Қай кезеңде болсын ғылым саласы мен білімнің дамуына қызмет ету кез келген мемлекет болашағына әсер ететін маңызды сатыдағы құбылыс. Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Бүгінгі мемлекет алдындағы басты міндеттердің бірі – білім беру жүйесін жаңарту болып отыр.
Адам баласы бұл өмірге келген соң өмірде қателеспей таңдауы керек жолдар бар. Бірі өмірлік аяулы жары, ал екінші жолының бірі – мамандық таңдау. Себебі білікті маман – қоғамның дамуына үлес қосатын қозғаушы күш. Әр мамандықтың заман сұранысына сай өзіндік орны болады. Сондықтан да мамандық таңдау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қарыштап дамып жатқан елдерге қызыға да, қызғана да қараймыз. Олардың жеткен жетістіктерін айтып, таңдай қағамыз. Ендеше, біздің елге де алға жылжыу үшін, даму үшін білікті мамандар мен үздіктер қатарында жүрген мамандықтардың шаңын қағу керек. Қабілетіне, бейімділігіне қарай мамандықты бала отбасындағы ата анасына еліктеп өсе келе мектепте білім алып жүре қалыптастырады. Оған бірінішіден, ата-анасының еңбек жолындағы мамандығы өнеге болса, кейбірі жүрек қалағанын таңдайды. Білім сөзі – бір мәселені жан-жақты, анық-қанығына дейін жіті түсіну деген мағынаны айшықтайтындай. Білім – ақылдылық пен парасаттылықтың белгісі. Ал білімсіздік мұның қайшы мағынасы. Ақылды адам ой-қабілетімен бірнәрсені түсінуге тырысады. Ал надан басындағы ақылын, бойындағы қабілетін дұрыс қолдана алмайды. Сондықтан, білімді адам – жарық шам секілді. Білімсіз надан – қараңғы түн сияқты.
Дінімізде де білімді үйреткен ұстазды да, білім алған шәкіртті де құрметтейді. Пағамбарымыз (с.а.с.) хадисінде:«Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз», - делінсе, тағы бір хадисінде: «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйрен», - деп насихат айта кеткен.
Адам баласы ғылым мен білімді дұрыс меңгеру үшін ішкі жан дүниесі мен санасын жетілдіре білуі тиіс. Өйткені тағылым негіздері адамзатқа ортақ қазына, сол рухани қазына жолында ғалымның халық игілігіне ортақ құндылыққа қол жеткізуі, оның жауапкершілігі арқылы ғана жүзеге аспақ. Сондықтан да Ислам дінінің ұрпаққа қояр талабы ғылымға дұрыс қызмет ету, сол арқылы қоғамға, ұрпақ мүддесіне қажетті игілікті істің негізін қалыптастыра, жолын сақтап отыру. Осы орайда пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.): «Ғалымдар – Алла Тағаланың алдындағы сенімді адамдар» дегені бар. Енді бір хадисте: «Ғалымдар – пайғамбарлар мирасқоры»,-деген. Тарихта ешқашан да Ислам мемлекеттерінде ғалымдардың еркін ойлауына кедергі болу, зерттеу мен жаңа нәрселерді ойлап табуларына тыйым салатын жайттар болған емес. Кез келген салада саңлақ болып өз бойындағы қабілеттерін қамтып, ілгері басса өзі үшін де, мемлекеті үшін де орасан зор үлес.
Қорыта айтқанда, сәт сайын дамып жатқан осынау жаһандану заманында кімнің асығы алшысынан түсерін анықтайтын шешуші факторлардың бірі – ғылым саласын дамыту екендігіне бүгінгі таңда анық көз жеткізіп отырмыз. Ол өз кезегінде бүгінгі қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бөлігі, еліміздегі стратегиялық маңызды ресурстар әрі мемлекет дамуының ауқымды міндеттерін іске асырудағы негізгі күш болып табылады. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, Білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік»,-деп хан Абылай айтқандай, төрткүл дүниемен тереземіз тең болуы үшін ғылым салаларын игеріп білімді һәм біліктілікті жоғарғы деңгейде дамыту заман талабы болып қала бермек. Адамдардың басқа жан иелерінен айырмашылығын айшықтайтын ол білімді де білікті маман. Өйткені, олардың оқытуымен адамдар адамдық дәрежеге жеткен. Білімнің шыңына нағыз шынайы ниеті бар, білімге ынтызар адам ғана жете алады. Сол себептен мыңды жығар білімді де білікті маман болып ел болашағына баршамыз кез келген салада үлес қосайық.
Ерсұлтан Ештай
Теолог маман
Білімді жас – білікті маман