Балаға дінді қалай үйретуге болады ?
Балаға дінді қалай үйретуге болады ?
05.02.2020
1725
0

 

Адам өмірдегі ең бақытты, ештеңені түсінбейтін жаңа әлемнің әрбір бөлігін қызықтап, қызығатын кез - балалық шағы. Алайда, бұл бала үшін уайымсыз болғанымен, ата-анаға оның болашағы үшін тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін, үлкен қажыр-қайратты талап ететін кезең. Баланы ерте жастан дінге жақындату, оған Құдайды таныту қаншалықты дұрыс деген сауалдың кез келген ата-ананы алаңдатуы заңдылық.

Дін тек ғибадат, құлшылықтардан тұрмайды, балаға дұрыс тәрбие беру - дінді үйретудің алғашқы қадамы болып табылады. Дін адамды тәртіпке үйретеді, Құдайға сену қоркыныш сезімін оятып, жаман қылықтардан алыс болуға дағдыландырады.Себебі, діннің келуіменен адамды қараңғылық пен білімсіздіктен жарыққа шығарып, зиян мен пайданың аражігін ажыратып берген. Оның барлығы үйрету, тәрбиелеу болып табылады. Оған Құранның мына аяты дәлел болады: «Іштеріңе өздеріңнен аяттарымды оқитын, сендерді тазартатын және сендерге Құранды әрі үкімдерін үйрететін Елші жібергеніміз сияқты ...»[1]. Перзент - Жаратушының адам баласына берген ең ұлы нығметі. Оны тек бір Алла ғана беретіндіктен, біз үшін ең маңыздысы - баланың тәрбиесі, салиқалы болып өсуі, яғни, Құдайды тануы. Ғұламаларымыз баланың тәрбиесі ол дүниеге келмей тұрып басталады дейді. Сол үшін Құран аяттарында кездесетін Зәкәрия, Ибраһим пайғамбарлардың Алладан салиқалы ұрпақ сұрап жасаған дұғалары - бізге ең көркем үлгі. Ибраһим пайғамбардың дұғасын былай деп сипаттайды: «Раббым, маған ізгі, жақсысынан бер (сыйла)»[2]. Ата-бабамыз да ұрпағына көргенді жердің қызын алуды үгіттеп былай деген:

Жал-құйрығы қаба деп,

Жабыдан айғыр салмаңыз.

Отбасы – тәрбие бесігі

Қалыңмалы арзан деп,

Жаманнан қатын алмаңыз.

Айтқанымды тексермей,

Алды-артыңды тектемей,

Жабыдан айғыр салсаңыз,

Жауға мінер ат тумас.

Ақылымды ескермей,

Жаманнан қатын алсаңыз,

Топқа түсер ұл тумас...

Жаманнан – жақсы туса да,

Жақсыдан – жаман туса да,

Тартпай қоймас негізге. (Бұқар жырау)

Ал енді бала өмірге келгеннен кейінгі бір міндетіміз - балаға жақсы есім қою. Мәселен, біздің бабаларымыз балаларына ұлы тұлғалардың, пайғамбарлардың, сахабалардың есімін берген. Өйткені, балаға қойылған есім оның болашағына, тағдырына әсерін тигізеді және әркім қиямет күні азан шақырылып қойған есімдерімен шақырылады. Хадисте бұл жайлы «Сендер қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Олай болса балаға әдемі есім қойыңдар»[3], - делінген. Ең абзал есімдердің санатында Абдулла (Алланың құлы) және Абдуррахман (Рахманның құлы) деген қос есімді жатқызған пайғамбарымыз мұсылмандықты қабылдаған кей кісілердің нашар аттарын мәнді әрі жағымды есімдерге өзгерткен. Сондықтан мұсылман ғұламалары адамға қойылған аттың кейінгі өмірге әсері болатынына сенген. Халқымыз да осы себепті нәрестеге ат қойғанда «атына заты сай болсын» деген тілектерін білдірген.

Тілі шыға бастағанда оған ең алдымен кәлиманы үйретіп, Құраннан қысқа сүрелерді жаттату керек. Бәрімізді жаратқан бір Құдайды танытуымыз керек. Пайғамбардың үмбеті екенін айтып, дінін үйретуіміз керек. Сонымен қатар балаға жақсы тәрбие беру үшін ата-ананың өзі иманды, салиқалы болуы керек. Өйткені, дінді үйрету - тек қана ғибадатты үйретумен, намазды былай оқу керек, оразаны осылай ұстау керек деп үйретумен шектелмейді. Десе де бұл құлшылықтарды үйрету - Исмайыл пайғамбардың жолы еді. Ол туралы Құран кәрімде былай айтылады: «Ол (Исмайыл) отбасына намаз оқу мен зекет беруді бұйыратын еді»[4]. Намаз бен зекетке бұйыру – тәрбие беруде маңызды орын алады. Өйткені, дене, киім мен үй тазалығына мән беруге себеп болуымен қатар, арсыздық пен жамандықтан тыйып, адамның жасаған күнә-қателіктерінен арылтады. Ал зекет пен садақа беру – кәсіптен түскен пайданы тазартып, адал еңбек етуге жол бастайды. Асыл дініміздің құлшылықтан басқа да бұйырған амал-қарекеті көп. Мәселен, ата-ананы сыйлау, оларға қарсы келмеу, қарсы сөйлемеу, көршімен, ағайын-туыспен жақсы қарым-қатынаста болу, кез келген ортада өзін әдепті ұстау, ақшаны адал табу және шариғат харам(тыйым салу) деп таныған біреудің ақысын жеу, өтірік айту, зина, арақ, құмар ойын және басқа да зиянды әрекеттерден аулақ болуды балаға үйрету керек.

Қазақ халқы бала тәрбиесіне үлкен мән беріп, оған ерекше көңіл бөлген. Себебі, ол баланы отбасының және өмірдің жалғасы мен болашағы деп санаған. Халқымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпы, ертегі-аңыздары, мақал-мәтелдері, жыр-термелері, ойын-сауығы, жұмбақтары мен жаңылтпаштары барлығында да тәрбиеге ерекше мән бергенін аңғаруға болады. Мысалы, баласына бесігінде жатқанында-ақ:      

Тәтті айтқанда бал тамған,

Ащы айтқанда қан тамған.

Ақын болар ма екенсің?

Не болмаса жүректі,

Күш, қайратты, білекті,

Кемшілікке көнбейтін,

Батыр болар ма екенсің? - деп, кішкене періштені елге тұтқа болар зор азамат болуға баулыған. Даналардан қалған «Бір бала бар – атадан өте туады, бір бала бар - атаға жете туады, бір бала бар – атадан кері кете туады» сынды нақыл сөздер - осы сөзіміздің айғағы. Бұл ретте имандылық тәрбиесінің алар орны зор. Сонымен қатар, сегіз қырлы жігіттік кемелдігін білдіретін сегіз қырлылықтың бірі - сауаттылық, оның ішінде діни білім алу еді. Жастарға ғылым-білімнің маңызын талай ақындар жырлап кеткен. Соның бірі Мәшһүр-Жүсіп Көпеев былай дейді:

Шығады «асыл – тастан, өнер – жастан»,

Тәрбие тәуір болса әуел бастан.

Мысалы ғылым таппақ сол секілді,

Бұлақтың бітіп жатқан көзін ашқан.

Жігітке талаптанған жүз мың рахмет,

Әрқайда сен білгенің ырзық шашқан.

Адам баласы Алланың қалауын орындайды, баласы мен туысын өзіне жақын көріп тура жолға салуды қалағанымен, оның шама-шарқындағы іс емес. Жаратушы кімді қаласа тура жолға салады. Құрандағы Нұх пайғамбардың баласымен болған оқиға былай баяндалады: «Ол кеме оларды таулардай толқында алып жүрді. Нұх (алейхис сәләм) айырылуда болған ұлына: «Әй, балақайым! Бізбен бірге кемеге отыр, қарсы болушылардан болма!», - деп дыбыстады. Ұлы: «Мені судан сақтайтын тауға паналаймын», - деді. Әкесі: «Бүгін Алланың әмірімен сақтаушы жоқ. Бірақ біреуге кешірім етсе басқа», - дегенде, екеуінің арасына толқын түсіп ұлы суға батқандардан болды»[5].Алайда жоғарыда айтылғандарды жүзеге асырған ата-ананың ең әуеліндегі дұға-тілектері қабыл етіліп, бала тәрбиесінде және оған дінді үйретуде Жаратушы қалауымен оң нәтижеге қол жеткізен болады.

 

 «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

бөлімінің маманы     А.Жилкишиев

 


[1] Бақара сүресі, 151-аят

[2] Саффат сүресі, 100-аят

[3] Әбу Дәуіт, әдеп, 70 б.

[4] Мәриям сүресі, 55-аят

[5] Худ сүресі, 42,43-аяттар

 

0 пікір