Батар күннің атар таңы бар
Батар күннің атар таңы бар
25.07.2025
282
0

 

Адам баласының өмірі – толқын-толқын болып келетін сынақтар мен қуаныштардың, қиындықтар мен жеңілдіктердің алмасуынан тұрады. Бұл тіршіліктегі әрбір жан кейде өз бойындағы ауыртпалықтардан қажып, болашаққа деген сенімін жоғалтып алуы мүмкін. Бірақ дәл осындай сәтте қазақтың «Батар күннің атар таңы бар» деген терең мағыналы сөзі үміт отын қайта тұтатады. Бұл мақал адамның жанына жұбаныш, жүрегіне медет болатын сөздердің бірі. Ол кез келген қиындықтың мәңгі еместігін, әрбір қараңғы түннің артында жарық таңның шығатынын меңзейді.

Қиындықсыз өмір болмайды. Құран Кәрімде де: «Сондай-ақ, расында қиындықпен бірге жеңілдік бар» («Шарх» сүресі, 5-6 аят) деп екі мәрте қайталанады. Бұл – Жаратушының пенделеріне берген үміті, сабырына сыйы деп білеміз. Қиындық – адамның ерік-жігерін шыңдайтын, жүректі нығайтатын, иманын арттыратын мүмкіндік. Бірақ соған төтеп бере білгендер ғана жеңілдікке жететіні анық. Қиналған сәттерде үмітсіздікке бой алдырмай, «бұл да өтеді» деп сабыр қыла білсек, соңында қуанышқа кенелуіміз бек мүмкін.

Қазақ халқы бұрыннан қиыншылықпен күресе жүріп, қайсарлық таныта білген. Ашаршылық, соғыс, жоқшылық – бәрі тарихымызда болған. Бірақ ешбір кезеңде үміт үзілмегеніне тарих беттері куә. Ата-бабамыз «Бір Алла жар болар» деп, тіршілікке қайта кірісіп отырған. Себебі олар «Бүгінгі күн бұлтты болса да, ертең күн ашылады» деген сенімді серік еткен. Біз де қазіргі замандағы күйзелістерге, сынақтарға, тұрмыстық немесе рухани қиындықтарға сондай сеніммен қарауымыз керек.

Кейде адам жалғыз қалады. Қиналғанда қолдау таба алмай, жан дүниесі шаршап, ештеңе өзгермейтіндей көрінеді. Бірақ, дәл сондай сәтте кішкентай жақсылық пайда болады: жылы сөз, күтпеген көмек, немесе өз бойындағы төзімнің оянуы. Сол сәт – таңның атуы. Батар күн – қиындық, ал ататын таң – соған берілген Жаратқанның жеңілдігі.

Адам кейде іштей тозады. Сағат сайын ойы бөлініп, жүрегі қысылады. Бірақ дәл сол сәттер – сабырдың шыңдалатын тұсы. Себебі қиындық тек физикалық сынақ емес, ол – рухани дамудың да мүмкіндігі. Қиындыққа дұрыс қараған жан – ішкі әлемін тереңірек таниды, дұғасын күшейтеді, шынайы тәуекелге көшеді. Адамның ең көп дамитын кезеңі – дағдарыс уақыты. Өйткені қиындық – ізденуге, ойлануға, шешім қабылдауға мәжбүрлейді. Адамның ішкі ресурстары іске қосылып, бұрын байқалмаған қасиеттері ашылады. Бұл да – қиындықтың сыйы. Бұл мақалды өмірлік ұстаным етсек, бізді мойымауға, алға ұмтылуға, Жаратқанға сеніп, тағдырға тәуекел етуге шақырады.

Мотивация әрдайым сырттан келмейді. Ол іштегі үнде жасырынып жатыр. Кейде өз-өзіңе жай ғана: «Мен тірімін, дем алып тұрмын, бұл да мүмкіндік» деп айту – ең үлкен мотивацияға айналады. Бүгінгі күрес – ертеңгі күш.

Өмір мәңгі бір қалыпта тұрмайды. Күн сайын өзгеріп тұрады.  Адам өмірінде тек бақытты болып та өтпейді. Ғұмыры бақытты сәттерден құралады. Бақытты сәттеріңді бағалай білген жөн. Кейде қара бұлт үйірілгенімен, ар жағында жарқыраған күн күтіп тұрады. Тек сабыр етіп, жүректі үмітпен ұстай білу керек. Себебі шынымен, әрбір батар күннің артында бір атар таң міндетті түрде бар.

 

 М.Серікұлы

 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ – нің теолог маманы                                                

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір