Оқу мен тәрбие – егіз ұғым, оларды бір-бірінен бөле жарып қарауға болмайды. Әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі». Шыныда әлемде қаншама білімді, ақылды, гений адамдар бар болғанымен, білімін теріс мақсатта қолданып жүргенде жетерлік.
Тәрбиемен берілген білім – өлшеуі жоқ қазына. Парасатты, ізгі тәрбие және тәрбиенің кемелдігі неден басталмақ? Бұл ең әуелі баланың өз ата-анасын сыйлауы, иманды болып өсуі, жанашыр, адал, еңбекқор, кішіпейілділік секілді ізгі қасиеттерді бойға сіңіруі.
Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болған оттан (тозақтан) құтқарыңдар» деген (Тахрим, 6). Осы аяттағы құтқарудың мағынасын Әли ибн Әбу Тәліп (р.а.): «Оларға ғылым-білім үйретіп, әдепке баулыңдар», – деп түсіндірген.
Алланың Елшісі (с.а.с.): «Әкенің баланың алдындағы міндеті: жазу-сызуды, жүзуді және садақ атуды үйрету әрі жақсы етіп тәрбиелеу», – деген. Балаларды сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, махаббат нұрын жаудыру әр ата-ананың міндеті.
Тәрбиенің тағы бір шарты өскелең ұрпақты жастайынан аста-төк молшылыққа, үлде мен бүлдеге, жайлы, мамыражай тұрмысқа үйретпеу керек. Қарапайым тіршілікке, қанағатшылдыққа, еңбекке баулу керек. Өйткені шектен тыс рақат ортада өсу ұрпақтың әлжуаз, аурушаң немесе керенау-кердең болып шығуына апарып соқтырады. Бұл туралы дана Абай:
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын!
Ата-ананың есейген балаларын ерте жастан еңбек етуге үйретіп, өзінің құрдасындай көріп, кейбір мәселелерде ақылдасып, кеңесіп отырғаны жөн. Сол кезде ғана бала өз бетімен тірлік жасауға үйреніп, алда кездесетін қиындықтардан оңай жол таба алады. Халық нақылында «Алтыға дейін бала деп көр, алтыдан кейін құлыңдай көр, он алтыда досыңдай көр» деп айтуы сондықтан болу керек.
Ақын Көтеш Райымбекұлы:
«Ана тілін алмаған арам ұлды
Аузы түкті кәпірден кем демеңіз...
Ана тілін сыйлаған адал ұлды,
Хат оқыған ғалымнан кем демеңіз... деген екен.
Әрбір бала – тұлға, өзінше бір әлем, ал әр ұстаздың міндеті сол тұлғалықты көре білу, жүректеріне жол табу. Бүгінгі күнде барлық ұстаздардың алдындағы мақсат – жастардың өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін тұлға тәрбиелеу болып табылады.
Халықтың болашағы – ұрпағы, ұрпақтың тәрбиесі – ұстаздың қолында. Ал толыққанды азамат қалыптасу үшін – ақыл-ой тәрбиесі, имандылық, еңбек, эстетикалық, тілдік қатынас, дене тәрбиесі, сонымен қатар экологиялық, экономикалық, жыныстық, патриоттық тәрбие берілуі тиіс. Тәрбиенің қалыптасуы – ұстаз, бала, ата-ана еңбегімен байланысты екендігі айқын. Демек, бұлар береке-бірлікпен жұмыс істеп, бұзылмайтын, айнымайтын темір тәртіпке бас игенде ғана іс оң нәтиже таппақ.
Тәрбие мәселесін тек мектеп пен ұстаздар қауымының мойнына арта салумен іс бітпейді. Оның нәтижелі болуы ата-аналар мен қоғамдық ортаның тәрбие ісінен шет қалмай белсене араласуына, адам тәрбиелеудегі жауапкершілікті бірлесе қөтеріп, жұмыла істеуге тікелей байланысты. Ол жөнінде Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заң жобасында «Ата-аналар балалардың өмірі мен оқуы үшін олардың денсаулықтарын, рухани әрі дене қуатының қауіпсіз дамуын, адамгершілігі жағынан дұрыс қамтамасыз етуге міндетті» делінген.
«Жаста берген тәрбие – жас шыбықты игендей», деп Ыбырай Алтынсарыұлы айтқандай, халқымыздың сан ғасырлық тарихынан өзек тартатын рухани мұрасын ұрпақ бойына сіңіргенде ғана еліміздің жұлдызы жанып, әлемдік мәдениетке ұмтылары айқын.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында өскелең ұрпақтың тәрбиесін күшейтуді, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтар аясында келешек ұрпақтың санасын әділдікке, адалдыққа, еңбекқорлыққа баулуды тапсырған болатын. Терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет Жаңа Қазақстанның жастары айрықша түсінуге тиіс маңызды бағыт.
Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұрпағына азық болған ақыл-кеңес, өсиеттері, асыл мұрасы, ұлттық рух, ұлттық мақтаныш, намыс, ана тілі мен ұлттық мәдениетін қалыптастыру сезімін ояту – білім беру мекемелері, ата-ананың ғана емес, қоғамның, яғни баршамыздың парызымыз.
Ұлттық тәрбие қазір елімізде орын алып отырған көптеген мәселелерді: ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, «қиын» балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқаларды бірте-бірте жоюдың және олардың алдын алып, болдырмаудың негізгі жолы. Ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өседі. Сондықтан да ұлттық тәрбие – ел болашағының діңгегі десек те болады.
«Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиелеген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды», – дейді алаш қайраткері Мұстафа Шоқай. Сондықтан баланы ұлттық құндылықтарға баулудың маңызы зор.
А.Сейдуәлі
Түркістан облысы дін істері
басқармасының «Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы