Болашақ жастардың қолында
Болашақ жастардың қолында
13.07.2021
28740
0

Адамзат алдында тұратын ұлы мұрат - міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы, рухани бай және ақыл  парасаты мол, мәдени  ғылыми өрісі озық азамат тәрбиелеу. Бұл біздің қоғам алдындағы борышымыз. Бүгінгі әлемдегі елдер мен халықтардың өзара тарихи байланысының дамуы, экономика, мәдениет пен ғылымның әлемдік деңгейге бет бұруы, ертеңгі күннің бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білім мен тәрбиеге ғана тән.

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы, білімді де білгір жастардың қолында. Жастар алдынғы буын ағалардың жолын лайықты жалғастырып, өздерінің сенімді ізбасар екенін дәлелдеуде. Жастар – қоғам өмірін алға бастаушы прогрессивті күш иесі екенін қай қоғамда да дәлелдеп келеді.  Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар, бүгінде  озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барынша үлес қосып келеді. 

Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру біздің қолымызда, яғни болашағымыз жастардың жауапкершілігінде. Сондықтан жастар қауымы уақыттың кез  келген сынағына дайын болып, бәсекеге төтеп беруі керек. Санасы сергек, замандық технологияларды меңгерген Отанымыздың нағыз патриоттары ғана осындай сынақтардан сүрінбей өте алмақ.

Бүгін елімізде жастар саясатына үлкен көңіл бөлуде. Жастар саясатына қатысты сан түрлі пікірлер мемлекеттік шеңберде, халықаралық дәрежеде талқыланды, оның қоғам өмірінде айтарлықтай маңызды орын алатындығын аңғартады. Статистика агентігінің жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша, мемлекетіміздегі адам санының 4, 5 миллионнан астамы жастардың үлесінде. Бұл дегеніміз халқымыздың 30 пайызы жастар деген сөз. Ендеше, еліміздің ертеңгі болашағы жастарды бүгіннен бастап тәрбие алуы мен отан сүйгіштік қасиеттерінің дамуына ықпал жасау қажет. Ең әуелі жастар бойына рухани – адамгершілік, саяси интелектік, құқықтық тәрбие басым болған жөн. Жастар жас шыбық сияқты. Қалай исең, солай иілуге әзір. Сол себепті жастардың ойын да, бойын да түзу өсіруге халықтың басты парызы. Жастар – жердің, елдің иесі, қазақ елінің рухани тәуелсіздігінің биік тұғыры.

Әрбір мемлекеттің болашағы, мектебінде шыңдалады. Ертең осы елге ие болып, тізгінін ұстар азаматтар бүгінгі мектеп оқушысы болғандықтан қазақстандық барлық мектептерге бүгінгі жайы, даму бағыты мемлекеттің назарында. Сапалы білім, саналы тәрбие беру әр ұстаздың алға қойған міндеті болса, өз ісінің білімді, өнегелі азаматы болу – әр оқушының міндеті. ҚР тәуелсіздік алған қысқа тарихи кезең ішінде әлемдік қауымдастыққа кіре отырып, экономикада айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Осы ретте қоғамдық даму деңгейінің, елдің экономикалық қуаты мен ұлттық қауіпсіздігінің өлшемдері ретінде білім беру жүйесінің адам ресурстарының рөлі мен маңызы арта түседі. Қоғамдық қатынастар жүйесіндегі өзгерістер білім беруге, одан ұтқырлықты жаңа тарихи кезеңінің болмысына әрекет етуді және экономиканың даму қажеттіліктеріне сай болуды талап ете отырып, оған өз әсерін тигізеді.

Қазіргі таңда Қазақстан – өркениетті, дамыған елдер қатарына енген мемлекет.  Тәуелсіздік – жастарға жарқын болашаққа жол ашып берді. Осы мемлекетті одан да биіктен көрсету – білімді жастардың қолында.

Жастарға патриоттық тәрбие берудің бағдарлы идеяларын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан — 2030» атты еңбегінің «Қазақстан мұраты» деп аталатын бөлімінде: «…біздің балаларымыз бен немерелеріміз… бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, жылдам өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады», - деп үлкен үміт артты. Болашақ жастардың қолында деген ұрандарды жиі айтып, елімізде осы мақсаттарда қолға алынып жатқан жобалар аз емес. Тек оны өз керегіне қарай пайдалану әрбір жастың құзырындағы жұмыс. Мемлекет тарапынан жасалынып жатқан бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға әрбір жастың өз ұмтылысы болуы тиіс. Өйткені өмір ағыны тоқтамақ емес, жастық шақтың да жарқ етіп өте шығары баршаға мәлім. Қашан да, болашағын алыстан бағамдайтын қазақ «қыстың қамын жаз ойла» демеуші ме еді!? Ендеше Қазақстанның жарқын болашағы үшін қандай да бір іс тындыруға міндетті екенімізді естен шығармайық!

 

  

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы         Рысметова Шахиста

 

0 пікір