Балаға айтылған сөз – болашағына бағыт
Балаға айтылған сөз – болашағына бағыт
27.06.2025
202
0

Бала – өмірге енді келген, таза парақтай пәк жан. Ол өмірді көріп, тани бастаған сәттен бастап үлкендердің іс-әрекетін, айтқан сөзін, жүріс-тұрысын бойына сіңіре береді. Яғни баланың айналасындағы орта оның болмысын қалыптастырады. Бұл жерде әсіресе ата-ананың, ата-әженің, ұстаздың және жақын ортаның рөлі өте зор.

Әрбір ата-ананың, тәрбиешінің, үлкеннің аузынан шыққан сөз – баланың санасына тұнып, жүрегінде сақталады. Себебі бала – тыңдаушы ғана емес, естігенін бойына сіңіріп, сонымен өсетін болашақтың иесі. Балаға бағытталған әрбір сөз – оның ертеңгі болмысын қалыптастыратын құрал. Сол себепті баламен сөйлесуде, оған тілек айтуда, ұрысу мен мақтауда да сөздің мән-мағынасына ерекше көңіл бөлу қажет.   

Психологтар бала тәрбиесінде жағымды сөздердің көп айтылуын ұсынады. «Жарайсың», «Сен мықтысың», «Саған сенемін» сияқты сөздер баланың психологиялық жай-күйіне жақсы әсер етеді. Тіпті ата-ана кейде қателік көрсе де, оны ашық жекіп емес, жұмсақ жеткізсе, бала оны жүрекпен түсінеді.

Қазақ халқы бала тәрбиесіне ерте кезден-ақ ерекше көңіл бөліп келген. Баланың тәрбиесі бесіктен басталады деп есептеген. Анасы бесік жырын айтып, нәрестенің құлағына алғаш болып мейірімді, жылы сөздерді сіңірген. Бұл – тәрбиенің бастауы. 

Ата-әжелеріміз балаларға ертегі айтып, батырлар жырын оқып, ұлдарына батырлық, қыздарына ибалық қасиетті үйретіп отырған. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген нақыл – осыны дәлелдейді. 

Бұлардың барлығы баланың сөзі мен ісін қалыптастыруда жылы сөздің, жақсы үлгінің, мағыналы тәрбиенің маңызын көрсетеді. 

Қазір заман басқа. Балалар теледидар, телефон, интернет арқылы түрлі ақпаратты тез қабылдайды. Осы кезде үлкендердің рөлі тіптен маңызды. Себебі бала ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алмайды. Егер ата-ана баласымен ашық сөйлесіп, жақсы сөздер айтып, сенім артса, бала да өзін бағалайтын, сенімді тұлға болып өседі. 

Ал керісінше, «Сенен ештеңе шықпайды», «Қолыңнан түк келмейді» деген сөздер баланың сенімін сындырып, өмір бойы өзіне деген күмәнмен өмір сүруіне себеп болады. 

Қазақ халқында: «Жақсы сөз – жан азығы» деген мақал бар. Осы бір нақылдың астарында тұтас ұрпақ тәрбиесі жатыр. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда кейбір ата-аналар баланы қолдау мен шабыттандырудың орнына, оны қорқытып, кемсіту арқылы тәрбиелегісі келеді. Мұндай әрекеттер бала бойында түрлі психологиялық кедергілер тудырып, өміріне кері әсерін тигізеді. 

Бала – қағаз бетіне жаңа түскен алғашқы әріп сияқты. Ол не үйренсе, соны өмір бойы есте сақтайды. Сондықтан балаға айтқан әрбір сөзіміз, жасаған ісіміз – оның болашағына бағыт беретін бағдаршам болуы тиіс. 

Балаға жылы сөйлеу, сенім арту, дұрыс бағыт беру – біздің ата-бабамыздан келе жатқан аманат. Осы аманатты ұмытпай, қазіргі заманда да баланың болашағы үшін сөзімізді дұрыс қолданайық. Себебі сөз – тәрбие, ал тәрбие – ұлттың іргетасы.

Әрбір ата-ана, ұстаз, ересек адам балаға бағытталған сөздің жауапкершілігін сезінуі қажет. Себебі бүгін айтқан сөзің ертең сол баланың өмірлік ұстанымына айналуы мүмкін. 

Қорытындылай келе, балаға айтылған сөз – жай ғана сөйлем емес. Ол – бағыт. Болашаққа салынған жол. Сол жол дұрыс болсын десек, сөзіміз де дұрыс, жылы, жігерлендіруші болсын.

 

 Қ.Молдабек

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог  маманы                                                                             

0 пікір