Балаға көргені – тәрбие, естігені – білім
Балаға көргені – тәрбие, естігені – білім
24.12.2025
552
0

Отбасы – тәрбиенің бастауы. Бала тәрбиесінде ең негізгі орта – отбасы. Әке мен ана қандай болса, бала да солардың көлеңкесіндей қалыптасады. Мысалы, кітап оқитын ата-ана баласына да кітапқа деген сүйіспеншілік сіңіреді. Керісінше, ұялы телефонға телміріп отырған ата-ананың баласы да дәл сондай әрекетке үйреніп алады. Адам өмірінің іргетасы – балалық шақта қаланады. Бала тәрбиелеу – тек ақыл айту емес, ең алдымен үлгі көрсету. Себебі бала – таза парақ. Ол алдымен көргенін бойына сіңіреді, содан соң ғана естігенін ойланып қабылдайды. Халқымыздың «Балаға көргені – тәрбие, естігені – білім» деген сөзі осы өмірлік ақиқатты дәл суреттейді. Бұл сөздің астарында бала тәрбиесіне қатысты үлкен жауапкершілік, терең мән жатыр. Бала – айналасындағы әр іс-әрекетті, қимылды, сөзді сана сүзгісінен өткізбей қабылдайтын айна секілді. Сондықтан балаға не үйретеміз, не көрсетеміз – соның жемісін ертең қоғам көреді.                                                                          

Көру арқылы тәрбие сіңіру. Бала алғашқы тәрбиені отбасынан алады. Оның ең алғашқы мектебі – әке мен ананың қарым-қатынасы, іс-әрекеті, жүріс-тұрысы. Егер бала күн сайын ата-анасының бір-біріне деген сыйластығын, еңбекқорлығын, тәртіп пен мәдениетті көріп өссе, бұл оған табиғи түрде сіңеді. Керісінше, ұрыс-керіс, дөрекі сөз, немқұрайлылық – бала психикасына кері әсер етеді. Көп жағдайда ата-аналар баласына жақсы нәрсені үйреткісі келеді, бірақ өздері күнделікті өмірінде оған қайшы әрекет етеді. Мысалы, балаға өтірік айтпа деп тұрып, өздері телефон арқылы біреуге шындықты айтпай жатса, бала оны есте сақтап қалады. Өйткені бала айтқаннан гөрі, көргенін еріксіз қайталайды. Көрген тәрбие – баланың өмірлік бағыты. Балалар – еліктегіш. Олар үлкендер не істесе, соны қайталайды. Егер бала күн сайын әкесі мен анасының мейірімін, адалдығын, еңбекке деген жауапкершілігін, сыпайы мінез-құлқын көрсе, ол да сол мінезді бойына сіңіреді. Керісінше, бала жастайынан дау, ұрыс, тәртіпсіздікке куә болса, ол да соған бейім болады. Яғни тәрбие – сөзбен емес, іс арқылы беріледі. Ата-ана баласына қандай тұлғаны қалыптастырғысы келсе, сол бейнені алдымен өз бойынан көрсетуі керек. Өйткені бала үшін ата-ана – ең бірінші ұстаз, өмірлік бағдар.                               

Есту арқылы білім жинау. Бала айналасындағы ересектердің сөзін, үнін, әңгімесін де сіңіріп өседі. Бұл – білім мен тілдік қордың қалыптасуына тікелей әсер етеді. Жақсы сөз, көркем тілмен сөйлеу, әдеби кітап оқу – баланың ойын ұштап, тіліне байлық сыйлайды. Керісінше, бала боқтық, дөрекі сөз естіп өссе, тілі де, ойы да соған қарай бағытталады. Қазақта: «Сөзіне қарап – баласын, баласына қарап – анасын таны» дейді. Яғни баланың сөзі – ата-анасының, ортасының деңгейін көрсетеді. Тәрбие – көргенімен, білім – естігенімен қалыптасады. Балаға жақсы кітап оқу, дұрыс сөйлеу мәдениетін үйрету, сұрақтарына асықпай жауап беру – оның таным көкжиегін кеңейтеді. Баланың тілі мен ойы – естіген сөзімен байиды. Егер үйде әдеби тілде, көркем, ғибратты әңгіме айтылып тұрса – бала соған бейімделеді.                        Мектеп пен қоғамның рөлі. Мектеп – бала үшін екінші орта. Мұғалімнің әр ісі, сөйлеу мәнері, тіпті киім киісі мен жүріс-тұрысы – баланың зердесіне әсер етеді. Ал достары, көршілері, көрген ортасы – оның мінезін қалыптастырады. Сондықтан баланы тек отбасында емес, қоғамда да дұрыс тәрбиелеу – маңызды міндет.                                                     

Ортаның әсері. Баланы тек үйде емес, мектепте, көшеде, теледидар мен интернет арқылы да түрлі ақпараттар мен әсерлер қоршап тұрады. Сондықтан оның ортасын бақылау – өте маңызды. Досы қандай? Көруші бағдарламасы қандай? Қандай ойын ойнап жүр? – осының бәрі баланың естігені мен көргеніне айналып, оның болашақ болмысын қалыптастырады.      

Қорытындылай келе, бала – болашақтың иесі ғана емес, бүгінгі күннің бейнесі. Оны қалай тәрбиелесек, ертеңгі қоғамымыз да сондай болмақ. Сол себепті, үлкендер жағы балаға жақсы үлгі көрсетіп, дұрыс бағыт беруі тиіс. Көргені – мінезге, естігені – білімге айналады. Тәрбие көзін іздеген ата-ана алдымен өзіне қарап, үлгі бола білсе – бала да сол жолмен жүреді. Ұлт болашағы – саналы, білімді, тәрбиелі ұрпақтың қолында. Қоғам – ұрпақпен қалыптасады. Ал ұрпақ – тәрбие мен білімнің жемісі. Егер біз рухани бай, мәдениетті, білімді ұрпақ өсіреміз десек, әр баланың көзіне жақсы көрініс, құлағына жақсы сөз сіңіруіміз керек. «Көргені – жақсы тәрбиесі, естігені – білімі» болған ұрпақ – ұлттың тірегі.

 

М.Салиходжаев 

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                          

0 пікір