейбіт өмір де өздігінен қалыптасады. Себебі тек өзара ынтымақ пен сыйластық бар жерде ғана тұрақтылық пен даму мүмкін.

Бірлік – сырттай ұран емес, бұл – ішкі сананың, рухтың, жүректің үндестігі. Адамдардың идеялық, діни, ұлттық немесе саяси көзқарастары әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ, ортақ мүдде мен ортақ мақсат жолында біріге білу – кез келген елдің тірегі. Егер әр адам тек өзінің шындығын ғана дұрыс деп тауып, өзгелерді тыңдамаса, онда қоғамда түсіністік емес, керісінше араздық пен шиеленіс пайда болады.

Бөліну арқылы ешқандай мәселе шешілмейді. Керісінше, бірлік арқылы ғана үлкен биіктерге жетуге болады. Әрбір адам осыны терең түсініп, елінің тыныштығы мен татулығы үшін қызмет етсе, онда болашағымыз жарқын болмақ.

 

М.Серікұлы

 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ – нің теолог маманы                                     

0 пікір