Бірлік бар жерде – тірлік бар
Бірлік бар жерде – тірлік бар
08.10.2025
92
0

«Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қазақтың қанатты сөзі өте терең мағынаға ие. Бұл сөз халықтың ұлт ретінде өмір сүруі үшін бірліктің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Бірлік – қоғамды тұрақтылыққа, бейбітшілік пен дамуға жетелейтін күш. Тарихқа көз жүгіртсек, қандай да бір халықтың күшті болуы оның бірлігінде, ынтымақтастығында, бір мақсатқа бағытталған күш – жігерінде жатыр. Бүгінгі таңда да бұл сөз өз мәнін жоғалтқан емес. Бірлік – барлық нәрсенің жеңісі болып саналады.

Ғасырлар бойы жалғасқан еліміздің түсінігінде бірліктің маңызы ерекше. Дана халқымыз: «Бірлік болмай тірлік болмайды», «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», –  деп бірліктің байлықтан да жоғары тұратынын өсиет етіп кеткен. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Барлықтарың Алла Тағаланың дініне жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ, өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, оның игілігімен туысқа айналдыңдар. Оттан бір шұңқырдың ернеуінде едіңдер, сендерді одан құтқарды. Осылайша  Алла сендерге аяттарын тура жолға түсулерің үшін баян етеді» (Ал Имран 103). Міне, Алла Тағала осы аяттары арқылы Хақ дінде бекем болуға, сондай – ақ, қарсыласпай, бөлектенбей бірлікте болуға шақырады. Бұл сөздерден кейін Алла Тағала адам баласына берген нығметін еске түсіруге бұйырады. Оның сыры мұсылмандардың жүрегін қосу. Өйткені, Аллаға мойынсынған мұсылманның басқа кісіге зиян келтіруіне болмайды.                                      

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бейбітшілік пен қоғамдық келісім – баға жетпес байлығымыз. Біздің бірлігіміз бекем, мақсатымыз ортақ, рухымыз асқақ. Соның арқасында кез келген қиындықты жеңіп, дамудың даңғыл жолында келеміз», – деген сөзі әрбір рухы асқақ азаматқа демеу болары сөзсіз.                                                                                  

Қоғамдағы бірлік пен ынтымақтастық халықтың тұрақтылығының кепілі болып табылады. Бір-біріне сенім артып, бірге жұмыс істейтін адамдар барлық қиындықтарды жеңе алады. Қаншалықты көп адам өз мүдделерін бір мақсатқа жұмылдыра алса, соғұрлым қоғамның дамуы мен әл-ауқаты артады. Мысалы, тарихта өз бірлігін сақтай білген халықтар өздерінің дербестігін сақтап қалған. Егер халық арасында бөліну, келіспеушілік пайда болса, онда ол ішкі тұрақсыздыққа, сыртқы қатерлерге осалдыққа әкелуі мүмкін.

Алайда, бірлік тілде болғанымен жүректе болмаса, қоғамда жеміс бермейді. Себебі, жүрек – денемізде аса маңызға ие. Оның ісі шынайы, нақты болады әрі нәтиже береді. Демек,  бізге бірліктің ауыз жүзінде ғана болғанынан, жүректе болғаны аса маңызды. Сонда ғана қоғамда шынайы бірліктің көрінісі, нәтижесі болады. Абай атамыз да: «Бірлік –  ақылға бірлік, малға бірлік емес», –  дегенде осыны меңзесе керек.                                        

Бірліктің маңызы жастарға да түсіндірілуі тиіс. Олар қоғамның болашағы, елдің негізгі қозғаушы күші. Жастардың арасында ұлттық бірлік, өзара құрмет және ынтымақтастықты тәрбиелеу бүгінгі күннің басты міндеті болып табылады. Әсіресе жастарға еліміздің тарихын, мәдениетін және бірліктің маңызын түсіндіріп, оларды бір мақсатқа жұмылдыру өте маңызды. Әрбір жас азамат еліміздің дамуына үлес қосып, еліміздегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін өз міндетін адал орындауы қажет.

Қорытындылай келе, «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген сөз халқымыздың басты күшін, ұлттық болмысын сақтап қалудың негізі екенін айқындайды. Бірлік – елді қиындықтардан шығаруға, оны гүлдендіруге мүмкіндік береді. Бір-біріне деген сенім мен құрмет, ынтымақтастық пен ұлтаралық татулық – еліміздің болашағының кепілі. Біз әрқашан бірлігімізді сақтап, өзара түсіністікпен қоғамды нығайтуымыз керек. Тек осындай жағдайда ғана біз тұрақты, гүлденген және болашағы жарқын елге айналамыз.

 

Ә.Болат

 

Түркістан облысының дін істері басқармасы

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

 Мақтаарал, Жетісай ауданындағы бөлімінің маманы                

 

 

0 пікір