Бүгінде адамдар көп қолданатын әлеуметтік желілердің қоғам үшін пайдасы шаш-етектен. Алайда адамзат өміріне құбылыс болып енген бұл жаңа технологиялар интернетте жалған уағызшылардың да өз қатарына адам тарту үшін қолданатын алаңына айналғаны бүгінде ешкімнен жасырын емес.
Осыған орай, елімізде көп адам дін туралы ақпаратты ғаламтордан іздейді. Өйткені мешітке барып дұрыс уағыз-насихат тыңдауға уақыт тапшы, ал кітапты көбі оқығысы келмейді. Сондықтан ең жеңіл жолы – интернеттегі тегін дүниені пайдалану. Алайда ғаламторға салынған барлық діни ақпаратты дұрыс деп айта алмаймыз. Өйткені әлемнің әр түкпіріндегі, соның ішінде еліміздегі деструктивті діни ағымдардың бәрі де түрлі жолын тауып, интернетке өз материалдарын толтырумен айналысып жатыр.
Қазіргі таңда деструктивті діни ағымдардың «ұстаздары» мен «шейхтарын» әлеуметтік желілерден тыңдап, адасып жүрген жастарымыз жетерлік. Деструктивті діни ұйымдардың уағызшылары идеологияларын тарату мақсатында танымал «YouTube», «Телеграм», «Instagram», «TikTok» желілерін көп қолданады.
Әлеуметтік желілерде «Виртуалды Халифат» деген ұғым қалыптасып келеді. Бұл «Виртуалды» қоғамда өмір сүретін адамдар шариғатпен емес, әлеуметтік желілердің жазылмаған заңдылықтарымен жүреді. Сондықтан бүгінгі таңда ақпараттық қауiпсіздік күн тәртібіндегі ең бiр өзекті мәселеге айналып отыр. Деструктивті діни ағымдардың идеологтары ұсынатын контенттер өте әсерлі, қысқа, түсінікті әр түрлі форматта болып келеді.
Мұндай құрбандыққа ұшыраудың басты себебі діни сауатсыздық деуімізге болады. Жастарымыздың діни білімді арнайы оқу ордаларынан немесе ҚМДБ қарасты арнайы ұстаз ғұламалардан емес өздеріне беймәлім әлеуметтік желідегі деструктивті діни ағымды насихаттап жүрген «шейхтардан» алуда болып отыр.
Жоғарыда айтылып өткен мәселелердің алдын алу үшін жастарымызға бірінші кезекте діни білімді қайдан, кімнен алу керектігін, сонымен қатар қандай ұстаздарды тыңдауға рұқсат етілетін мектеп, колледж, университет қабырғаларында үнемі ескертіп отыру қажет.
Ғаламтордағы пиғылы жаман дінбұзарлардың арбауына еріп кетпеу үшін адамға керекті қасиет – сыни ойлау қабілеті.
Қазіргі таңдағы дінді өз мүддесі мен мақсатына қол жеткізу үшін құрал ретінде пайдаланатын «уағызшылар» көп. Ал жастар діни материалдардың дұрыс-бұрысын ажырата алмай әлеуметтік желілерде сағаттап уақыт өткізуі өз кезегінде адасуға алып келеді. Олар аталған парақшаларға тіркеліп қана қоймай, өз достарына да таратады. Сондықтан жасөспірімдер діннің сыртқы формасына ғана емес, ішкі мәніне, құрылысына сыни көзбен мән беруі керек.
Бұл деструктивті діни уағызшылар ғаламторда елді не нәрсеге шақыруда? Қысқаша тоқталсақ, олар мыналар:
Әуелі сайлауға шақыратын демократияны ұстану күпірлік, өйткені демократияда билік Алланың емес, халықтың қолында болады, ал ислам шариғатында билік пен басқарушылық тек жалғыз Алланың иелігінде болуы керек деп түсіндіреді.
Сонымен қатар парламенттік жүйе және ол жердегі заң шығарушы адамдардың барлығы күпірлік іспен айналысып жатыр, өйткені заң шығару бұл Алланың заңынан бас тарту болып табылады.
Құқық қорғау саласында жұмыс жасайтын қызметкерлерді мемлекеттік қызмет атқарғаны үшін кәпір болды деп айыптайды, тіптен ол намаз оқып, ораза ұстаса да діннен шықты, себебі Алланың заңынан басқа заңмен жүретін мемлекеттің қызметкері деп санайды.
Орта Азия президентерінің бәрі діннен адасып күпірлік жолына түсті, себебі олар Алланың үкімдерінен бас тартып мүртад, кәпір болды. Сол үшін олардың ешқайсысына бағынып мойынсұнбау керек.
Намаз оқымайтын адамға үйленуге болмайды, онымен жақын қарым-қатынас та жасамау керек, себебі Алланың әмірін орындамаған адамнан ұзақ болу керек.
Қазақстан үкіметі «тағут» оның шығарған заңдары күпірлікке негізделген және бұл ел кәпір мемлекет, себебі күні кешегі орын алған көтеріліс, тонау, ұрлық, тағы өзге қылмыстарды пайдаланып мұсылмандарды өлтірді деп айыптайды.
Бұлардың көсемдері мен уағызшылары өздері шет елдерде отырып, елде орын алып жатқан оқиғаны көздерімен көрместен кесіп үкім айтып елді арандатуда. Мұндай теріс діни ағымдардың қатарына көбіне діни білімі төмен азаматтар қосылып, солардың айтқандарына сеніп, соңында жақтасына айналады.
Қысқаша айтқанда, теріс пиғылды уағызшылар осындай айыптауларын ашық әлеуметтік желі арқылы өз жамағаттарына жаппай жеткізуде және мұндай діни уағызшыларды тыңдаушы жамағат та аз емес. Олар жоғарыдағы айтқандарымен өз жақтастарын әуелі сайлау жүйесі, сосын демократиялық басқару, президент, парламент, полиция, т.б елдің негізгі құрылымдарының барлығын жоққа шығарып, ақыр соңында өз елінен жиіркеніп кетуден басқа жол қалдырмайды.
Бұл мәселе әрбірімізді ойландыруы тиіс және теріс ағыммен күресте тізе қосып еңбектенуімізді талап ететіні сөзсіз. Егер әрбір адам біз жоғарыда айтып өткен талаптарды орындаса, ол жат ағымдардың таралуына тосқауыл қойып, жастарымызды өзге идеологияның сойылын соғып кетуіден сақтар еді.
Б.Өтеген
Түркістан облысы дін істері
басқармасының «Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы