Білім – шыңға жетелер шамшырағың
Білім – шыңға жетелер шамшырағың
25.02.2021
973
0

Кез-келген елдің, қоғамның дамуы ондағы ғылымның дамуымен тығыз байланысты. Ғылымға назар аудару және оны үйрену сол мемлекеттің болашағын айқындайды. Білім – ақылдың нұры. Ол адамдардың болмысты сезінуге, шындықты қабылдауға, рухани және материалдық әлемді түсінуге, олардың ойлауын қалыптастыруға шақырады. Ғылым – өмір шырағы. Ол адамдарды бақытқа жетелеп, надандық батпағынан жарыққа шығарады. Ғалымдар мен ғұламалар – қоғамның бетке ұстар тұлғалары. Адамның бүкіл өміріндегі мағыналы және байсалды өмірі алған білімімен байланысты. Білімсіз адам өз өмірін босқа өткізеді, сондай-ақ өз білімсіздігімен басқаларға зиян тигізеді. Айта кету керек, әлемдегі көптеген келеңсіздіктер, соғыстар мен қақтығыстар білімсіздіктен туындайды. Өздерін ғана «тура жолдамыз» деп санайтындардың әрекеттері қайғылы салдарға алып келетініне куә болып жүрміз. Дін атын жамылып, жастардың санасына өздерінің теріс идеяларын енгізуге тырысып жатқан және ислам дініне мүлдем жат идеяларды насихаттайтын күштердің жалған шақыруларына сенбеу үшін де білім қажет. Білімді адам шындық пен жалғанның айырмашылығына жүгінгендіктен, ақпарат ағынынан өзіне пайдалы нәрсені ала алады. Сонымен қатар, бұл білімсіздікпен күреседі.                                                                                       

Жасыратыны жоқ қазіргі таңда біліп, үйренуден бойларын алшақ ұстайтындар да жеткілікті. Атап айтар болсақ, дестуктивті діни ағым өкілдері «іздену адастыруға апарады» деген жаңсақ пікірде екені көпшілігімізге мәлім. Ислам дінін қолжаулық ретінде пайдаланып, аяттар мен хадистерді өз бетінше түсініп, өзінше түсіндіретін жат ағым өкілдерін білімсіздік құрбандары ретінде мысал келтіре аламыз. Шындығында, аяттар мен хадистерді түсіндіру үшін белгілі бір деңгейдегі білімнің болуы маңызды. Біреудің аузынан діни ақпаратты естігенде оны сөзсіз қабылдап, ұстаз  таңдауда қателесіп жүргендер жоқ емес. Ал мұндай адамдардан аулақ жүру үшін де сізге білім қажет. Дін атын жамылған жат ағым жақтастарының бұл ой-пікірлері қаншалықты шындыққа жанасады?  Ендігі кезекте осы сауалға жауап іздеп көрелік.                                                                                                     

Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Білім – ақыл мен парасаттың белгісі. Расында ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы білім алу және іздену. «Біз тек Құран және сүннет жолымен ғана жүреміз» деушілерге анық дәлел ретін қасиетті Құраннан үзінді келтіріп өтсек: «Білетіндер мен білмейтіндер тең ба? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!» - деген («Зумар» сүресі, 9-аят)Ал Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.): «Білім талап ету – әрбір мұсылманға парыз», - деген. Тал бесіктен жер бесікке дейін білімге ұмтылу адам баласы үшін күнделікті өмір салты болуы керек.                                                                                         

Қазақ даласында да көптеген ғалымдар, данышпан тұлғалар  шыққан, сол білімнен нәр алып, озық тәлім-тәрбие алған тұлғалардың бірегейі Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ыбырай Алтынсарин. Ғылым-білім жайлы дана халқымызда мақал-мәтелдері, ұлағатты сөздері жетерлік. «Білім инемен құдық қазғандай»-деп, оқып, үйренудің оңайға соқпайтынын да аңғартады.                                                                                                                      

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады» - деген ұлы ақын Абай сөзі барлық уақытта өз мәнін жойған емес. Озық ойлы білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне өз үлесін қосады. Жан-жақты терең білім беру мақсатында көптеген технологиялар ұсынылуда. Кез-келген пайдалы білім белгілі мөлшерде адамды дамытады. Келесі бір ретте Хәкім Абай:                                   

«Жасымда  ғылым  бар  деп  ескермедім,                                              

Пайдасын  көре  тұра  тексермедім» десе, Шәкәрім  адам  өмірін  үш  кезеңге  бөліп, оның сол Абай меңзеген ең қуатты жастық шағын ғылымға  арнауды  насихаттайды, сол тұстағы  албырт жігердің  бір  сағатын да бос өткізбеуге  шақырады. Шәкәрім сөзі «Жастық шақта үйренген ғылым - тасқа қашалған өрнектің үлгісі» екендігіне айқын дәлел болмақ. Шәкәрім өмір  сүрген  кезеңдегі  қоғамның  мәдени-экономикалық  жағдайын  ескерсек, ақынның  сондай  мешеу  ортада  отырып,  жас  адамға  бірден-бір  қажет  өнер  ретінде  ғылымды  ұсынуы  көрегендік. Ыбырай  Алтынсариннің  «Кел, балалар, оқылық!» деген өлеңі талай қазақ баласының көкірегін оятып, ғылым-білімге үндегені аян.                                                                                 

Біздің еліміз – ғылым ошағы, ғалымдардың Отаны. Ғылым мен ағартушылыққа деген құштарлық біздің халқымыздың ежелден қанына сіңген. Біздің ұлы бабаларымыз жоғары өркениеттік әлеуетімен әлемдік өркениетке үлес қосты. Әлемге әйгілі жаңалықтарымен ұлы ойшыл атанған –Әл-Фараби, Кемеңгер тұлға – адамзаттың Абайы, кешегі Ел бостандығы мен болашағы һәм білімді де білікті болуы үшін  үшін жандарын қиып берген Алаш арыстары келешек ұрпаққа өшпес үлгі болмақ.                         Шынында да, ғылымды үйренуші – бұл бәріне қажет және айналасындағыларға әрқашан пайда әкелетін адам. Алайда, ғылымға қызықпайтын бейқам адамның өзіне де, өзгеге де пайдасы жоқ. Егер осы даналықты біздің күнмен салыстырсақ, мазмұны айқындала түседі. Сонымен қатар, ғылым мен білімсіздік қарқынды дамыған заманда, білімсізік – артта қалуды білдіреді. Демек, заман ағымына ілесу үшін білім әлемінен тыс қалмау, артта қалушылыққа ұрынбау үшін білім алуға көп күш салу керек. Біздің елде білім алу үшін барлық жағдайлар жеткілікті. Біз бүкіл әлемді ғылым құпияларын жетік зерттеу жолында жүріп өткен, ғұмырын ғылымға арнаған ұлы ғалымдардың буыны екенімізді ұмытпауымыз керек. Біз ата-бабаларымызбен мақтанамыз, сонымен бірге өзімізге жүктелген жауапкершіліктің салмағын сезіну аса маңызды. Бос уақытты жоғалтпай өзіміз үшін жасалған кең мүмкіндіктерді пайдалану арқылы білім алуға ұмтылуы – уақыт талабы. Заманмен қатар өмір сүру, бүгінгі жаңалықтардан хабардар болу – заман ағымына ілесудің маңызды шарты. Шындығында, ғылым – бақытқа жетудің ең жақсы жолы. Біздің басты міндетіміз – өз елімізде біз үшін жасалған жағдайларды бағалап, болашақта халыққа қызмет етіп, халықтың мүддесін ойлайтын үйлесімді дамыған тұлға тәрбиелеу.          

«Білімдінің күні – жарық» - деп дана халқымыз бекер айтпаған. Әлемдік деңгейде кең қанат жайып келе жатқан ғаламдану үрдісінде әр халықтың өзіндік бет-бейнесін сақтап қалуы мен ұлттық ерекшеліктерді қазіргі өркениет талаптарына сай жетілдіру мәселесі зор маңызға ие болып отыр. Халықтың рухани құндылықтары ақпараттар ағымымен, жан-жақтан еніп жатқан жат түсініктер тасқынында жоғалып кетпеуі үшін жас ұрпақтың білімі жоғары болуы тиіс.

М.Салиходжаев

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы

0 пікір