Бата – қазақ халқының дінмен біте қайнасқан салт-дәстүрінің көрінісі. Ислам дінінде дұға арқылы медет тілесе, дәстүрімізде бата арқылы жақсы ниет, ықылас білдіріп дұға тілеген. «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас», «Баталы құлға бақ қонар», «Бота алғанша – бата ал» сынды мақал-мәтелдер батаның қандай құндылыққа ие екенін көрсетсе керек.
«Бата» сөзі қазіргі таңда көп жағдайда алғыс, тілек ретінде ғана қолданылатын болып жүр. Қазақ қоғамындағы көрінісін қарастыра отырып, «бата» ұғымының тек тілек немесе жүрекжарды сөздер ғана емес, оның қолдану аясы әлдеқайда кең әрі әмбебап дүние екенін аңғаруға болады. Бата беру қазақ халқында әртүрлі жағдайларда орындалып отырған.
Салт-дәстүрдегі белгілі бір рәсімдердің орындалуы кезінде, мысалы, қыз ұзату кезінде ұзатылып бара жатқан қызға үлкендер бата берген. Бата айту арқылы қызға рухани күш жігер беріп, бақыт тілеген. Барған жеріндегі қызға келін болудың қыр-сырын түсіндіретін болған.
Халық арасында атақты адамдардың батасын алу үлкен абырой әкелген. Қазақ халқы арасында кең таралған «пәленшеден бата алған» деген сөз осының айғағы. Мәселен, М.Әуезовтың «Абай жолындағы» Құнанбайдың баласы Абай үшін Ахмет Риза хазіреттен бата сұратқанын айтуға болады.
Кең пейілді қонақжай қазақ халқы дастархан басында да бата беруді ұмытпаған. Батаның бұл түрі көп жағдайда ас ішіліп болған соң айтылатын болған. Астан соң айтылған батада, үй егесінің қонақжайлылығы мен жомарттығына қатысты сын мен мадақ қамтылған. Егер дастархан иесіне батагөй риза болса, жақсы тілектермен бата берген. Ал, көңілі толмаса үй егесін өткір сөздермен сынап отырған.
Ел арасында туған даудың немесе мәселенің бәтуалы сөзіне дүйім жұрттың бәрі бірдей тоқталғанда дау тудырушылардың ісі дұрыс немесе бұрысын көрсетіп оң немесе теріс бата беріледі. Батагөйдің болар істі дұрыс көрмеген сәтте беретін теріс бата – ел ішіндегі дәстүрді бұзып, ата-салтын аттаған адамның іс-әрекетін құптамаған кезде ел үлкендерінің қолын сыртына жайып оған қарғау, қолдамау мәндегі сөз айтуы. Бұл, исламдағы фәтуаның бір істі құптамауымен сәйкес келеді. Оны әйгілі «Қыз Жібек» жырындағы Төлегенге берілген теріс батадан байқауға болады. Теріс бата беру арқылы Төлегеннің бастар ісі құпталмай тұрғаны анық.
Теріс бата да фәтуа сияқты халықты бір нәрседен тыюға бейім. Қазақ халқы теріс батадан сақ болған, өздерін жаман қылықтардан тыйып отырған. Бұл өз кезегінде қазақ қоғамында фәтуа мәселесі болмаған дегенді білдірмейді. Тек бата ғана қазақ қоғамын ерекшелеп, ауқымының әлдеқайда кең, әмбебап екенін көрсетеді.
Халықты тәрбиелеуде бұл екі ұғымның бірқатар ортақ ұқсастықтары бар. Бірақ бұл «фәтуа» мен «бата» ұғымдары бірдей дегенді білдірмейді. Фәтуа ол шариғаттың нақтыланған заңы, нормалары. Фәтуа – фиқһ негізіне сүйенген үкім. Қазақ қоғамындағы бата мазмұны алғыс пен қарғысты, тілек пен дұғаны да қамтиды. Осылайша, халықты бір нәрседен тыйып, бір нәрсеге бағыттап отыратын әмбебап ұғым. Ол тікелей батагөйлердің беделіне де байланысты халыққа әсер еткен. Батагөй қариялар ел арасындағы жақсы істің іске асуына рухани демеу болып, жаман істің алдын алып, құптамай халыққа бағыт-бағдар беріп, тәрбиелеп отырған. Фәтуаның да мақсаты – халықты тәрбиелеп, ненің дұрыс ненің бұрыс екенін ашып көрсету арқылы діндарларға бағыт бағдар беру. Екі ұғымның түйісер жері де осы.
Қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан бата беру дәстүрі тамаша сөз өнерінің де белгісі. Бата беру сұраушыға жақсы тілек тілеп, адал ниетті білдіру. Ақ бата адамға рухани қуат, күш сыйлайды.
Сондықтан қариялар да халық алдында беделін түсіріп алмауға, бата беруге лайық болуға тырысқан. Біздің елде бата беру дәстүрін жаңғырту мақсатында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының ұйымдастыруымен Астана қаласында Бас мешітте ақсақалдар арасында І республикалық бата беру байқауы өткен болатын. Байқауға облыс, қалаларда өткен іріктеу турында үздік деп танылған 20 ақсақал қатысты. Игі іс-шараның ашылу салтанатында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Халқымыз үшін бата беру – адам баласының сенімін нықтайтын мағыналы, рухани күш. Ата-бабаларымыз бұрыннан ақсақалдың батасын, алғысын алуды өзіне парыз санаған. Батаны көпті көрген қариялар ғана береді. Сондықтан қариялар да халық алдында беделін түсіріп алмауға, бата беруге лайық болуға тырысқан. Біз бата беру дәстүрімізді жаңғырту мақсатында осы іс-шараны республикалық деңгейде өткізіп отырмыз»,-деп кереметтей іс-шараны ашып берді. Байқау жеңімпаздары шариғат пен дәстүрге сай мағыналы бата беру, дауыс ырғағы, киім үлгісі, қосымша сұрақтарға жауап беру талаптары бойынша анықталды.
Қорыта айтқанда, бата сөзі – тамыры тереңде жатқан, тарау-тарау халық тарихымен тағдырлас, қиын уақыттың небір талқысына түссе де, елдің тұрмыс салтында тайға таңба басқандай айқын із қалдырған. Ақ бата – ұлтымыз үшін теңдесі жоқ асыл сөз. Ал, сөз – бүкіл адамзат тарихындағы құдіретті күш.
Түркістан облысы дін істері
басқармасының «Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы А.Сейдуәлі
Бата – рухани күш