Халқымызда «ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің, ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің» деген сөз бекерге айтылмаса керекті. Көп нәрсені уақытында аңғармай жатамыз. Тек болған істің салдары пайда болған кезде ғана «қап», «әттеген-ай», «бұлай болмағанда-ғой» ға салып жатамыз. Абайша айтқанда қолымды мезгілінен кеш сермедім. Бұл сөздердің астарынан оқырман қауым бейбіт басталған митингтің арты қанды қол қылмыскер, діни экстремистер мен террористердің салған лаңына байланысты айтылғанын бірден түсінер. Содырлардың салған сойқанының арты елімізге 100 млрд шығын мен жастары жиырмаға да толмаған жас өскін боздақтардың жалған дүниемен мәңгілікке қоштасуына алып келді. Құлыным-ау деп ботадай боздап, жылағанда етегі жасқа толған аналардың мұңды зарын есту қандай қасірет?! Жүректері қорғасыннан құйылғанба дерсің тіпті жауыздығы соншалық кішкентай сәбилерге дейін ажал оғын сеуіп өтті. Ал неше адамның қайтыс болғаны әзірге беймәлім. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдық ғұмырындағы ең үлкен қасірет. Еуразияның жүрегі атанған, бейбітшіліктің нышаны болған Қазақстан үшін бұл бір үлкен сынақ болды. Шын мәнінде мемлекеттік төңкеріс болды. Енді ғана қол жеткізген Елдігімізден, Тәуелсіздігімізден айырылып қала жаздадық. Елдің басына енді қайтып мұндай сұмдық келмесін, аналардың көз жасы тек қуанышқа ғана төгілсін деп тіледік.
Президенттің министрлер кабинетіне берген тапсырмалары мен алдағы күндерге жасаған реформалары жүзеге асып еліміз бай әрі қуатты болсын. Бірақ бұл реформалардың орындалуының бір тетігі халықта. Аққу, шортан, һәм шаян сияқтанып біріміз ойға, біріміз қырға тартқыланып, қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақтанып, жік-жікке, руға, жүзге бөлініп жатсақ елдігімізге қайтадан қатер төнбек. Әрбір қоғам мүшесі өзіне жауапкершілік арқалап, қоғамға, еліме, жеріме қандай пайда тигізе аламын деген сауалды қойып, халқына пайда тигізе алса өмірден өз орнын таба білгені. Хәкім Абай айтқандай «сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тапта бар қалан», деген қатаң қағиданы ұстанса елдің жыртығы жамалып, іргесі бүтінделмек. Осы тұста Шәкәрім атамыздың «Адамдық борышың» аттыөлеңін жазуды жөн көрдім.
Адамдық борышың –
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны бiл.
Талаптан да бiлiм мен өнер үйрен,
Бiлiмсiз,
Өнерсiз,
Болады ақыл тұл.
Мақтанға салынба
Мансаптың тағы үшiн.
Нәпсiңе билетпе
Басыңның бағы үшiн.
Өмiрiңдi сарп қыл өлгенiңше,
Жоба тап,
Жол көрсет,
Келешек қамы үшiн.
Қайтадан қайрылып
Қауымға келмейсiң.
Барыңды,
Нәрiңдi
Тiрлiкте бергейсiң.
Ғибрат алар артыңа iз қалдырсаң –
Шын бақыт‚
Осыны ұқ,
Мәңгiлiк өлмейсiң!
Президент Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кешегі күнгі сөзінде «жаңа дамыған Қазақстанды бірге құрайық» дегеніндей еліміздің қарқынды түрде даму жолында ұлт болып ұйысып, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып, жұдырықтай жұмылып ел үшін еңбек етіп, тер төгейік. Себебі қазақта «Хақтың разылығы халықпен» деген есті сөз бар. Осыны есте сақтайық. Қаралы күндер енді қайта болмасын, ел аман, жұрт тыныш болсын деп тілейік. Себебі қазақ бейбіт сүйгіш халық. Ендігі мақсатымыз айқын. Еліміз бейбіт болып, мамыражай күн кешейік.