Білімсіз дін – адасудың бастауы
Білімсіз дін – адасудың бастауы
03.02.2026
324
0

 Дін – адам баласын жақсылыққа, әділетке, ізгілікке бастайтын рухани жүйе. Алайда дін біліммен ұштаспаса, ол өзінің асыл мақсатынан алыстап, керісінше адасудың, фанатизм мен қателіктің көзіне айналуы мүмкін. Сондықтан да «білімсіз дін – адасудың бастауы» деген тұжырым – өмір тәжірибесі мен тарих дәлелдеген шындық.

Ислам діні ең әуелі білімге үндеген дін. Құран Кәрімде түскен алғашқы аяттың өзі: «Оқы!» деп басталуы – білімнің діндегі орнын айқын көрсетеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Білім алу – әрбір мұсылманға парыз» деп, діни өмірдің негізі сауаттылықта екенін ескерткен. Демек, дін – соқыр сенім емес, саналы таңдау мен терең түсініске сүйенетін жол.

Дінді соқыр сеніммен ұстанудың ең үлкен қауіптілігі – аят пен хадисті контекстен жұлып алып, өз қалауынша түсіндіруде. Мұндай жағдайда адам ақиқатқа емес, өз қате түсінігіне құл болады. Нәтижесінде шектен шығу, өзгелерді кәпірге шығару, қатігездік пен төзімсіздік сияқты құбылыстар пайда болады. Бұлар – діннің емес, надандықтың жемісі.

Тарихқа көз жүгіртсек, діни сауатсыздықтан туған көптеген қайшылықтарды көреміз. Кейбір топтар өздерінің білімсіздігін «тақуалық» деп көрсетіп, ғылымды, ақылды, дәстүрді жоққа шығарған. Ал шын мәнінде исламда ақыл – жауапкершіліктің негізі, ал ғылым – Алланың жаратылысын танудың құралы.

Қазақ қоғамында да дін мен дәстүр қатар жүргенде ғана үйлесім болған. Ата-бабамыз дінді терең түсініп, оны ұлттық болмысымен сабақтастыра білді. Ал бүгінгі күні дінді үстірт, интернеттегі бейберекет ақпарат арқылы қабылдау – адасуға апаратын қауіпті жол.

Діни сауаттылық – адамды кемелдікке жетелейді. Ол сабырды, әділдікті, жауапкершілікті, қоғаммен тіл табысуды үйретеді. Ал білімсіз дін – эмоцияға, ашуға, бөлінуге негізделеді.

Білім – уақытпен, ізденіспен, сұрақ қою арқылы қалыптасады. Сондықтан білмегенді сұрау – кемшілік емес, керісінше саналы адамның белгісі. Ислам дінінде де сұрақ қою, үйренуге ұмтылу жоғары бағаланған.

Құран Кәрімнің: «ан-Нахл» сүресінің 43-аятында: «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» деген мағынадағы аят бар. Бұл – надандықта қалмаудың, қате түсінікке ермеудің айқын жолы көрсетілген ескерту. Демек, сұрамау – қателікке, ал сұрау – ақиқатқа бастайды.

Кей адамдар білмегенін сұрауға ұялады немесе оны әлсіздік санайды. Ал шын мәнінде, сұрақ қоймау – білімсіздікті мойындамау, ал бұл адасуға апаратын қауіпті жол.

Діни мәселеде білмей тұрып сөйлеу немесе амал ету – үлкен жауапкершілік. Өйткені білімсіз айтылған сөз адамды да, өзгені де жаңылдыруы мүмкін. Сондықтан исламда «білімсіз пәтуа бермеу» секілді қағидалар бекітілген.

Қазақ халқы да «Сұрай-сұрай Меккені табарсың» деп, сұрақ қоюдың маңызын ертеден білген. Ақылмен сұралған сұрақ – тәрбиенің, ал ізетпен алынған жауап – білімнің көрінісі. Білмегенді сұрау – ұят емес, ол рухани және интеллектуалдық өсуге бастайтын қадам. Ал сұрамай, өз білгенімен жүру – қателікке жетелейді. Сондықтан әрбір адам сенімді дереккөзге жүгініп, біліммен амал етуі тиіс.

Қорытындылай келе, дінді білімсіз ұстану – қауіпті. Ал біліммен ұстанылған дін – адамды да, қоғамды да түзейтін күш. Сондықтан әрбір мұсылман үшін дұрыс діни білім алу – уақыт талабы.

 

 Қ.Мырзабай 

                           

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің  бөлім маманы                                                           

 

 

0 пікір